Тікелей эфир

ТЖМ жер сілкінісі болғанда іздестіру-құтқару жұмысын қалай жүргізеді? Фоторепортаж

Фото Газиз Садыков
Фото Газиз Садыков
Оқу-жаттығуға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан құтқарушылары мен өрт сөндірушілері қатысты.

21-22 қыркүйекте Алматы облысының Тамғалы Тас шатқалында орналасқан "Жартасты қала – Астана" оқу-жаттығу полигонында Төтенше жағдайлар министрі Юрий  Викторович Ильиннің басшылығымен "Жер – 2021" халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Үш жыл сайын өткізілетін іс-шараның биылғы тақырыбы – Алматы облысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштер мен құралдарын дайындау.

Оқу-жаттығу басталмас бұрын министр әріптестерімен бірге апаттық-құтқару техникалары мен құрал-жабдықтар қойылған көрмені тамашалады. 

Министр экспонаттарды тамашалауда. Фото Газиз Садыков

Экспонаттардың ішінде құтқарушылардың арнайы костюмдері, төтенше жағдайды жою жұмыстарына жұмылдырылатын автотехникалар, арнайы байланыс құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, қорғаныс құралдары мен өрт сөндіру жабдықтары, қайық, жол талғамайтын көлік бар.

"Шағала" ұшқышсыз ұшатын аппараты. Фото Газиз Садыков

Содан кейін полигонда жойқын жер сілкінісі салдарын жоюдағы авариялық-құтқару құрылымдарының практикалық іс-қимылдары көрсетілді. Алдымен химиялық қауіпті нысында апат болып, өрт сөндірілді.

Фото Газиз Садыков

Тікұшақпен өрт болған аумаққа су шашып, құтқарушылар нысан ішінде қалған адамдарды құтқарып, сыртқа алып шықты.

Фото Газиз Садыков

Одан кейін қираған ғимараттар мен құрылыстарда іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, адамдар әскери госпитальге жеткізілді. Өрт сөндірушілер техникаларымен келіп, ұшақта және пойыз вагонында шыққан өртті сөндірді.

Фото Газиз Садыков

Жартаста қалған адамдарды құтқарды. Оқу-жаттығу жиыны құрлықта ғана емес суда да өтті. Құтқарушылар суға батқандарды құтқарып, жағаға шығарды. Құтқарушылар және өрт сөндірушілердің қатысуымен жерде де, тауда да, суда да апат салдары жойылып, оқу-жаттығу соңында тікұшақпен Қазақстан туы көтерілді. 

Фото Газиз Садыков

Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин "Жер-2021" халықаралық командалық-штабтық оқу-жаттығуын қорытындылап, оң бағасын берді. 

"Көптеген ел, соның ішінде технологиялық әлеуеті жоғары Жапония жер сілкіністерін болжаудан бас тартып, ертерек хабарлау жүйесіне өтіп жатыр. Мұндай жүйе Алматыда іске жүзеге асырылуда. Қырғызстандағы әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жер сілкінісі болса жедел шешім қабылдау үшін Өзбекстанды, Орталық Азия аймағын да қамтимыз. Бүгінгі оқу-жаттығуға атсалысқан ұйымдастырушыларға, белсенді қатысқан белсенді қатысқан жеке штабтарға, құтқарушыларға, өндірушілерге, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген әріптестеріме алғыс айтамын", – деді министр. 

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин. Фото Газиз Садыков

ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімінің меңгерушісі Расул Оразғұлов техногенді сипаттағы қауіп-қатерлердің артуы төтенше жағдайды ескерту мен оны жою жүйесін үнемі дамытуды, сондай-ақ ТЖМ қызметіне цифрлық технологияларды, автоматтандыруды және апатты дер кезінде анықтау мен әрекет ету жүйесін енгізуді талап ететінін айта кетті.

"Қауіпсіздікті қамтамасыз ету азаматтардың негізгі мұқтаждығы деуге болады. Бүгінгі іс-шара жоғары дәрежеде өтті. Барлық мүдделі мемлекеттік органдарды, көршілес мемлекеттерді жұмылдыра отырып мұндай оқу-жаттығуларды өткізу еліміз бен көрші елдердің қауіпсіздігің тұрақтандыруға көмектеседі. Сонымен бірге азаматтардың сенімін нығайтады", – деді ол. 

Расул Оразғұлов. Фото Газиз Садыков

Оқу-жаттығу жиынына келген Қырғыз Республикасының ТЖМ вице-министрі Қалыс Ахматов Қазақстанды Төтенше жағдай министрлігінің қайта құрылуымен құттықтады. Еске сала кетсек, мемлекеттік орган бірнеше жыл ІІМ құрамында ТЖ Комитеті ретінде қызмет жасап, 2020 жылы жеке министрлік ретінде бөлініп шықты. 

"Халықаралық шараға шақырғаны үшін министрлікке алғыс айтамыз. ҚР ТЖМ-ді қайта құрғаны үшін құттықтаймыз. Біз бұл жаңалыққа қуандық, өйткені онымен қоса "ҚазСпас" жиынын өткізу дәстүрі де жаңғырды. Құтқарушыларымыз жыл сайын сайыстарға қатысып қана қоймай, дағдыларын жетлдіріп, тәжірибе алмасып келеді", – деді Қалыс Ахматов. 

Юрий Ильин мен Қалыс Ахметов. Фото Газиз Садыков

Іс-шараға куә болған Парламент сенатының депутаты Дана Нұржігіт ведомствоның ІІМ-нен бөлініп, жеке министрлік ретінде құрылуына депутаттық корпустың ықпал еткенін атап өтті. 

"Үш ел өкілдері айтып келмейтін апаттарға дайындық жұмыстарын, шеберліктерін көрсетті. Министр Юрий Ильин мырзаның кеше ғана Жамбыл облысында болған апаттан қаза болған бейбіт күннің батырларын бір минут үнсіз тұрып есімізге алғаны, олардың мәңгі жадымызда қалатынын ерекше атап өтіп, үлгі көрсетті. Кез келген тәртіп, дағды қанмен жазылады. Бейбіт күнде де табиғи, техногендік апаттарға дайын боулымыз керек. Жігіттердің жерден де, судан да, тау жақтан да көмек қолын созып жатқанына, осы уақытқа дейін жинаған тәжірибесіне, шеберлігіне куә болдық. Азаматтардың күтетіні – осындай шеберлік, құтқару жұмыстары", – деп сенатор ойымен бөлісті.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің сөзінше, екі күн ішінде оқу-жаттығу полигонында өңірлік департаменттер өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Оның сөзінше, Алматы облысы аумағында жер сілкінісі орын алса өңірлерден жеке құрамдар келіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, үйінділерді ашуға және зардап шеккен халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге арналған құтқару техникаларын жұмылдырады.

"Барлық төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етеміз. Алайда төтенше жағдай аумағына бөлімшелеріміз алыс орналасқандықтан дер кезінде үлгере алмайтын кездеріміз болады. Әр аймақ үшін жер сілкінісі бола қалған жағдайда өңірлерге арналған жұмыс жоспары бар. Әр аймаққа белгілі бір аудан бектілген", – деді Юрий Ильин.

Министр Юрий Ильин. Фото Газиз Садыков

Министр қатерге басын тіггетін өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл ішінде ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі қызметкерлерінің жалақысы бірдей болуы керек деп тапсырғанын да атап өтті. 

ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің сөзінше, "Жер – 2021" оқу-жаттығу жиынына 9 өңірдің төтенше жағдайлар департаменті, Өзбекстан мен Қырғызстан құтқарушылары мен өрт сөндірушілері келген. Мұндай жиын тәуелсіздік алғалы үш жылда бір өтеді. Пандемияға байланысты биыл шектелген. 40-тан астам техника, екі тікұшақ және өзге де қосалқы техникалар жұмылдырылған. 

"Құтқарушылар алдына қойылған тактикалық міндеттерін толық және жеткілікті дәрежеде орындады. ТЖМ жұмысын сенаторлар, БҰҰ өкілдіктері, әкімдік қызметкерлері қатысып бағалады. Қазақстанның шығыс және орталық аймақтары, Алматы облысы сейсмикалық дүмпулерге, жер сілкіністеріне өте бейім. Дәл осындай табиғи рельеф шекаралас Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерінде де бар. Апаттар кезінже құтқару операцияларын шекаралас жатқан мемлекеттермен бірлесіп өткізетін кездер болады", – деді Талғат Уәли.

Өзбекстандық құтқарушылар. Фото Газиз Садыков

Бұл оқу-жаттығулардың мақсаты – азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің Алматы облысында орын алуы мүмкін зілзалалы жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайды жоюға әзірлік деңгейін және қабілетін арттыру, ТМД елдерінің аумақтарында ауқымды төтенше жағдайлар туындаған кезде мемлекетаралық өзара іс-қимылды жетілдіру.

Фото Газиз Садыков

Оқу-жаттығудың басынан бастап Қазақстанның барлық жерінде іс-әрекет даярлығына 3 000 авариялық-құтқару қызметтері мен АҚ құрамаларының бөлімшелері, шамамен 70 000-нан астам адам жұмылдырылды. Оқу-жаттығуға барлығы жеке құрамнан 15 000-нан астам адам мен 1 000-нан астам бірлік техника тартылды.

Серіктестер жаңалықтары