"Бір аптада баспаналы болдық": Әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасы несімен ұтымды?

Алғашқы жарна небәрі 15 пайыздан басталады.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында Отбасы банкіне ерлерге қарағанда қыз-келіншектер жиі жүгінетін көрінеді. Оған 57% құрайтын қаржы құрылымының несиелік қоржынындағы әйелдердің үлесі дәлел. Сұраныстың жоғары болуына байланысты Азия Даму Банкімен бірлесе отырып, Отбасы банк былтыр "Ұмай" атты әйелдерге арналған бағдарлама ашты. Гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген ипотеканың басты артықшылықтары: алғашқы жарнаның небәрі 15%-дан басталатыны мен екінші нарықтан үйді таңдау мүмкіндігінде.

Бағдарламаға кәмелеттік жасқа толған еліміздің кез келген азаматшасы қатыса алады. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 12% (ЖТСМ – 12,2%-дан), кейіннен ол 3,5-5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ – 3,6-5,2%). Ипотека бойынша ең жоғарғы қарыз көлемі – 30 млн теңге, ең ұзақ мерзім – 25 жылға дейін беріледі.

Informburo.kz тілшісі аталмыш бағдарлама бойынша баспаналы болған Өскемен қаласының қос тұрғынымен сұхбаттасып, олардың "Ұмай" жөніндегі пікірлерін тыңдап көрген еді. 

Гүлнұр Кужубаева, 33 жаста. Тұрмыста, үш жастағы бір ұлы бар. 11 жылдан бері "Қазсушар" РМК Шығыс Қазақстан филиалында аудармашы болып жұмыс істейді.

– Пәтер алу менің көптен бергі асқақ арманым еді. Осы мақсатқа жету үшін жеке даму, армандарға қол жеткізу жайлы оқып-іздендім. Тұрмыс құрған соң күйеуімнің ата-анасынан қалған пәтерінде тұрдық. 2020 жылдың көктемінде "өз пәтеріміз болса екен" деген арманымызға алғашқы қадам жасап, Отбасы банкінде депозит аштым. Ол кезде декреттік демалыста едім. Оның үстіне қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілген кез. Соған қарамастан, ай сайын ең аз дегенде 5 мың теңге болса да, депозитке қаражатты үздіксіз аударып жүрдім.

Ал 2021 жылдың мамыр айында жұмысқа шыққан соң, үй алу жолын қарастыра бастадым. Тіпті сол кезде күнделігіме: "Мен Өскемен қаласындағы Жібек маталар комбинаты ауданынан пәтер алдым. Пәтерім жарық, ыңғайлы, жылы. Ішінде өте сапалы жөндеу жұмыстары жасалған. Балконы да бар. Күн сайын тереземнен ашылатын әдемі көріністен ләззат аламын" деп жазып, арманымды қағазға түсіргенмін.

Сөйтіп жүргенде Отбасы банкінің Instagram парақшасынан "Ұмай" әйелдер ипотекасы туралы оқып білдім. Шарттары бірден ұнады, себебі бастапқы жарнасы аз – үй бағасының 15 пайызынан басталады екен. Дереу банк сайтына кіріп, бағдарламаға қатысуға өтініш қалдырдым.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5 пайыздық ипотекаға қалай қол жеткізуге болады?


Келесі күні Отбасы банкінің менеджері хабарласып, "Ұмай" бағдарламасымен пәтер алу жолдарын түсіндірді. Шарттары көңілден шыққан соң, жұбайым екеуіміздің табысымыз және жұмыс орнымыз туралы анықтамаларды жинап, банкке бардым. Менеджерлер құжаттарды базаға енгізіп, табысымды есептеді. Сол кезде жүйеден "Бұл кісіге несие беруге болады" деген жауап келді. Қуанышымда шек болған жоқ!

Сол сәттен бастап банк менеджерлері маған көп көмектесті. Телефонмен де, WhatsApp арқылы да сұрақтарыма жауап беріп, қажет кезде кеңес беріп отырды. Ипотека рәсімдеудегі талпынысыма шыдамдылықпен, түсіністікпен қарады.

Сөйтіп несиені алдын ала мақұлдау туралы мультисертификат алып, сенімді түрде үй іздеуге кірістім. Пәтерді армандағанымдай, Жібек маталар комбинаты ауданынан таптық. Бұл – қаладағы экологиясы жағынан қолайлы әрі жаңа, болашағы бар аудан. Бір бөлмелі пәтер рәсімдедік. Отбасы банк 10 жылға 12 пайыз жылдық мөлшерлемемен несие берді. 1,5 млн теңгесін бастапқы жарна ретінде құйдым. Ол үшін зейнетақы қорындағы жинағым мен депозитке жинаған ақшамды біріктірдім.

Банк талап ететін бастапқы жарна көлемі көңілімнен шықты. Өйткені, қолжетімді болатын. Бұл бағдарламаның осы тұсы маған өте ұнады. Сонымен қатар, "Ұмай" бағдарламасы әйелдің тұрмыстық мәртебесіне, жылжымайтын мүлкінің бар-жоғына қатысты да талап қоймайды.

Кейін банк қызметкерлері хабарласып, "Ұмай" бағдарламасы туралы бейнеролик түсіруге ұсыныс жасады. Келістім. Түсірілім тобымен пәтерге келдік. Сонда оператор: "Терезедегі көрініс қандай керемет!" – деді. Мен оған дейін байқамаппын. Себебі, пәтерді алатын кезде сатушымен кешке таман кездескенбіз. Ал енді қарасам, шынымен терезеден тау, үйлер, табиғат әдемі көрінеді екен. Сол сәтте кезінде жазған арманымның әрбір сөзіне дейін орындалғанын түсіндім.

Халық даналығы "Әйел бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді" дейді. Әйелдерге көңіл бөліп, осындай жағдай жасап отырған мемлекет пен Отбасы банкіне алғысым шексіз. Зейнетақы қорындағы ақшамды пайдаланғаным үшін де қуаныштымын. Бұл маған өте жақсы көмек, үлкен мүмкіндік болды. Бақытты және баспаналы отбасылар көбейе берсін!


Оқи отырыңыз: "Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы


Таңнұр Башай, 24 жаста. Тұрмыста. Өскемен қаласындағы кітапхананың баспасөз бөлімінде жұмыс істейді.

– Тұрмыс құрған кезде үйіміз болмады. Үш жылдай пәтер жалдап тұрдық. Баспаналы болу үшін түрлі бағдарламаларды көрдік, кооперативтерге жүгіндік. Бірақ, көмегі болмады. Сөйтіп жүргенде Отбасы банкіне барып, консультанттардан кеңес алдық. "Ұмай" бағдарламасы туралы сол кезде естідік. Шарттары ойға қонымды. Бастысы, пайызы жоғары емес екен.

Банк төлем қабілеттілігімді есептеген соң, несие беруге келісім берді. Ар жағындағы жетпеген сома – 3 млн теңгені алғашқы жарна ретінде құйдым. Сөйтіп айналасы бір аптаның ішінде баспаналы болып шыға келдік! Бақыттан басымыз айналып жүріп, жөндеу жұмыстарын қалай бітіргенімізді байқамай қалыппыз. Қатты қуаныштымыз!

Қазір ай сайын несиені өтеуге 84 мың теңге төлейміз. Егер әлі пәтер жалдап жүрген болсақ, ай сайын бұдан да көп шығын шығар еді. Себебі, қазір 80 мың теңгеге пәтер жалдау мүмкін емес.

Үйлі болу – бақыт. Ол бақыттың бағасын жылдар бойы пәтер жалдап тұрған адамдар білетін шығар. Қанша бөлмелі болса да, "өз үйің – өлең төсегің". Біздің қуанышымыз үй жалдап, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген барлық отбасыға жұғысты болсын! 


"Ұмай" бағдарламасы – Отбасы банкінің әйелдерге арналған жобасы. Бағдарлама 2021 жылдың сәуір айынан бастап іске қосылған. Оның көмегімен жаңа не қолданыста болған тұрғын үйді сатып алуға, сондай-ақ жөндеу жұмыстарына несие рәсімдеуге болады.

  • Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі: 12% (ЖТСМ 12,2%-тен басталады);
  • Жинақ мерзімі біткеннен кейінгі жылдық мөлшерлеме: 3,5-5% (ЖТСМ 3,6-5,2%);
  • Бастапқы жарна: 15-50%.

Ипотека үй алу үшін – 25 жылға дейінгі, ал үй жөндеу үшін 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сондай-ақ, қарыз алушыларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Отбасы банкіндегі депозитке бастапқы жарна салу міндетті емес. Бірақ, несие алу үшін төлем қабілеттілігін растау қажет. Отбасының айлық табысы (күйеуі мен әйелінің) немесе несие алушының бір айдағы кірісі 320 мың теңгеден аспауы тиіс.

"Ұмай" бағдарламасы туралы толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

 Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале

Серіктестер жаңалықтары