Тікелей эфир

Шала туған сәбиді қалай аман алып қаламыз? "28 ілмек" мүшесімен сұхбат

2017 жылы "28 ілмек" клубы "Алтын жүрек" жүлдесімен марапатталған
2017 жылы "28 ілмек" клубы "Алтын жүрек" жүлдесімен марапатталған
Ғазиза Ұзақ клубқа мүше болғалы бері мыңнан астам бұйым тоқыған.

Журналист және PR маманы Ғазиза Ұзақтың бала күннен бергі ермегі тоқу болатын. Ал бүгінде бұл хобби ерекше қайырымдылық шарасына үлес қосып келеді. Ғазиза сегіз жылдан бері "28 ілмек" клубына мүше. Қолы қалт еткенде мерзімі толмай, шала туған сәбилерге жүннен түрлі киім тоқиды. Ал Қазақстанда жыл сайын 3 400-4 000 бала дүниеге тоғыз айын толтырмай келеді. Ал оларға стандартты жөргектер сай келмейді. 

Осы орайда Ғазизамен "28 ілмектің" жұмысы мен шала туған сәбилердің мәселелері туралы сұхбат әзірледік. 

– "28 ілмек". Бұл қандай клуб?

– Клуб 2012 жылы құрылды. Ал мен оған 2014 жылдан бастап мүшемін. Волонтер болып тоқыма тоқимын. Клубтың қалай құрылғаны да қызық әңгіме. Он жыл бұрын Карла Нұр есімді журналист шала туған сәбилер туралы мақала әзірлейді. Сол уақытта ол перзентханадағы нәрестелердің аяғынан жүн шұлықты көреді. Дәрігерлер оған жүннің пайдасы туралы айтып береді.

Сөйтсе, шала туған сәбилер өз-өзін жылыта алмайды екен. Толық қалыптасып дүниеге келмегендіктен өзінің анасының құрсағында жатқанын, әлде туғанын түсінбейді. Айы-күні жетіп туған балалар іңгәлап жыласа, олар тіпті дауыс шығара алмайды. Ұйықтап кете береді. Жүн заттар сәбидің денесін жылытып қана қоймайды, тітіркендіреді. Балада ыңғайсыздық сезімі болып, қимылдап әрекет ете бастайды. Өзіңіз қалың киім кигенде денеңіз қыши бастайды ғой, жүн де балаға сондай әсер береді. Қимылдаған балада қан айналымы жақсарып, бірден ұйықтап кетпейді. Бұл жақсы. Өйткені, бала қатты ұйқыға кетіп қалса, демалуды ұмытып кетеді. Мұндайда көп баланы аппаратқа ауыстырады. 

Мақала жарыққа шыққаннан кейін жүн шұлықтың пайдасы туралы оқыған оқырмандар балаларға қалай көмектессе болатынын сұрап хат жазады. Идея осылай дүниеге келіп, Карла Нұр осы "28 ілмек" клубын құрған. Кішкентай нәрестеге жүн шұлық тоқу үшін тоқыма сымына 28 ілмек тереміз, сол себепті де клубты "28 ілмек" деп атаған.

Клуб мүшелері Қазақстанның 20 қаласында, әлемнің 13 мемлекетінде бар. Қайырымдылық шарасы кеңінен танылып, халықаралық қорға айналды. Қыздар ара-тұра кездесіп, болмаса әлеуметтік желіде хат-хабар алысып тұрады. 


Оқи отырыңыз: "Он бесінде босанатындар көбейді". Неонатолог өмірге бала әкелуді жоспарлау туралы


– Өзіңіз бұрыннан тоқу білесіз бе?

– Иә, бала кезден тоқимын. Марқұм әжем ұршықпен жүн иіріп тоқыған. Бала кезімде әжеме қолғабыс етіп жүріп үйрендім. Анам да тоқиды. 

– Клубқа тоқи алмайтын адамдар мүше бола ала ма?

– Қолына жіп пен сымды ұстап көрмеген қыздар да келген, бәрі үйреніп кетті. Клуб ережесі бойынша әр адам жіпті өз ақшасына сатып алады. 

– Қандай жіппен тоқу керек?

– Шала туған сәбилерге 100 пайыз жүн жіп аламыз. Бір балаға екі орам жіп кетеді. Әр балаға берілетін жинақта бес бұйым бар: көрпеше, күртеше, бас киім, шұлық және ойыншық. Ойыншықтарды да 100 пайыз мақта матадан жасаймыз. Тек ашық түстегі жіптерді сатып аламыз, себебі түс терапиясы да балаға жақсы әсер етеді.

Қазір экономикалық жағдайға байланысты жіп қымбаттады, сондықтан демеушілердің қолдауын күтеміз. Ата-аналар риза болып садақа ретінде ақша тастап кетеді. Демеушілер де бар. Рамазан айында қайырымды іс жасағасы келетіндер көп. Осылай жиналған ақшаға жіп сатып аламыз. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Клуб "28 Петель" (@club28petel)

Қазақстанда мал шаруашылығы дамығанымен, жүнді шикізат ретінде ғана шығарамыз. Жүн түтіп, жіп иіретін фабрикамыз жоқ. Бұл жағынан Ресейге бағыныштымыз. Олардың жібі түріктердікімен бірдей болып қалды. Бұрын 600 теңгеге тұрған жіпті мың теңгеге сатып аламыз. Ал түріктің жібі 1 300 теңгеден басталады, бірақ ресейдікіне қарағанда сапалы. Экономикалық жағдайдан қайырымдылық жұмысымыз да зардап шегіп жатыр. 

– Клубқа мүше ер адамдар бар ма?

– Алматыда жоқ. Оралда Ваня деген жігіт бар. Ташкентте де ер азаматтар бар. Клубқа мүше болғысы келетін адамның ұлтына, тіліне, қызметіне, түріне қатысты шектеу жоқ. Қарттар да, балалар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да тоқиды. Арамыздағы ең жасы үлкені Алматыда тұрады, жасы 85-те.


Оқи отырыңыз: Атырау және Алматы облыстары бала өлімі бойынша көш басында


– Сегіз жылда қанша балаға бұйым тоқыдыңыз?

– Нақты санын айта алмаймын, өйткені бізді перзентханаға кіргізбейді, баланы көрмейміз. Перзентханалармен тоқылған киімдерді кезекші дәрігерге немесе бөлім меңгерушісіне тастап кетеміз деп келістік. Олар жансақтау бөлімінде қанша бала жатқанын айтады. Қайта барып жүрмес үшін көптеп апарамыз. Таусылуға жақындағанда өздері хабарласады. Мысалы, 25 жинақ бір перзентханаға шамамен екі-үш айға жетеді. Әр бала киімін алып кетеді. Кейін ата-анасы дәрігерлерден телефонымызды алып, рахметін айтып жатады.

Басында шұлық тоқыдық, кейін дәрігерлердің айтуымен басқа бұйымдарды да тоқи бастадық. Басында қызық болатын, әр тоқыған затымды суретке түсіретінмін. Санасам жеке альбом болып қалыпты. 5 мыңнан астам зат тоқыппын. Қай балаға қандай бұйым түскенін білмегендіктен нақты қанша балаға тоқығанымды айта алмаймын. Басқа облыстарға, шетелге жібергенім бар.

– Сатып алатындар бар ма?

– Өтініп сұрайтындар бар. Бірақ, біз сатпаймыз. Тегін болғасын алып қалайық деген оймен бір бала үшін бірнеше адам хабарласып жатады. Олай болмайтынын айтамыз. Үлкен салмақтағы баланың ата-анасы тоқып беріңіздерші деп хабарласады. Оларға қайырымдылықтан бөлек тоқымадан нәпақа табатын жандардың нөмірін береміз. Бәріне тегін таратамыз, соның өзін пайдаланып кететіндер бар. Өзгенің баласына да қажет екенін түсінбей жатады.

Кей ата-ана басқа балаға пайдасы тисін деп тастап кетеді. Мәселен, бір әйелдің қызы шала туды. Екі-үш жылдан кейін де шала дүниеге келген нәрестесі үлкен әпкесінің киімін киді. 

Танымал адамдардың балалары да алады. Тоқтар Серіков егіз баласына, Төреғали Төрәли қызына, Көркем Сейсенбек егіз қызына алды. Киносыншы Олег Борецкийдің қызы алған. 


Оқи отырыңыз: Жүктіліктің 12 аптасы несімен маңызды? 425 мыңды кім алады?


– Волонтер болу жауапты іс. Мұндай ақы төленбейтін іспен айналысуға не түрткі болды?

– Бала кезден әке-шешем басқаларға көмектесуді, мейірімді болуды құлағыма құйды. Алматыда өстім. "Қалада өскендер басқаша" деген стереотип бар. Қазақы тәрбиені алдық, қазақ мектебінде оқыдым. Салттан аттамадым. Үйімізге қарама-қарсы балалар үйі бар еді. Онда сәби кезінен бес жасқа дейінгі балалар тәрбиеленді. Люба деген орыс көрші апайымыз тәрбиеші болып істейтін. Біз 9-10 жастағы қыздармыз.

Кезегі келгенде Люба апай бізді балалармен ойнауға шақырады. Өзі орта топтағы балаларға қарайды. Жетім балаларға қатысты жаман ойдан аулақ болдық. Балалармен ойнадық, тамақтарын беріп, ұйықтаттық. Оларға әпке секілді үлкен көрінетінбіз. Қолымыздан ұстап, "мама" деп бізбен ойнайтын. Мейірімнен жат балаларға көңіл бөлу керек. Басқаларға қол ұшын созу сол кезден басталды деп ойлаймын. 

Қоғамда "ақшаң болса ғана көмектесе аласың" деген түсінік қалыптасқан. Кей адамдар "ақшам жоқ, көмектеспеймін" деген ұстанымда. Тоқымадан ақша таппасам да, тоқыған ұнайды. Клубтың мақсаты ішкі мақсатыммен сай келді. Тоқи аламын, тоқығым келеді, бұл істен ләззат аламын, тоқыма арқылы бір балаға пайдам тиеді.

Клубқа келген көп адамның өмірі өзгереді. Психологиядық тұрғыдан жетіледі, ой-өрісі кеңейеді.

– Тоқуға бос уақытты қайдан табасыз?

– Мысалы, қазір сұхбат беріп отырып тоқып отырмын. Бәрі соны сұрайды. Уақыт бар. Ұшақта келе жатсаң да, кезекте отсаң да бір-екі сағат телефон шұқылап отырғаннан гөрі тоқыған пайдалы. Бір жағынан моторика. Қолың да жұмыс істейді, өзіңнің де денсаулығың жақсы болады, өзгеге да пайдаң тиеді. Құрбылармен жиналғанда да тоқып отырып әңгімелесуге болады. Телевизор қарап отырып тоқиды. Қол қалт еткенде ілмек пен жіпті алып тоқи беруге болады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары