Тікелей эфир

Ағзада су мөлшері жеткіліксіз не артық екенін қандай белгілерден байқаймыз?

"Тәулігіне 2 литр су ішу керек деген кеңеске сенбеңіз, артық судың да ағзаға зияны бар" дейді дәрігерлер.

Адам ағзасында су жеткілікті мөл­шерде болса, ми, жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек қалыпты жұ­мыс істейді. Ал су жетіспесе, буын шеміршектері ­құрғап, сырқат­қа әкеледі. Қан қысымы көтеріліп, ас қорыту жүйесі бұзылады, ми­дың жұмысы мен есте сақтау қабі­леті нашарлайды. Көптеген ауру түрлеріне шалдығу адам бойында судың жеткіліксіздігі салдарынан болады. 

Су тапшылығын қалай білуге болады?

Су тапшылығын тексеру үшін қолыңыздың терісін шымшып көріңіз, егер теріңіз бірден қалпына келмесе, ағзаңызға су жетпейді деген сөз. Су жетпеген кезде коллаген жұмысы баяулап, тері құрылымы өзгере бастайды.

Су жеткіліксіз болса:

  • жүйке импульстарының берілу тиімділігі баяулайды. Тиісінше, жүйке талшықтары құрғайды. Сондықтан, есте сақтау қабілеті төмендейді, шешім қабылдау жылдамдығы бәсеңдеп, ойлау қабілеті нашарлайды. Осындай белгілердің бірін байқасаңыз, дереу су ішіңіз.
  • тәттіге құмарлық артады. Сұйықтық тапшы болғанда бауыр мен ағзада жиналған гликоген тез жұмсала бастайды, сондықтан ағзаға метаболизмді қалыпты деңгейде ұстау үшін глюкозаның көп мөлшері қажет болады. Егер тәтті нәрсе жегіңіз келіп тұрса, алдымен бір шыны су ішін алыңыз.
  • сілекейдің бөлінуі азаяды. Бактериялар көбейіп, жағымсыз иіс шыға бастайды.

Оқи отырыңыз: Күніне қанша құрма жеу қажет? Дәрігер кеңесі


Суды дене салмағына сәйкес мөлшерлеп ішкен дұрыс

"Тәулігіне 2 литр су ішу керек" дегенді ұмытқан жөн. Адамның салмағына, физикалық белсенділігіне және өмір сүру салтына қарай, әр адамның нормасы түрліше болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамға қажетті судың мөлшерін есептеп, бір келі салмаққа 30 мл судан кететінін анықтаған. Мысалы, салмағы 50 келі тартатын адам 1,5 литр су ішуі керек.

Ұйқыдан оянғаннан кейін бір шыныаяқ су ішкен дұрыс. Содан соң, тамақ ішер алдында 20-30 минут бұрын немес тамақтанғаннан кейін 3 сағаттан кейін су ішуге кеңес етілген. Денсаулықты жақсарту үшін шай, кофе, сүт, айран емес, тек қана таза суды пайдалану керек. Шөлдесеңіз, шыдап тұрудың қажеті жоқ, бірден су ішіңіз.

Судың зияны да бар

Ағзада судың мөлшері тым көп болса, ол жүрек және бүйрекке жүктемені екі есе арттырады.

Тым ыстық су ішу асқазанда ойық жара немесе панкреатиттің басталуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, суық суды ішу де зиянды, өйткені ол асқазан мен ішкі құрылысты салқындаып, біраз уақыттан кейін ауруларға әкелуі мүмкін. Ауа райы ыстық болғанның өзінде, жылы сұйықтық ішуге кеңес беріледі.

Ағзада артық су бар ма?

Оны білудің еш қиындығы жоқ. Егер күн сайын денеңіз домбығып, аяқ ісіне берсе, бұл ағзада артық судың барын білдіреді. Мұндай жағдайда дене ісініп қана қоймай, артық салмақ жиналады.

Ағзаға артық су жиналуының себептері: 

  • физикалық белсенділіктің аздығы;
  • дұрыс тамақтанбау;
  • гормондық өзгерістер;
  • суды аз ішу;
  • тұздалған тағамды көп ішіп-жеу;
  • ағзаға зиянды әдеттер және тағы басқа.

Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?


Артық суды шығару жолдары қандай?

Кофе мен шайдың құрамында табиғи несеп айдайтын кофеин бар. Қант қосылмаған бір шыны шай немесе кофе ағзадағы артық сұйықтықты сыртқа екі есе тез шығарады.

Артық сұйықтықты сыртқа шығарудың тағы бір ерекше тәсілі – жуылмаған күрішті пайдалану. Қара немесе қоңырқай түсті күріш ағзаны шлактардан тазартып, сұйықтықты айдайды. Тек күрішті дайындау барысында тұз қоспау қажет.

Шөптерден дайындалған тұнбалар да артық сұйықтықты айдайтын қасиетке ие. Мысалы, қайың жапырағы, аскөк дәні, итбүлдірген, аюқұлақтарды пайдалануға болады.

Ағзадан артық сұйықтықты шығаруға моншаға түсу де жақсы көмектеседі.

Ал үй жағдайында ас содасымен немесе тұзбен ванна қабылдаған жөн. Мұндай ваннаны 10 минут қабылдағаннан кейін 40-50 минут көрпеге оранып жатса, артық сұйықтық термен шығып кетеді. Сондай-ақ, ваннаның әсері ертеңіне таңғы уақытта да, кешкілік мезгілде де байқалып, салмағыңыздың азайғанын сезесіз.

Ағзаға сұйықтықтың жиналғанын қаламасаңыз, кешкі тағамды, шөлді басар таза суды ұйқыға жатардан 2-3 сағат бұрын ішкен жөн. Ал ұйықтарда бір шыныаяқ майсыз айран ішіп жатуға болады. 

Серіктестер жаңалықтары