Тікелей эфир

Банктен қарыз алмас бұрын нені білген жөн? Несиеге қатысты 15 сұраққа жауап

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстанда 58,8 млн несие шарты жасалған.

Банктен несие алмас бұрын неге назар аударған жөн? Банктің қарыз шартын неліктен мұқият оқып шығу керек? Жадынамада не жазылады? Несие тарихы қанша уақытқа сақталады және оны өзгертуге бола ма? Төлемді кешіктірсеңіз неліктен бірден банкке жүгіну керек? Бөгде адам сіздің атыңыздан несие ресімдесе, алаяқтарға алданып қалсаңыз нені білген жөн?

Несиеге қатысты маңызды сұрақтарға Informburo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөліскен пайдалы кеңестерді негізге ала отырып несиеге қатысты маңызды сұрақтарға жауап береді.

Қарыз шартын жасағанға дейін жадынама беріледі

2020 жылдан бастап банктің қарызы туралы шарт жасау тәртібі біршама өзгеріске ұшырап, қосымша талаптар енгізілді. Енді қарыз алушыға банк қарызы туралы шарт жасағанға дейін жадынама беріледі. Одан қарыз алушы банктердің ұсыныстарын бір-бірімен салыстырып, қарыз талаптары мен қарыз алушының жауапкершілігі туралы толық ақпарат біле алады.

Банк қарызы шартына титул парағы қоса берілуі тиіс. Оның форматы барлық банктер үшін бірдей. Титул парағы қарыз туралы негізгі ақпаратты қамтуы тиіс. Ол шарттың 1-ші және 2-беттерінде жазылған. Шарттың мәтіні титул парағынан кейін жазылады. Қарыз шарттары өзгерген жағдайда, банк қарыз алушыға жаңа титул парағын беруге міндетті.

Осылайша, қарыз алушы өзі ресімдеуге шешім қабылдаған несиенің негізгі талаптары туралы толық ақпаратты банктің қарыз шартын жасауға дейін алуы тиіс.

Қарыз алушыларға арналған жадынамада келесі мәлімет көрсетіледі:

  • қарыз сомасы және валютасы;
  • қарыздың мерзімі;
  • төлемдер саны;
  • сыйақы мөлшерлеме түрі (тіркелген немесе өзгермелі), жылдық пайызбен не тіркелген сомада сыйақы мөлшері;
  • сыйақы мөлшерлемесінің шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі көлемі;
  • қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің атауы мен мөлшері;
  • жалпы өтеу сомасы;
  • сыйақының жиынтық сомасы;
  • негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері;
  • банк қарызы шартының талаптарына сәйкес айыппұлдардың, өсімпұлдардың өзге де түрлері (оның ішінде қарызды мақсатсыз пайдаланғаны, сақтандыру шарттарын уақтылы ресімдемегені үшін және т. б.);
  • сақтандыру шартын жасасу қажеттілігі және оны ұзарту мерзімдері;
  • банктің байланыс деректері (телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы, банк сайтының мекенжайы).
Заң бойынша шарт жобасымен танысуға құқығыңыз бар, сондықтан оқып шығу үшін қосымша уақыт талап етіңіз. Сұрақтар қоюға қысылмаңыз. Менеджер жан-жақты ақпарат беріп, кредит бойынша пайыздарды есептеп, қарызды өтеу кестесін және ықтимал тәуекелдерді түсіндіруі тиіс.
Жадынамада көрсетілген қарызды ұсыну шартымен танысып, боны басқа банктердің қарыз шартымен салыстыруға болады. Түпкілікті талаптар шартта көрсетіледі. Сондықтан шартқа қол қою кезінде оны қайтадан мұқият оқып шығу қажет. Банктің қарыз шартына қол қоя отырып, қарыз алушы оның талаптарымен, оның ішінде банктің мерзімі өткен берешекті өндіріп алу жөніндегі әрекеттерімен автоматты түрде келіседі.

№1. Несие алмас бұрын нені білген жөн?

Алдымен қарызды қандай мақсатта жұмсайтыныңызды шешіп алыңыз. Несие алмас бұрын өзіңізден "кенеттен ауырып қалсам не жұмысымнан айырылсам кредитті төлей аламын ба?" деп сұраңыз. Тек тұрақты табыс көзіне сүйеніңіз. Лотерея ұтысына немесе жұмыста беріп қалуы мүмкін сыйлықақыға сеніп қалмаңыз. Кредиттік міндеттемелеріңіз бойынша ай сайынғы төлем табысыңыздың 50%-ынан аспағаны дұрыс.

№2. Несие тарихын қалай тексеруге болады?

Қарыз алу туралы нақты шешім қабылдасаңыз, онда оны ресімдемес бұрын міндетті түрде кредиттік тарихыңызды тексеріңіз. Қарыз алушылар қаржы алаяқтарының құрбаны болып, олардың атынан бөтен қарыздар ресімделген жағдайлар да кездесіп жатады. Сондықтан кредит тарихын тексеріп отыру керек. Дербес кредиттік есепті Мемлекеттік кредиттік бюродан және Бірінші кредиттік бюродан, "Қазпошта" бөлімшесінен, сондай-ақ egov.kz порталы арқылы біле аласыз.

№3. Банктер қарыз бергенде неге сүйенеді?

Қарыз беру туралы шешім қабылдау алдында банктер әлеуетті қарыз алушының кредитті төлеу қабілетін, қаражат тұрақтылығын анықтау үшін қаржы жағдайын бағалайды. Банктер үшін ресми кіріс пен соңғы алты ай ішінде зейнетақы аударымдарының болуы, қарыз алушыны, кепіл мүлкін және т.б. тексеру нәтижесінде анықталған басқа да теріс ақпараттың болмауы маңызды. Банктер клиенттің борыш жүктемесін есептейді. Егер клиенттің жалпы кірісі борыш жүктемесін ескере отырып, несиені төлеу үшін жеткізілсіз болса, скорингтің автоматтандырылған жүйесі несие беруден бас тартады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда несиесін төлей алмай отырғандардың саны 1 миллион 102 мыңға жетті

№4. Несие тарихы қанша уақыт сақталады?

"ҚР несие бюролары және несие тарихын қалыптастыру туралы" Заңға сәйкес несие бюросы кредит тарихының субъектісіне қатысты ол туралы соңғы ақпаратты алған күннен кейін 10 жыл бойы ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді. Қарыз алушылардың несие тарихын жоюға жол берілмейді.

№5. Шарт талаптарын орындамаса не болады?

Банктен қарыз алған адам өзіне қаржы міндеттемелерін алады. Қарызды қайтару мерзімін кешіктірсе банк өндіріп алу қызметін бастауға құқылы. Әдетте, шартта банк шотыңызда бар немесе қайта түсетін қаражатты банктің даусыз тәртіппен өндіріп алу құқығы туралы көрсетіледі. Банк:

  • сотқа борыш сомасын өндіріп алу туралы талап арызбен жүгіне алады;
  • өндіріп алуды соттан тыс немесе сот тәртібімен кепілге айналдыра алады;
  • берешекті сотқа дейінгі реттеуге және коллекторлық агенттікке реттеуге бере алады;
  • банктің қарыз шарты бойынша талап ету құқығын үшінші тұлғаға бере алады немесе қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа шаралар қолдана алады.

№6. Төлем мерзімі өтіп кетсе не істеу керек?

Кредитормен "тығылмақ" ойнауға болмайды. Егер кезекті төлемнің мерзімі өтіп кетсе және төлемнің мерзімі әртүрлі себеп бойынша жылжытылса, онда үрейге беріліп, банктен жасырып қалуға болмайды. Банк өсімпұлдар, айыппұлдар есептеуді бастайды және борышкерге қарсы сот процесін іске қосады. Сол үшін ең бірінші кезекте банкке өтініш жазу керек. "ҚР банктер және банк қызметі туралы" Заңына сәйкес міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыз алушы банкке жазбаша өтініш ұсынуға құқылы. Ол өтініште шарттың талаптарын өзгерту туралы ұсыныс енгізеді, сондай-ақ оның өтінішін негіздейтін мерзім өтуінің себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар туралы мәліметтер қамтылған ақпарат ұсынады.

Оқи отырыңыз: Несие алудың тиімді жолдары немесе банкке алданбау үшін нені білу керек

№7. Төлемді кешіктірген қарыз алушы банкке не ұсына алады?

Қарыз алушы банкке:

  • сыйақы мөлшерлемесін азайтуға;

  • қарыз валютасын өзгертуге;

  • негізгі борыш, сыйақы бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға;

  • берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгертуге;

  • шарттың қолданылу мерзімін өзгертуге;

  • мерзімі өткен негізгі борышты, сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының күшін жоюға байланысты ұсыныстар береді.

Банк өтінішті алған күннен кейін 15 күн ішінде ұсынысты қарайды және қарыз алушыға:

  • ұсыныстармен келісетіні;

  • талаптарды өзгерту бойынша өзінің ұсыныстары;

  • талаптарды өзгертуден бас тарту және осындай бас тартудың себептері туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

№8. Банкке өтініш жасау қандай нәтиже береді?

Банкке уақтылы жүгіну қарыз алушының оң кредиттік тарихын сақтауға мүмкіндік беріп қана қоймайды. Әрі қарай банктің іс-әрекеттеріне сотта дау айтылған жағдайда да борышкердің бұл іс-әрекеттері оның пайдасына есептелуі мүмкін.

Банк әрбір осындай жағдайды жеке қарастырады. Қарыз алушыдан еңбек шарты, жұмыссыз мәртебесін растайтын құжат секілді оның қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігін сипаттайтын қосымша құжаттарды дайындауды сұратуы мүмкін. Банк қарыз алушыны несиені қайта құрылымдаудың ықтимал нұсқалары туралы хабардар етеді және барлық сәттер келісілгеннен кейін, несие шартына қол қойылған кезден бастап күшіне енетін түзетулерді дайындайды.

№9. Төлемді кешіктірген қарыз алушы банкке жүгінбесе не болады?

Қарыз алушы банкпен байланыс жасамаса, онда шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алған кезде банк борышкерге кредитті өтеу үшін төлем жасау қажет екені туралы хабарлайды. Хабарламада: мерзімі өткен берешектің мөлшері және қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамау салдары туралы ескерту көрсетіледі. Егер банк ескерту жасағаннан кейін борышкер қарыз бойынша ай сайынғы төлемдерді елемейтін болса, онда банк коллекторлық агенттікті араластыруға құқылы. Коллекторлық агенттіктің қызметі жеке тұлғалардың қарызын сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге бағытталған. Қарыз коллекторлық агенттікке берілсе, онда қарызды өтеу не оның талаптарын өзгерту мәселелері бойынша борышкер тікелей оған, сондай-ақ банкке жүгінуге құқылы.

Оқи отырыңыз: Несиеге пәтер алғанда салық жеңілдігі барын ұмытпаңыз. Керек кеңес

№10. Несиені төлемеу несімен қауіпті?

Біріншіден, несие беруші банк міндеттемелердің орындалмағаны туралы ақпаратты несие бюроларына жіберуге міндетті болады. Бұл ақпарат Сіздің несие тарихыңызда көрсетіледі.

Екіншіден, егер несие кепілдігі бар несие болса, онда борышкердің кепілге қойылған мүлкі сот арқылы немесе сотқа дейінгі тәртіппен сатылуы мүмкін. Борышкердің келісімісіз белгілі бір сома оның банк шотынан алынады. Мысалы, жалақыдан алынуы мүмкін.

Үшіншіден, борышкер елден шыға алмайды. Ол сот орындаушысының қаулысы бойынша шетелге шығуға тыйым салынған азаматтар тізіміне енуі мүмкін. Борышкерді мәліметтер базасы қарыздың төленгенін растағанға дейін шетелге жібермейді.

№11. Несие тарихын "жақсартамын" дейтін ұйымдарға сенім арту керек пе?

Егер,сізге несие тарихыңызды "жақсарту" немесе дербес несие есебіңізден жағымсыз ақпаратты алып тастау ақылы қызметін ұсынса, бұл алаяқтар, сенбеңіз. Алаяқтар басқа адамдардың құжаттары бойынша несие алатын кездер де болады. Сондықтан несиеңіз болмаса да кемінде жылына бір рет несие тарихыңызды тексеруіңіз.

№12. Несие тарихын қалай жақсартуға болады?

Төлемді 90 күннен астам мерзімге кешіктірген қарыз алушыға келесі талаптарды сақтаса, несие бюросы "Оңалтылды" мәртебесі береді:

  • несие бойынша берешек өтелгеннен кейін бір жыл аяқталған соң;
  • қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру күнге қолда бар берешек сомасының 50%-дан астамы өтелгеннен кейін күнтізбелік қатарынан соңғы 12 ай ішінде кредитті қайта құрылымдаудан немесе қайта қаржыландырудан кейін күнтізбелік 30 күннен кешіктіру болмаған жағдайда;
  • мерзімі 90 күнтізбелік күннен астам кешіктірілген берешек өтелгеннен кейін қатарынан соңғы 12 күнтізбелік ай ішінде мерзімі 30 күнтізбелік күннен аса кешіктірілген берешек болмаған кезде.

Оқи отырыңыз: Банк шотындағы қаржыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?

№13. Басқа біреу сіздің атыңыздан несие ресімдесе не істеу керек?

Бірінші кезекте қарыз ресімделген несие ұйымының атауын біліп алу қажет. Егер бұл ұйым ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеуіне кіретін болса жақсы. Мұны қаржы реттеушісінің сайтында "Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі" бөлімінен тексеруге болады. Дербес кредит есебін алу үшін несие бюросына хабарласыңыз. Кредит ұйымына өтініш жазыңыз. Өтініште сіз олармен шарт жасаспағаныңызды, ақша алмағаныңызды көрсетіңіз. Осы ұйымнан несие берілген құжаттың, шарты пен оның қосымшалары және куәландыратын құжаттың көшірмесін, ақша аударылған шоттың деректемесін және шартты ресімдеген қызметкердің дерегін талап етіңіз. Өтініште кредитордан ішкі қызмет тергеуін жүргізуді және борыш талаптарын тоқтатуды сұраңыз. Тіркеу нөмірі мен өтініштін қабылдаған күні бар өтініштің көшірмесін жасап алыңыз. Кредитор ұйым құжатты беруден бас тартса, қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне шағым жазыңыз. Бұған қосымша ресми мәлімдемемен құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

№14. Қаржы алаяқтарынан қалай қорғануға болады?

Ешқашан бөгде адамдарға жеке деректеріңізді айтпаңыз. Жеке басыңызды куәландыратын құжаттардың көшірмесін жібермеңіз. Төлем карталары деректерін ешқашан ешкімге бермеңіз және ешқайда жарияламаңыз.

Телефон қоңырауына "иә" деп жауап беру әдетінен арылыңыз. Телефон алаяқтары сіздің атыңызды және тегіңізді және сіз айтатын басқа да жеке ақпаратты біліп алып, дауысыңызды жазып алады. Осылайша сіздің атыңызға "бөгде адамдардың" кредитін ресімдей алады.

HTTPS префиксінің болуын тексеріңіз:// конфиденциалды ақпаратты енгізу талап етілетін сайттарда тіркеліңіз. Сайтты немесе ұйымның парағын фейк деп күмәндансаңыз, осы ұйыммен байланысып, ақпаратты нақтылаңыз.

Қаржы ұйымының қызметкерімін деп танысатын бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеңіз, оларға жеке деректеріңізді жария етпеңіз.

Барлық қол қойылатын құжатты мұқият оқып, көрсетілген деректің дұрыстығын тексеріп, салыстырыңыз.

№15. Адамдар құқықтары мен мүдделері бұзылса қайда жүгіне алады?

  • Fingramota Online мобильдік қосымшасы мен оның веб-нұсқасы арқылы;
  • www.finreg.kz және www.fingramota.kz сайттарында "Кері байланыс" бөлімі арқылы;
  • жедел желі телефоны арқылы: +7 (727) 237 1000 (жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма сағ. 9.00-17.00);
  • info@finreg.kz, TAL@finreg.kz электронды поштасы арқылы;
  • өңірлік өкілдер басқармасына;
  • жазбаша нысанда, курьер арқылы мына мекенжайға: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ш/а, 21-үй, байланыс телефоны: +7 (727) 237 1200;
  • ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қоғамдық қабылдау бөлмесіне мына мекенжай бойынша: Алматы қ., Панфилов к-сі, 98. Жазылу үшін Yermek.Utemisov@finreg.kz электронды поштасына аты-жөнін, ЖСН, байланыс деректерін, қаржы ұйымының толық атауын, өтініштің қысқаша сипатын және "Қабылдауға жазылу" тақырыбын жазып жіберу қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары