1 доллар – 495 теңге. Ресей-Украина қақтығысының Қазақстан экономикасына ықпалы қандай?

Теңгенің құнсыздануы инфляцияның қарқынды болуына әкеледі.

Ресей мен Украина арасындағы әскери шиеленістің басталғанына бесінші күн. Көптеген мемлекет пен халықаралық ұйым Ресейдің әскери агрессиясын айыптап, Украинаны қолдау мақсатында Ресейге барынша қатаң санция салып жатыр. Мұның әсері Қазақстанды айналып өтпеді. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 495 теңгеге жетті. Informburo.kz экономистерден геосаяси жағдайдың әсерінен Қазақстанда қандай салалар дамып, қандай салалар құлдырайтынын сұрап білді.  

Мақсат Халық, экономист:

– Осы аптаның өзінде Ұлттық банк 178 млн доллар интервенция жасады. Ұлттық банктің мүмкіндігі өте көп емес, бір миллиард АҚШ долларынан асып кетсе теңгені көп дәрежеде ұстап тұратын күші көп емес. Сондықтан да теңгеміз біраз әлсірейді. Халқымызға кері салдары тиеді. Біз импортқа тәуелді болғандықтан шетелден келетін тауарлардың барлығы қымбаттайды. Құрылыс тауарлары қымбаттаса, нәтижесінде үй де қымбаттайды. Азаматтарымыздың төлем қабілеттілігіне соққы боп тиеді, қалтасы тағы да жұтайын деп тұр. Халықтың табысы өсіп жатқан жоқ екенін бәріміз білеміз. Осы тұрғыда халыққа оңай болмайын деп тұр.

Ресейдегі қиын жағдайлар Қазақстанға да мүмкіндік алып келеді. Ресейдегі банктердің рейтингі түсіп жатыр. Қазақстандағы қаржы институттардың рейтингі болса жоғары деңгейде тұр. Сондықтан Қазақстанның банкк жүйесі Орта Азияда, ТМД арасында алға шығып жатыр. Бұдан инвестициялық тартымдылық артуы мүмкін. 

Ресейдің әуе кеңістігі бұғатталса Қазақстанның әуе кеңістігіне сұраныс артады. Сұранысты өтеуге қаншалықты дайынбыз деген екінші мәселе. Мұнай бағасы өсіп жатыр. Ресей мұнайын әлемге сата алмай жатқанда Қазақстан мұнайына сұраныс артуы мүмкін. Мұнай бағасының өсуінен Қазақстан биыл алтын валюта қорын толтыруы ықтимал. Экспорт артатындықтан макроэкономикалық көрсеткіштер жақсаруы мүмкін.

Теңгенің құнсыздануы жақсы көрсеткіш емес. Үлкен құнсыздану процесі инфляцияның қарқынды болуына әкеледі. Үкіметтің ең үлкен міндеті – барынша азаматтарымызға қолдау жасау, жұмыс тауып беру, табысын арттыру. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың теңгедегі депозиттері бойынша бюджет есебінен өтемақы төленеді


Марат Абдурахманов, экономист:

– Монетарлық құлдыраушылық салдары қандай болмақ? Тау-кен өнеркәсібі, қаржы секторы құлдырайды, өйткені олар жанама санкцияларға тап болады. Ресей Федерациясына баға мен жеткізудің өсуі нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу саласы дамиды. Өйткені олар олар тауарды өздері әкеле алмайтындықтан біз арқылы әкеледі. Сұраныстың күрт өсуіне байланысты баға да шарықтайды. Ал дайын өнімнің бағасы жоғары болған кезде бізде жеткіліксіз өндіру факторы бар. Жылжымайтын мүлік арзандайды және ауыл шаруашылығындағы табыс нормасы сауда мен құрылыстан түсетін пайда нормасынан асып түседі.

Теңгенің құнсыздануына келсек, ақша айырбастау орындарындағы бүгінгідей картинаға соңғы рет 2015 жылы тамызда куә болдық. Былтыр шілде айында болжаған болжамым орындалды. Бұл бір рет қана болатын құнсыздану емес, техникалық тұрғыдан алғанда секірмелі девальвация. Сондықтан бұл барлық азамат пен кәсіпкерге қауіпті болып отыр. Тұрақсыздық қашан аяқталатыны белгісіз. 2022 жылдың мамырында аяқталып қалар деген болжам бар.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Украина сценариі қайталануы мүмкін бе? Ермұхамет Ертісбаевтың жауабы


Алмас Чукин, экономист:

– 2015 жылы АҚШ долларына шаққанда теңге 180-нен 300-ге секірді. Бірнеше миллиард сыртқа кетті. Қазір де жағдай солай. Алдымызда екі жол тұр: теңге/доллар не теңге/рубль бағамының бірі бойынша бағдарды ұстап тұру қажет. Теңгенің рубльге ілесуіне жол берсек, инфляцияның шарықтауын, халықтың жалақысының құнсыздануын көреміз. Егер біз долларды зәкір ретінде таңдап, долларға қатысты осы деңгейде қалсақ онда басқа қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жаңа нақтылыққа куә боламыз. 

Жақын уақытта отандық тұтынушылар Ресейден келетін импорттың күрт арзандауынан ұтады. Ұзақ мерзімді келешекті алсақ, өндірушілеріміз өте қиын жағдайға тап болады. Сүт, кондитер өнімдері мен шұжық, ұн өндіршілер, көлік қызметкерлері Ресейдегі бәсекелестерінің өнімдерінің күрт арзандауынан зардап шегеді. Оларға көмектесу керек, бірақ қалай екенін білмеймін. Шекарада кеден жоқ, бізде еркін сауда. 

Бірақ уақыт өте келе инфляция ресейлік өндірушілерге де жетіп, баға теңеседі. Олар жаңа валюта бағамымен құрал-жабдық сатып алуға мәжбүр болады. Шикізат пен материалдар да қымбаттайды. Жұмысшылар құнсызданған рубль үшін өтемақы талап етеді. Бірақ бұл бір дегеннен бола қоймайды.

Екінші жағынан, санкциялар жалпы Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Санкциялардың кесірінен Ресейге әкелінетін барлық тауарлар қымбаттайды және кейбіріне қол жеткізу қиындайды. Мысалы, Германияның көліктері секілді қымбат тауарларды сатып алу үшін Германияға доллар/еуро сатып алу және аудару қиынға соғады, бірақ рубльді Қазақстанға аудару оңайырақ. Көп адам еуропалық тауарларды ресейлік жеткізушілер арқылы сатып алып жатқанда бұл жағдай керісінше болады, яғни ре-экспортқа есік ашылады. Бұған Дубай арқылы сауда жасайтын санкцияланған Иран дәлел.

Адамдарға дүрбелеңге жол бермей, доллар алуға асықпаңыз деп кеңес беремін. Ақшаңызды жоғалтасыз. Соғыс, санкциялар, девальвацияның қайда апаратынын ешкім білмейді. Қазақстанда бәрі жақсы, көршімізде олай емес. Бірақ мұның бізге қалай әсер ететіні әлі белгісіз.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары