Тікелей эфир

Ескі айыппұлдарды қалай жоюға болады? Автокөлік иелеріне нұсқаулық

Егер ереже бұзсаңыз және біраздан бері атыңыздағы айыппұл төленбей тұрса, не істеу керек?

Автокөліксүйер қауым айыппұлды басына түскен бір бәлекеттей көретіні рас. Әрине, айыппұл төлегіңіз келмесе, ең дұрыс жолы – жол ережесін қатаң сақтаңыз. Бірақ, егер сіз қандай да болмасын заң бұзушылыққа жол беріп алсаңыз және ол үшін көптен бері атыңызда айыппұл тұрса, не істеу керек? Мұндай айыппұлдарды, оның ішінде жол бойындағы камера тіркеген заң бұзушылық бойынша айыппұлдарды алып тастауға болады. Ең бастысы, олардың уақыты 1 жыл және 25 күннен асып кеткен болуы керек. Informburo.kz ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістердің қандай мүмкіндіктер беретіні туралы зерделеп көрді.

№1. Айыппұл дегеніміз не?

Бірінші кезекте оның не екенін еске түсіру керек. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сай бұл әкімшілік өндіріп алудың бір түрі, яғни мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Мұндай жазалар заң бұзған жеке тұлғаны тәрбиелеу және жаңа құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қолданылады. Сондықтан айыппұлдан кейін мәселеге бас қатырмас үшін оны дер кезінде төлеп тастаған дұрыс. Егер, айыппұл мерзімі өтіп кеткен болса, келесідей қадамдар жасау керек.

№2. Айыппұлды қалай жеңілдетілген тәртіппен төлеуге болады?

Егер жолда полицей қызметі айыппұл салса, оны 50% жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік бар. Бұл жеті тәулік ішінде төлеуге болатын қысқартылған өндіріс деп аталады. Осылайша полиция қызметкерінен 50% жеңілдік аласыз.

Мұндай өндіріс бұрын арнайы камераларға түсіп қалған құқықбұзушылықтарға жүрмейтін. Ал, соңғы түзетулерге сәйкес оларға да жеңілдіктер қарастырылған.

Алайда мұнда маңызды жағдай бар: сіз ережені бұзғаныңызды мойындауыңыз керек.

№3. Айыппұл бар екенін қайдан білуге болады?

Оны ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық қызметі арқылы тексеруге болады. Бізді қызықтыратын бөлім "Айыппұлдар туралы мәлімет" деп аталады.

Қызметті пайдалану үшін жеке куәлік немесе төлқұжат деректерін енгізу қажет. Егер мойныңызда айыппұл болса, жүйе тиісті мәліметтерді ұсынады.

№4. Айыппұлдарды өндіру бойынша қаулының орындалу барысын қалай білуге болады?

Айыппұлыңыз бойынша мәжбүрлеп өндірудің бар-жоғын білу маңызды. Бұл не? Егер құқықбұзушы айыппұл төлеуден бой тасалап жүрсе, әкімшілік құқықбұзушылыққа қаулы негізінде мәжбүрлеп өндіріп алу қолданылады. Бұл процес екі кезеңге бөлінеді: қаулыны орындауға жіберу және орындау. Егер қаулы күшіне еніп, оны бір жыл ішінде сот немесе сот орындаушыларына жолдамаса, ол қаулы орындауға жатпайды. Құқықбұзушы айыппұлды төлемеуге құқылы. Құқықбұзушыға істің ресми түрде мәжбүрлеп орындауға жіберілгені туралы хабарлама беріледі. Яғни сізге полицияың не сот орындаушының мөрі басылған құжат ұсынылуы керек.

Сондықтан да сіздің айыппұлыңыз бойынша істің өндіріске кеткен бе, жоқ па біліп алыңыз. Оны ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтынан білесіз.

Егер борышкерлер базасынан өз аты-жөніңізді таппасаңыз, айыппұлды алып тастауға болады. Егер сіз базадан тапсаңыз, онда сот орындаушы сіздің айыппұлыңыз бойынша жұмысты бастап кеткен деген сөз. Сәйкесінше, айыппұлды алып тастауға болмайды. Бұл ретте жалғыз жол – сот орындаушымен хабарласып, оны төлеп тастау.

№5. Айыппұлды алып тастау үшін өтінішті қалай өткізу керек?

Келесі қадам – өтініш тапсыру. Оны заң бұзушылық тіркелген өңірдің полиция департаментіне жолдайсыз. Бұл ретте, мерзімі 1 жыл және 25 күннен асқан айыппұлдар бойынша жазатыныңызды ұмытпаңыз.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жаңа редакциясына сай енгізілген 889 және 890 баптарға сүйеніп йыппұлдарды алып тастатуға мүмкіндік бар (аталған өзгерістер 9 қаңтардан бастап күшіне енді). Бұрын бұл жеңілдіктің күші тек жол бойындағы полицейлер жазып берген өндіріп алуларға ғана жүрсе, енді бейнебақылау арқылы келетін айыппұлдарға да қатысты.

Өтінішті жазбаша түрде "Электронды үкімет" портал арқылы да берсе болады. Ол үшін "Электронды өтініштер" бөліміне кіру керек, форманы толтырып, мәтіндік файл мен қол қойылған скан нұсқаны жүктеп, ЭЦҚ-мен қол қоясыз. Егерде алдын ала жазба болмаса, ІІД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе бөліміне телефон арқылы хабарласу керек.

№6. Өтініштің үлгісі

Өтініш сіз туралы жеке мәліметтерді, оның ішінде ЖСН, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жазбасы туралы ақпаратты қамтуы керек. Мұндай өтініштің үлгісін Фейсбуктағы парақшасында қорғаушы Джохар Өтебеков жариялады.

ІІД (сол өңірдің),

Пәленше Паленшеевтен

ЖСН

Тіркеу мекен-жайы,

Байланыс телефондары

Жарлықты орындауды тоқтату туралы өтініш

"___" қаңтар 2018 жыл

Мен әкімшілік жазаға тарту, айыппұлды төлеу туралы жазбаны (жазба мерзімі) алдым. Ол жазба әзірге жеке сот орындаушыларға мәжбүреп өндіріп алуға жолданбаған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің (ӘҚБК) 890 бабының 1 бөліміне сәйкес, айыппұлды төлеу туралы жарлық заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде орындалмаса, әкімшілік жаза орындалуға жатпайды. ҚР Құқық бұзушылық кодексінің 889 бабының 4 тармағына сай, жарлықты жазған орган қаулыны орындауды тоқтатып, жауапкер тұлғаны әкімшілік өндіріп алудан босатады.

ӘҚБК 887 бабының 2,4 бөліміне сай айыппұлдарды өндіру туралы жарлықты орындауды тоқтату мәселесі оны жазған органда 3 күн қаралып, қорытындысы бойынша қаулы шығарды. Кодекстің 887 бабының 5 бөліміне сай аталған қаулының көшірмесі жарлық жазылған жеке ұлғаның қолына берілуі керек.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, СІЗДЕН:

  • Әкімшілік өндіріп алудан босатуды, айыппұлды өндіріп алу туралы жарлықты тоқтатуды;
  • Маған осы өтінішті қарау бойынша шыққан қаулының көшірмесін беруді;
  • Айыппұлды полицияның есеп базасынан алып тастауды сұраймын.

Аты-жөні, тегі.

Авторы Юрий Масанов.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары