Тікелей эфир

Айыппұл артып, жаза күшейсе де, Қазақстанда мал ұрлығы неге тыйылмай тұр?

ІІМ мәліметінше, мал ұрлығы Қазақстанда жасалатын ұрлықтардың 3,5 пайызын құрайды. 

Барымта қазақ халқында бұрыннан бар. Тек бүгінде оның атауы да, жазасы да басқа. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мал ұрлығы Қазақстанда жасалатын ұрлықтардың 3,5 пайызын құрайды. Аз көрсеткіш емес.

Мал ұрлығы асқына түскеннен кейін мемлекет басшысы бұл іске араласып, ұрлықшыларға жаза түрі қатаңдады. Ендігі жерде мал ұрлығы орташа ауыр емес, ауыр қылмыс түріне жатады. Айыппұл көлемі 7 миллион теңгеге дейін артса, айыптылар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл шара Қазақстанда мал ұрлығы санын азайта алды ма? Бұл мәселені бүгін кешке сағат 22.00-де 31-арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" бағдарламасында спорт саласының мамандары мен барымташыларда зәбір көрген фермерлер ортаға салып, жауап беріп көрді.

Алматы облысында мал ұрлығы асқынып тұр

Алматы облысы бойынша полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының бастығы Асхат Даниярдың мәліметінше, Алматы облысында мал ұрлығы қазір екі есеге азайып отыр. 2017 жылы 1 323 факт тіркелсе, 2021 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша 265 мал ұрлығы тіркелген. Арадағы жылдардағы көрсеткіш келесідей: 2 018 жылы – 1 338, 2019 жылы – 1 058, 2020 жылы 724 мал ұрлығы болған. Неге Алматы облысы мал ұрлығы бойынша алдыңғы орында? Себеп – бұл аграрлы өңір. Республикадағы 28 миллион мал басының 6 миллионы осы аймаққа тиесілі. Сәйкесінше, барымташылардың да осы өңірде көп болуы заңдылық.


Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы үшін жаза күшейеді: айыппұл мөлшері 7,5 млн теңгеге артпақ


Барымташыларға тұсау бар ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, 2020 жылы 10 ақпанда заңға мал ұрлығына қатысты өзгерістер енді. Жеке бап беріліп, жауапкершілік қатайды. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі қабылдаған 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламада да мал ұрлығына қатысты жеке бөлімге орын берілді. Демек, заң жүзінде қолға алынып жатқан шаруалар бар. Ал іс жүзінде ше?  

"Мал бағу тәртібі заңда мінсіз жазылғанымен, іске асыруда басқаша. Тәртіп бойынша малдың артынан салпақтап қалмауың керек. Төбеден көлігіңмен қарап отырсаң, "неге сен малыңның артында тұрған жоқсың?" деп айыппұл салады. Шығыс Қазақстан облысында шаруаларға аямай айыппұл салып жатыр. Олардан мал бағу қашықтығы көрсетілмеген бе деп сұрап едім, жылқының құйрығынан бәленбай метр қалсаң – айыппұл, оң қапталдан кірсең,сол қапталдан кірсең де айыппұл салынатынын айтады. Учаскелік полицейлер бюджетті айыппұлмен толтыру жоспарын орындап жатыр", – дейді Shopan-Ata қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Фермердің сөзінше, бұл – шаруаларды қолдау емес, қанау.


Оқи отырыңыз: Мал ұрлығын қайтсек тыямыз?


Полицияға сенім бар ма?

Бағдарлама қонақтары мен жүргізушісінің "Малы ұрланған фермерлерге полициядан көмек болмаған жағдайда, олар не істеу қажет?" деген сұрағына Алматы облысы бойынша полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр ең бірінші кезекте арыз-шағыммен кезекші бөлімге бару қажеттігін еске салды.

"Ал полиция әрекет етпеген жағдайда, яғни арыз-шағымды қабылдамаса, аудандық басшылыққа жүгінеді. Егер оған да сенбеймін десе, прокуратура органдары бар. Барлық полиция департаментінде арыз-шағымды қабылдап, оны реттеп, қадағалайтын комиссия жұмыс істейді. Сол комиссия арқылы шағымдануға болады. WhatsApp-та, не басқа да әлеуметтік желілердегі парақшаларда департаменттерге арыз-шағым тастаса, қызметтік тексеру жүргізіп, әрі қарай анықтайды", – деп түсіндірді Асхат Данияр.  

Қандай мал түрі жиі ұрланады?

Әр облыстың мәліметі әртүрлі. Дегенмен, Іздестіру шараларының арқасында ұрланған малдың жартысынан көбі табылып жатыр. Статистика келесідей: 1 140 ұрланған малдың 297-сі – жылқы, 288-сі – ірі қара, 550-сі – ұсақ мал. Соның 589-ы иесіне қайтарылған: 160 жылқы, 95 ірі қара, 334 ұсақ мал.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 17 шілде күні сағат 22.00-де көруге 31-арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары