Тікелей эфир

"Үш адамға кредит әперіп, үшеуін де өзім төледім". Қазақтар неге жақындарына несие алып беруге бейім?

Несие алдырушы адамның "қарызды өзім төлеймін" деп жазып берген қолхатының заңды күші бар ма?

Режиссер Фелисити Морристің Netflix платформасына шыққан "Tinder-дегі алаяқ" деректі фильмі көпшілік арасында резонанс тудырды. Себебі, ол шынайы оқиғаға негізделген. Саймон Леаваев есімді жігіт қыздардың сеніміне кірген соң, оларға несие алдырып, қарыз сұрай бастайды. Ол 2020 жылы желіде танысқан қыз-келіншектерді алдап, барлығы 131,2 млрд теңге алған.

Осы фильм шыққалы бері әлеуметтік желі қолданушылары біздің қоғамда да сенімге кірген соң, несие алып беруді өтінетін, қарыз сұрайтын "Саймон Леваевтар" көп екенін жаза бастады. Informburo.kz тілшісі солай достары мен жақын адамдарына несие алып беріп, алданып қалған адаммен сөйлесті. Сондай-ақ, психологпен және заңгермен тілдесіп, кеңес сұрады.

"Үш адамға несие алып бердім"

Маржан, 24 жаста. Мамандығы журналист. Елдегі танымал медиа компанияда жұмыс істейді. Ол жақындарына үш мәрте несие алып беріп, үшеуін де өзі төлеген.

"Бірінші несиені жақын араласып жүрген досыма алып бердім. "Онлайн несием бар еді. Тез арада төлеуім керек болып тұр. Сенен басқа сұрайтын ешкімім жоқ. Несиеге өтініш беріп көрші. Ал банк бермесе, ренжімеймін" деді. Ол кезде мойнымда ешқандай несие жоқ болатын. Досымның өтінішін жерге тастағым келмеді. Банк қосымшасы арқылы 250 мың теңге несиені екі жылда өтеуге өтініш бердім. Бірден оң жауап келді. Ай сайынғы төлем 10 мың теңгеден астам болатын. Оны досым өзі төлеп тұруға сөз берді. Қасымда жүрген, жақын танитын адамым болған соң сендім. Алайда, арада біраз уақыт өткенде банктен: "Несие бойынша төлеміңіз кешігіп жатыр. Қашан төлейсіз?" деп хабарласты. Досыма хабарлассам, ол: "Менде ақша болмай жатыр. Төлеймін. Ақшаға бола ренжіспей-ақ қояйық" деді. Солай бірнеше ай кешіктіріп төлеп жүрді. Ай сайын сол үшін ренжісетінбіз. Бірақ, соңғы 6 айы қалғанда шыдамым таусылды. Несиені бір-ақ жауып тастағым келді. Досым тек жарты ақшасын берді. Қалғанын тағы бір несие алып жаптым", – дейді Маржан.

Қазір Маржан ол досымен араласып тұрады. Арада хабарсыз қалған күндерде досы "Ақша үшін ренжіп жүрген жоқсың ба?" деп сұрайды екен.


Оқи отырыңыз: "Той мен құмар ойынға несие берілмеуі керек". Алайда экономист бұған заңдық негіз жоғын айтады


Маржан бұдан кейін тағы бір құрбысына микронесие беру ұйымынан 90 мың теңге алып берген. Айтуынша, құрбысы оқу ақысын төлей алмай жатқанын айтып, көмек сұраған. Бір айда қайтаратынына сендірген. Алайда, бұл жолы да төлем уақытылы жасалмаған. 

"Құрбым төлеуге ақшасы болмай жатқанын айтып, ай сайынғы төлемді қайта-қайта шегеріп отырды. Ал несие шарты бойынша, төлемді шегерген сайын пайызы арта береді. Бірақ, ол бәрін өзі төлейтініне сендірді. Арада біраз уақыт өткенде несие берген ұйымнан хабарласты. Қарыз 140 мың теңгедей болып өсіп, сот орындаушыларына өтіп кеткен екен. Сол үшін барлық есепшотымды бұғаттап тастады. Бір-ақ күнде бір тиынсыз қалдым. Ал құрбым "Қазір декреттемін, төлейтін жағдайым жоқ" деді. Амалсыз өзім төледім. Қазір ол қызбен араласпаймын. Бірнеше рет хабарласып көрдім, бірақ ұялды ма екен, жауап бермеді", – дейді Маржан.

Осыдан кейін Маржан "достардың арасында ақша мәселесі жүрмеуі керек" деген ұстанымға келген. Десе де, бұл тізімде туыстар болмаған еді. Інісі жұмысқа тұрғанын айтып, телефон алып беруін өтінген кезде "жоқ" дей алмаған.


Оқи отырыңыз: Банкрот деп танылған жеке тұлғаларға несие беріле ме?


"Інім жеткізуші болып жұмысқа тұрды. Қатты аяз болған кезде телефоны өшіп қала беретінін айтып, iPhone 8+ сматфонын алып беруімді өтінді. Алдыңғы жағдайлардан кейін маған несие берілмейтін болар деп ойлағанмын. Інім қоймаған соң, өтініш бердім. Тағы да оң жауап келді. Солай екі жылға 300 мың теңгеге заттай несие алдық. Басында ай сайынғы төлемді өзі өтеп жүрген. Жақында тағы да банктен хабарласа бастады. "Ай сайынғы төлемді неге кешіктіріп жатырсыз?" дейді. Сөйтсем, соңғы үш айда төлем жасалмаған. Несие тағы да сот орындаушыларына өтіп кеткен екен. Соңғы алты айы қалған еді. Енді тағы да несиені өзім төлегелі отырмын. Ал інім ол жұмыстан шығып қалды. Сол себептен де төлей алмай жүрген болар", – деп түсіндірді Маржан.

Осы жағдайлардан кейін Маржан ешкімге қарыз бермеуге бекінген. 

Адамдар неге несие алдырып, төлемей кетеді?

Психолог Эльвира Қасым көмек сұрағанның бәріне "жоқ" дей алмайтын, қарыз, несие алып беретін және қарыз алса да, қайтармай жүре беретін адамдардың әрекетін түсіндіріп берді. 

"Бес жылға жуық тәжірибемде осындай мәселемен көп адам келді. Топшылауымша, туысына, жақын адамына, тіпті бейтаныс біреуге несие алып бере салатын адамдардың басым бөлігі – көп балалары отбасында өскен, мойнына шектен тыс міндет жүктелген балалар. Көп жағдайда үйдің үлкені болуы мүмкін.

Олар бейсаналы түрде барлық адамға жауапкершілік сезінеді. Өзінің ішкі "менін" толықтыру үшін айналасындағы адамдарға шектен тыс көмек көрсетуге бейім болады. Мейлі, өзінде ақша жоқ болса да, қолындағы соңғы ақшасын бере салады немесе несие алып береді. 

Ал басқа біреуге несие алдырып, төлемей кететін адамдарға келсек, олардың да әрекетін психология түсіндіре алады. Бұл жерде "бейсеналы қарыз" деген мәселе бар. Оны осыдан бірнеше жыл бұрын қабылдауыма жазылған клиентімнің оқиғасы арқылы түсіндірейін. Оны кішкентай кезінде анасы өзінің бауырының тәрбиесіне берген. Бірақ, бұл жағдайды ресми түрде, балаға түсіндіріп, талқыламаған. Клиентім нағашысының бүкіл баласын бағып, қараған. Қысқасы, өзінің балалығы болмаған.

Осылай кішкентай кезінде жөнді балалығы болмаған, ата-анасына реніші көп балада бейсаналы түрде "ата-анам маған қарыз, себебі кінәлі, міндетті" деген ой болады. Ал оның астарында "әлем маған міндетті" деген түсінік тұрады. Себебі ата-анасы қажетті деңгейде рөлін атқарған жоқ.

Клиентім бірнеше қабылдаудан кейін өзінің осы бейсаналы әрекетін түсінді. Өзін қинап, жәбірлесе ғана ата-анасының көзіне түсіп, аяушылығын ала алатынын ұққан соң бейсаналы әрекетін тоқтатып, жұмысқа орналасты. Несие алдыртқан адамдарының қарызын біртіндеп қайтара бастады", – деп түсіндірді психолог.

Оқи отырыңыз: Несие шартына қол қоярда неге назар аудару керек?


Заң не дейді?

Заңгер Сергей Уткин үшінші тұлғаларға – әріптесіне, танысына, досына немесе туысқанына несие алып беретін адамдарға бірнеше кеңес берді.

"Бұл өте кең таралған тәжірибе: адамдар несие тарихының нашар екенін айтып, біреуге банктен қарыз алып беруді өтініп, төлеуге келген кезде не жоғалып кетеді, не ақшасы жоқ екенін айтады. Соңында қайырымдылық танытып, несие алып берген адам зардап шегеді. Қайткен күнде де қарызын өтеуі керек. Сома аз болса жақсы. Ал кейде мүлкін кепілге қойып, өте көп мөлшерде несие алып беретіндер де болады. Мұндай кезде кепілзатты алып қоюы да мүмкін", – дейді заңгер.

Ал, несие алдырып отырған адамға қарызды өзі төлейтіні туралы қолхат жаздырып алса, көмектесе ме? Заңгер бұл да кепіл бола алмайтынын айтады.

"Несиені өзіңіз қайтарған соң, сотқа жүгініп, қолхат бойынша қарызды өндіріп алуға болады. Бірақ, біріншіден, бұл уақытты талап етеді. Екіншіден, білікті заңгер табу керек. Ең бастысы, көп жағдайда борышкерден ештеңе ала алмай жатады. Себебі, ол не ресми түрде жұмыссыз, не мүлкі жоқ болып шығады. Сөйтіп, сот шешімдерін орындау үшін борышкерлердің базасында жай ғана ілулі тұрады. Ал мұндай адамдар Қазақстанда өте көп", – деп түсіндірді Сергей Уткин.

Сондықтан, заңгер біреуге несие алып беруден бас тартуға кеңес береді.

"Бас тарта білуіңіз керек, бұл қалыпты жағдай. Біз қарым-қатынасты бұзбау үшін "жоқ" деп айтуға қорқамыз. Бірақ бұл керісінше болады – қарым-қатынас несие алуға немесе мүлікті кепілге қоюға келісіп, оны танысыңыз төлемей кеткен кезде бұзылады", – деп қорытындылады заңгер.

! Несие тарихының деректер базасына сәйкес, 3 миллион қазақстандықтың ғана банктерде қарызы жоқ. Былтыр Бірінші кредиттік бюро елде бөлшек қарыз өсіп жатқанын тіркеген. Қазақстандықтар тауарды да көбірек ала бастаған. Тұтынушылық қарыз сомасы бес триллион теңгеден асады.
Серіктестер жаңалықтары