Тікелей эфир

Қазақстан Қытай мен Американың коронавирусқа қарсы екпесін алады. Халықты жаппай вакцинациялау қашан басталады?

Алматыда 10 мыңға жуық маман Спутник-V екпесін салдырған.

Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың айтуынша, сәуірде коронавирусқа қарсы екпенің 30 мың дозасы қолжетімді болса, екпе алатындардың тізімі көбейеді. Бірінші кезекте жүрек, қан тамырлары және бауыр ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрғандарға вакцина салынады. Ал қала одан көп мөлшерде екпемен қамтамасыз етілсе, тұрғындарды жаппай вакцинациялау мәселесі туындайды.  

"Жақын күндері біз өзіміздің отандық вакцинаны да коронавирусқа қарсы қолданамыз деп отырмыз. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан қытайлық және америкалық вакцинаны елге әкелу мәселесі талқыланып жатыр. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Біз осы екпеге үлкен үміт артып отырмыз. Халықты барынша жаппай екпемен қамтамасыз етсек, індеттің таралуын барынша тежеуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан жалпы халықтық вакцинация мәселесі біз үшін өте өзекті", – деді Нариман Табынбаев.

Оның айтуынша, Алматыда ақпанда 1 750 медицина қызметкеріне вакцина егілді. Олардың барлығы ревакцинациядан өтті. Ал екінші кезең 2021 жылдың 1 наурызында басталды. Бұл кезеңге Спутник-V вакцинасының қосымша 10 800 дозасы алынды. Қазіргі таңда 6 550 адамға екпе салынды. Олардың:

  • 60 пайызы – "қауіпті аймақта" жұмыс істейтін медицина қызметкерлері;
  • 18 пайызы – ұстаздар;
  • 12 пайызы – құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Коронавирусқа қарсы екпе мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатыр. Әзірге жергілікті бюджеттен вакцинаны сатып алуға бір тиын да шығын шыққан жоқ.


Оқи отырыңыз: Коронавирус вакцинасы оразаны бұзбайды. Бірақ ҚМДБ вакцинаның халал екеніне кепілдік бермейді


Алматыда соңғы тәулікте коронавирустық инфекцияның 297 жағдайы тіркелді. Сонымен қатар, өткен тәулікте 143 науқас сауығып шықты. Стационарлық емдеуде 1 239 адам жатыр. Оның 64-і – бала. Ересек 13 науқастың жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Серіктестер жаңалықтары