Украинадағы қазақ диаспорасының жетекшісі: Ресей басып кіреді деп күтпедік, дайын болмадық

Данияр Егембердиевтің дерегінше, Украинада 40 мыңнан астам қазақ бар.

Журналист Нұрбек Әмишаның Украинадағы "Достық" жалпыукраиналық қазақтар ұйымының төрағасы Данияр Егембердиевпен жүргізген сұхбатының шағын мәтін нұсқасын ұсынамыз.

– Украина азаматысыз ғой?

– Иә, 1985 жылы оқуға келгеннен бері Украинадамын. Жұбайым Бибайшамен екі қыз өсірдік. Қазір немерелеріміз бар.

– Елде ахуал қалай болып жатыр?

– Украинада, өздеріңіз біліп отырғандай, ресейлік әскермен соғыс жүріп жатыр. Мен Киев қаласында, қала орталығынан 8-9 шақырым жерде тұрамын. Күнделікті бомба мен ракета жарылыстарын естиміз. Төңірек түтін. Киевтен 25 шақырымдағы Васильковта мұнай базасы жарылды. Жер үйі барлар жертөлені, жоқтар метро станцияларын паналап, жарылыстан қорғанып жатыр. Қауіп төнсе, жертөлеге түсеміз, басылса шығамыз. Жағдай өте ауыр.

– Қалай қорғану жөніндегі арнаулы нұсқаулық бар ма?

Бар. Әуеден қауіп төнгенде белгі беріледі. Нұсқау бойынша, коменданттық сағат уақытында көшеге шығуға болмайды. Күндіз жұмыс бабымен қалаға барып ахуалды көріп келдім. Көшеде жүрген 5-6 ғана көлікті көзім шалды. Супермаркеттер мен дүкендерде азық-түлік жоқтың қасы.

Адамдардың көңіл-күй жоқ. Ойға батқан, тұнжыраған жандар.


Оқи отырыңыз: "Ұйқыға бейбіт Украинада жатқан едік". Киев тұрғыны қаладағы ахуал туралы баяндады


– Қарапайым халық не ойлайды?

– Мен елдегі қазақтар туралы айтайын. Донецк, Луганск, Қырымды қоса алғанда Украинада 40 мыңнан астам қазақ бар. Оның 5-6 мыңы Киевте тұрады. Бұрыннан байланыс құралымыз – Telegram чаты. Қазір шығыс Украина жақтағы қазақтардан хабар аз. Әскери ұрыстар негізінен сол жақта жүріп жатыр ғой, бері қарай жолға шығып, байланысқа шыға да алмай жатқан болар. Біраз адам Польшамен шекара жаққа кетті. Қазақстанға эвакуациялау ісінде қазақстандық елші Дархан Қалетаевпен байланыстамыз. Бірақ, шекарада да жағдай ауыр. Кезек 15-18 шақырымға дейін созылып тұр.

– Чатта не жазып жатыр?

Чатта 2 057 адам тіркелген. Осы арқылы халықты үйде отыруға, сақтық шараларын ұстануға шақырып жатырмыз. Түрлі адамдар бар ғой. Әртүрлі жалған ақпарат тарап, оған сеніп жатқандар көп. Соларға барынша шынайы ақпарат ұсынуға тырысамыз. Қазір қаланы Ресей әскері келіп сыртынан орап тұр. Шыны керек, біз соғыс басталып кететінін күтпедік.

Украина билігі "ұрыс болмайды" деп сендірді. Дайындық жасалғанда, мұнша жайбарақат болмас па едік?

– Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Мүфтимен келісіп, орталық мешітті төрт жүз елу адамға пана қылып отырмыз. Олардың 320-сы – украиндер. 72 бала бар ішінде. Солардың ас-сумен қамтып, көмек беріп жатырмыз. Елдегі қазақтармен байланыс ұстап. Оларға да қолдан келгенше жәрдем көрсетеміз.  


Оқи отырыңыз: Қазақстанда Украина сценариі қайталануы мүмкін бе? Ермұхамет Ертісбаевтың жауабы


– Елден кетіп жатқандар көп. 100 мыңнан астам адам шекара асты деп естіп жатырмыз.

– Меніңше, Украинадан кетіп қалғандар саны миллионнан асып кеткен шығар. Тым көп.

– 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтарға қолға қару алып, елді қорғауға үндеу жасалды емес пе?

– Иә, мұндай талап та бар. Бұл жас аралығындағы азаматтардың елден шықпауына талап бар. Кетуге рұқсат жоқ. Бірақ, кетеміз деген ойымыз да жоқ. Осы жерде өстік, өндік, Украина өз жерімізге айналды. Елге қауіп төнгенде тастап кетіп қалмаймыз ғой. Менің өзім Ауған соығысына қатысқанмын.

Бірақ, қаруды есепсіз халыққа таратуға қарсымын. Жауды емес, көшеде жүрген өз адамдарымызды атып тасаған жәйттер болды.

Хаос орын алып кетті. Қолға қару тиді деп оңды-солды ата беруге болмайды. Тәртіп керек, ұйымдастырушы болуы қажет.


Оқи отырыңыз: Дархан Қалетаев Украинадағы ахуал туралы: Есігіңді теуіп кіріп жатса, қандай сезімде болар едің?


– Сіз – Украинадағы азшылық ұлт өкілісіз. Ресей Украинаға айып тағып отырғандай, ұлшылтық, азшылық ұлттардың тілін, мәдениетін шектеу, неонацистік ахуал елде байқала ма?

– Украинаның әр жерінде мұндай ұлтшыл топтар бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бірден айтайын, оның ауқымы соғыс ашатын деңгейде емес.

Тіл мәселесі бойынша өткен жылы жаңа заң қолданысқа берілді. Орыстілді мектептердің жабылғаны бар. Бұл тұрғыда тек Ресей емес, Венгрияда да Украинаға қарсылығын көрсеткен болатын. Әрине, үйіңе келіп ешкім "тек украин тілінде сөйле" деген талап қоймайды. Бірақ, қысым бәрібір байқалады. Мұны жасап отырған сол нацистік ұстанымды ұстанатын санаулы топтар. Азшылық ұлттар үшін бұл психологиялық тұрғыдан ауыр тиетіні рас.

Бірақ, 4-5 ұлтшыл үшін елге басып кіру дұрыс емес қой.

– Қазақстан бұдан қандай сабақ алуы керек деп ойлайсыз?

– Қазақстанда биыл болған қаңтар оқиғасынан хабардармыз. Украина секілді Қазақстан да Ресеймен шекаралас ел. Байқасаңыз, орыс тілі шектелген елдердің бәрінде қысым болып жатыр. Осыны ескерген жөн.

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары