Тікелей эфир

Қытай мен Түркия тауарына қалай қазақ тілінде тапсырыс беруге болады? Кәсіпкермен сұхбат

Сержан Тоқайұлы Фото Сержан Тоқайұлының жеке архивінен алынды
Сержан Тоқайұлы Фото Сержан Тоқайұлының жеке архивінен алынды
Бизнесмен Қазақстан үкіметіне қазақ тілін автоматизациялауға арналған жобаны ұсынып отыр.

Сержан Тоқайұлы Қытайдың Құлжа қаласы Күнес ауданы Қарабура ауылында дүниеге келген. 2016 жылы ата-анасы, ағасы мен інісі Қазақстанға көшіп келеді. Өзі Қытай ұлттық қазына экономика университетінде білім алып жатқандықтан Пекинде қалып қояды. Кейін VI курстың төртінші семестрінде оқуынан шығып, сауда-саттықпен айналыса бастайды. Бүгінде қазақстандықтарға Қытай мен Түркиядан тауарын тасымалдап әкелетін компаниясының 12 филиалы бар. Алда Қазақстанның барлық 187 ауданында тауар тасымалдау логистикасын цифрландырып, филиал ашуды жоспарлап отыр. Мұнымен қатар, ол бизнесті алғаш қалай бастағаны, қандай қиындықтарға тап болғаны және жасалып жатқан қазақ тілін математикалық формулаға салып, ғылым тіліне айналдыруға көмектесетін қосымша туралы әңгімеледі. 

– Сауда-саттық саласына қалай келдіңіз?

– Университет қабырғасында III курстан IV курсқа өтетін жылы Иу қаласынан тауар алып, оны ауылға апарып саттым. Әкем Пекинде оқып жүрген баласының бұл ісіне намыстанып, мені қайта оқуға жіберуге асық болды. "Демалысың қашан аяқталады, қашан қалаға қайтасың? Ақыры қызмет істемесең, онда қазірден қой баға бер" дейтін. Ол кісілер де сол уақыттағы өзге ата-аналар секілді костюм-шалбар киіп, үкіметте қызметте болғанымды қалады.

Бірақ қазір керісінше өзімізге ұнайтын іспен айналысып жүргенімізге қуанып, қолдау білдіріп отырады. Отбасым 2016 жылы Қазақстанға көшіп келді, мен IV курста оқып жүргендіктен, Қытайда жалғыз қалып қойдым. Иу қаласы арнайы Қытай үкіметінің жоспарымен жасалған халықаралық сауда орталығы. Сол қалаға барып бизнестің қайнап жатқанын көрген соң, төртінші курстың соңғы семестрінде оқудан шықтым. Шыны керек, мұны отбасым әлі күнге дейін білмейді. Өйткені, Қазақстанда диплом алған күні көрімдік беріп, туған-туысты шайға шақырып атап өтеді. Ал Қытай қазақтарында мұндай дәстүр жоқ, диплом тек жұмысқа кіретін кезде ғана сұралады.

Осылайша оқудан шыққан соң тағы тауар алып, We Chat статусында жарнамалай бастадым, аккаунтымды түрлі топқа салдым. Қытай тілін білмеген қазақтарға тауар алу үшін сенімді делдал болдым. Күнделікті 50-70 мың теңгедей тауып жүрдім. Бір күні отбасыммен Қазақстанға көшіп кеткен кіші інім хабарласып, Алматыға барып, бір істі қолға алғысы келетінін айтты. Өйткені, бұл уақытта отбасым бар 20 сиырдың сүтін сатып күн көріп отырды.

Жырақтағы отбасыма көмектесу жолын іздеп жүріп Қазақстанға Қытайдан көшіп барған жігіттермен сөйлестім. Солардың бірі Ахметбек Нұрсила деген кісінің "Бизнес бастау" курсы бар екенін айтты. Youtube видеохостингінен видеоларын қарап, ініме менеджерлерінің нөмірін тауып бердім. Қосымша Алматыда тұратын пәтері мен тамағына деп 200 мыңдай ақша салып жібердім. Курсты тәмамдағаннан кейін інім клиенттер тапты, мен Қытайдан тауар салып жіберіп тұрдым. Алғаш салмағы 40-50 килограм болатын көлік қаптамаларын салып жібергенім есімде. Сол кезде қашан камаз-камаз тауар жолдаймын деп армандайтынмын. Бастапқы кезде біраз қиындықты өткердік. 


Оқи отырыңыз: "Үй мен көлігімді саттым". Атыраулық хакер қалай отандық такси қосымшасын әзірледі?


– Ол қандай қиындықтар еді?

Біріншісі – ішкі қиындықтар. Дәл сол уақытта қолымда сауда платформасы болмады. Егер ол болса, платформаға киім тігетін зауыт, тігінші, дизайнер, логистикалық компания және клиенттерді тіркеп, жұмысты автоматтандыруға болатын еді. Әдетте бір сәнгер үлкен компанияға дизайнды қымбат бағаға жасап береді. Ал мен айтып отырған Inter good платформада киімнің зауыттан үлкен көлемде шығатынының арқасында табысын еселей алатын еді. Яғни тек сәнгердің емес, осы процеске қатысытан барлық маманның табысы еселенеді. Ол уақытта осының барлығы ешқашан жүзеге аспайтындай болып көрінді. Бір жағынан Пекинде атағы Алатаудай университетте білім алып, айналысып жүргенім майда-шүйде істер деген ой да мазалады.

Қазақстанда тұрып жатқан отбасым мен үшін алаңдап, хабарласқан сайын қиналсам келуімді сұрады. Екіншісі – сыртқы қиындықтар. 6 айдай пәтер ақшасын төлей алмадым, тапқан табысым жүріп-тұруымнан артылмады. Үйдегілерден қаржылай көмек сұрауға намыстанып, достарымнан 1-2 миллион қарыз алдым. Осылай жүргенімде Қазақстаннан бұрын Қытайдан көшіп барған кісі келді. Менің жұмысты жүйелей алмай жүргенімді көріп 2-3 млн теңге ақша шығарып, дүкен ашып берді. Ол дүкенде Америка, Малайзия, БАӘ, Үндістан секілді мұсылман халқы көп елдердің компаниясына электронды жайнамаз саттым. Осы дүкенде жұмыс істеп жүріп бизнестен қалай пайда көруге болатынын түсіндім. ЖОО-да оқымай-ақ бірден неге саудаға келе бермедім деген де ой болды. Бірақ барлығы өз ретімен жүзеге асады екен. 

Сурет: Сержан Тоқайұлының мұрағатынан

– Сізге бизнес бастауға алғашқы капиталдан гөрі, тіл білуіңіз көбірек көмектескен сияқты ма?

– Расымен де, қытай және ағылшын тілін жетік білмесем, сауда-саттыққа келе алмайтын едім. Дәл қазір әлемде 300 мың қазақ бір жерде шоғырланған аудандар бар. Ал осыдан он шақты жыл бұрын Күнес ауданында 200 мың қазақ тұрды және бұл әлемде қазақтар көп шоғырланған ең үлкен аудан болды. Бір жылда қазақ мектебін 16 сынып қатар бітіріп, 2010 жылы университетке түстік. Бірақ алғашқы екі жылда университетте қытай тілін үйретеді. Оның үстіне Пекинде ортаң таза қытайлар болған соң, тілді қаласаң да, қаламасаң да үйреніп аласың. Ал ағылшын тілін үйренуіме мектепте бірге оқыған досым себепші болды.

I курстың бірінші семестрін тәмамдаған соң, маған қоңырау шалып ағылшын тілін бірге үйренуді ұсынды. Ағылшын тілін үйрететін қазақ мұғалімдер Үрімшіде болды, ал ол жақта пәтер қымбат еді. Осылайша IV курсты тәмамдағанша әр семестрдің соңында 25 күн қатар ағылшын тілін үйрендік. Күнде таңғы сағат төрттен сегізге дейін тамағымыз қарлыққанша сөздерді жаттап, ережелерді қайталайтынбыз. Үрімшідегі қазақ мұғалімдерінің арқасында тілді қалай дұрыс үйрену керектігін ғана емес, университеттің өмірге керек білімнің 5 пайызын да бермейтінін ұқтым. Яғни емтихан үшін емес, өзің үшін білім алуыңыз керектігін. Дәл сол жылдары ағылшын тілі қажет болмаса да, пайдасын бағана айтқан дүкенде араға үш жыл салып көрдім. Бұдан кейін іс бастауға жүрген ортамыз көбірек әсер етті.

Біз Қазақстандағы қазақтар үшін аздап пысық болып көрінуіміз мүмкін. Бірақ Қытай халқы әлдеқайда еңбекқор. Біз таңғы сағат 7-де тұрсақ, олар таңғы 4-те тұрады, ең қызығы, бізден әлдеқайда кеш жатады және артық жұмыс істейді. Қарап тұрып "Қашан демалып үлгереді? Өздері шаршамай ма?" деп ойлайсың. Сондай-ақ, мен оқыған университет секілді 211, 988 санатына жататын ЖОО-ларда еш жерде жарияланбайтын онлайн нұсқадағы кітаптар көп көмектесті. Бірақ еш жерде басылып шықпайтынын оқудан кеткен соң ғана білдім. 

– Кітап авторлары есіңізде ме?

– Ол Қытай үкіметі мен Джек Маның Alibaba компаниясының білікті сарапшылары бірігіп болашаққа жоспар құру мақсатында өткенге анализ жасаған кітабы. Яғни дәл бір авторды атау қиын. 

– 2017 жылдан бері Қазақстанда сауда-саттықпен айналысып келесіз. Неліктен тек Қытай мен Түркияны таңдап отырсыз? Басқа көрші мемлекеттермен бұл саланы дамыту ойыңызда бар ма?

Біз істеп жатқан сала бойынша Blogging атты компания бар. Біз соңғы бір айда 600 мың сәлемдеме жеткізсек, олар тек 30 мың тасымалдады. Алайда тапқан табысы біздікімен бірдей, таза кабинетте жұмыс істеп отыр. Неге? Біріншіден, олар тауарды тек Америка мен Англиядан тасымалдайды, екіншіден, процесс бір жүйеге келтірілген. Қытайда да барлығы бір ізге түскен, толтыратын құжат барлығы бірдей. Ең бастысы – Қытай адамның нақты проблемасын шешіп беретін, күнделікті тұрмыста қажет тауарлар шығарады, экономикалық өндіріс қуаты жоғары және қойма мен шекара мәселесін шешу оңайырақ болды. 

Былтыр жазда карантинге байланысты Қытайда сауда бәсеңдей бастады және 2022 жылдың басында шекара жүйесі толықтай өзгерді. Ауыс-түйіс себебінен елге 3-4 ай көлемінде тауар әкеле алмадық. Осы кезеңде бизнес талқылардың бірінде неге Түркиямен жұмыс істеп көрмеске деген ой келді. Бірден Түркияда қойма ашып, жұмысты бастап кеттік. Бірақ ол жақта логистикалық компаниялардың жұмысы бір ізге келтірілмеген.

Мысалы, Қытайдан 40 мың тауар шығарғанда қандай қиындыққа тап болсаңыз, Түркиядан 4 мың тауар шығарғанда дәл сондай қиындықпен бетпе-бет келесіз. Сондықтан бұл Қытаймен сауда бәсеңдеген кезде қолданатын қосымша бағыт қана. Келер жылғы жоспарға Түркия енбеуі мүмкін. Сондай-ақ, Қырғызстан мен Өзбекстанмен жұмысты қолға алып жатырмыз. ТМД ішіндегі түркі тілдес ұлттарға ортақ қосымша болса, барлық жұмыс жеңілдейтін еді. 


Оқи отырыңыз: 700 мың теңгемен басталған бизнес. Ауыл кәсіпкері қалай агротуризмді дамытып отыр?


– Енді нақты тапсырыс беру процесіне келсек, сіздер арқылы тауар алу үшін не істеу керек?

– Бастапқыда бұл процестің бәрін клиент толық бақылай алмайтын. Ал қазір қазақ тіліндегі қосымшаның арқасында олар тауардың зауыттан бері қарай шыққан-шықпағанын, шекарадан өткен-өтпегенін және Қазақстанға келген уақытын көре алады. Бұл үшін серіктестеріміз оларға қалай тапсырыс беру жолын үйретеді. Бастапқыда курс бағасы 150-180 мың теңгеге баратын, қазір оны 10 мың теңгеге оқи алады. Осы курста сайтқа тіркеліп, тауар іздеуді, оған тапсырыс беруді, ақшасын төлеуді үйренеді. Қосымшаға өз аккаунтымен кіріп, тапсырысы Қазақстанға келгенде қоймадан алып кетеді. Біз негізінен клиенттерге Қытайдағы қоймамыздың мекенжайын беріп, тауарын елге әкеліп береміз.

– 2022 жылғы оқиғалар жұмыстарыңызға қалай әсер етті?

– Осы саладағы бір ағамыз "Биыл бизнесім жақсы болды деген сен ғана" деп әзілдейтін. Расымен, өткен жылы керісінше тұтынушылар саны 21 мыңнан 149 мыңға дейін өсті. Қазақстан ішінде тауарлар қымбаттай бастаған соң, халық оны сырттан тікелей алдырудың әлдеқайда тиімді екенін түсінді. Оның үстіне оптом саудамен айналысатындар көп тауар алып нар тәуекелге барғысы келмейді. Біз B2C нарығымыз, яғни бізде бизнес жоқ, бірақ клиенттерге қызмет көрсетеміз. 

– Тұтынушы саны қалай 128 мың адамға артты? Бәріне қалай үлгердіңіздер?

– Бұл үшін біз серіктестер санын көбейттік. Бұрын тапсырыс беру жолын өзіміз үйретсек, қазір бізден үйренгендер басқаларға үйретеді. Бұған дейін айтқан 10 мың теңгенің 9 мыңын өзіне алып қалады, қалғанын бізге береді. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша 12 филиалымыз бар. Осы филиалдарға тұтынушылар платформа көмегімен кемінде 5 тоннаға дейін тапсырыс береді. Бүгінде бір филиал жоқ дегенде айына 3 500 доллар пайда көреді. Болашақта Қазақстанның барлық 187 ауданында филиал ашуды жоспарлап отырмыз. 

– Филиал ашқысы келетін қазақстандықтарға қандай шарт қоясыздар?

Екі шарт бар: біріншісі сауда-саттықтың басы қасында жүрген, осы жүйені түсінетін адам болуы, екіншісі өз атында қоймасының болуы. Франшиза үшін ешқандай қаражат талап етпейміз. Мысалы, Ақтөбедегі адам бізге сенбеуі мүмкін, бірақ өз ауданында, қаласында филиал, сұрау салатын адам барын көріп қуана тапсырыс береді. Бұл экономиканың "бөлісу" түріне жатады, осының арқасында қазақстандықтар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта алады деп сенемін. Алда осы филиалдардың жұмысын жандандыру үшін елдегі логистиканы цифрландыру маңызды.

2016 жылы Қытайда 18 сағат ішінде 3 500 километрге дейін тауар жіберетінін өз көзіммен көрдім. Қазақстанға да осы жүйені енгізгіміз келеді. Бізде "Қазпошта" бар, бірақ оның мүмкіндіктері төмен, толтыратын құжат бар, сәлемдеме кеш жетеді дегендей. Бұл қаражатты клиенттен емес, үкіметтен көбірек алатынымен байланысты болса керек. Яғни қазақстандықтар филиалды нөл теңгемен аша алады. Бастысы, істеймін, көремін деген амбициясы болса болды.

– Көп жағдайда Қытайдан тауар көп кешігеді, бұл қандай факторларға байланысты? 

– Еуропа мен Ресей B2B, B2C нарығында да жұмыс істейді және тауарды Қазақстан арқылы алдырады. Оларда толтыратын құжат бір ізге түскен. Көбіне B2B нарығында, яғни тауарды үлкен көлемде алатындықтан, еш қиындықсыз өткізеді. Оның үстіне сауда-саттық бұрыннан дамыған.

Екіншіден, клиенттеріміз  санкция салынған мемлекетке қауіп төндіретін видеокарта, қатқыл диск, электронды темекі, планшет, компьютерге тапсырыс береді. Біз әр тапсырысты қадағалай алмайтындықтан, камазда мұндай тауарлар барын кеденге келген кезде біліп жатамыз. Кейін іс сотқа барып, айыппұл төлеп жатып жүкті 3-4 айда әрең шығарамыз.

Үшінші себеп – тауардың әр зауыттан келгенін күтіп, оны қаптау. Осыны алда аппарат орнату арқылы жылдамдатайын деп отырмыз. Біз бір күнде 15 мың тауарды реттей алсақ, аппарат бір сағатта 18 мың тауарды реттеп шығады. Мұнымен қатар, кеденнен ұсақ-түйек тауарларды өткізу мәселесін реттесек, салық жағынан да жеңіл болатын еді. 


Оқи отырыңыз: Режиссер Дархан Төлегенов: Кино – иррационал өнер, екі элементті қосқанда не шығарын білмейсің 


– Тауар бағасының өсу динамикасы қандай болды? 2022 жылы қай тауарлар хит болды?

– Қытайда тауар ең көп дегенде 4-5%, электроника бағасы 10-12% қымбаттады. Алайда теңгенің құнсыздынауына байланысты қазақстандықтар үшін тауар бағасы айтарлықтай артты. Адамдарға нақты мәселесін шешетін тауарлар қызық. Мысалы, қарапайым баланың есімін жаздырып, киіміне мөр басатын затты биыл көп сатып алды. Мөр киімді қанша жусаңыз да кетпейді, балабақшаға баратын балаңыздың киімі шатаспайды. Шаш түсін өзгертетін сусабын да, түрлі техника да көп сатылды. Жуырда қоймаға электронды құлып қойдырдық. Кілтті үйде ұмытып кеттік деген мәселе жоқ, қолтаңбамен аша береміз. 

– Үлкен арман-мақсатыңыз қандай?

– Бар болғаны қазақтың нақты мәселесін шешіп беретін шешімдер ұсынып, соны жүзеге асырсам деймін. Ақшаға аса жоқпын, қаржы мәселесін кіші інім, тауардың межеленген жеріне жетуін ағам қадағалап отырады. Мен тек арада туындаған нақты проблемаларды шешуге күш жұмсаймын. Жүйемізді цифрландыруға IT маман үлкен үлес қосты. Қазір Айтан есімді азаматтың патентінде қазақ тілін автоматизациялауға арналған жоба бар. Мысалы, сіздер секілді журналист қауымы сұхбатты диктофонға көшіріп, кейін қағаз бетіне түсіреді. Ал мен айтып отырған қосымша оның барлығын өзі жасап, қажет десеңіз аударып береді. Бұл әлемде әлдеқайда дамыған қосымша, бірақ ол тек 16 ең көп қолданалатын тілді таниды.

Басқа ауқымы тар тілдерді зерттеуге Google сияқты компанияларға қаржы бөлу тиімсіз. Құры "Барлығы қазақ тілін білуі керек, қазақша сөйлесін" деп кеудені қаққаннан ешнәрсе шықпайды, шындыққа тура қарауымыз керек. Ең танымал 16 тілді азаматтар патриот болғаны үшін емес, нақты қажеттілік бар себепті қолданады. Қазақ тілінде ғылыми еңбектер жоқтың қасы, сондықтан бірінші кезекте қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруымыз керек. Мен айтып отырған қосымша мәтінді немесе аудионы 96% дәлдікпен аударып береді. Бүгінде сапалы білімге қол жеткізе алмай отырған әрбір ауылдың баласы осы қосымша арқылы кез келген ресурсты қазақ тілінде тыңдай алады. Дәлдіктің жоғары болуы қазақ тілін математикалық формулаға салумен байланысты.

Ал Яндекс, Google қосымшалары қолданыс аясы тар тілдерді тек дыбыс негізінде аударады. Тілді математикалық формулаға салып аудару тәсілі тек 16 тілге қатысты қолданылған. Соңғы екі жылдан бері айналысып жатқанымыз осы қосымша, үкімет және басқа да тиісті органдармен байланысқа шығып жатырмыз. Өйткені, зерттеуді кеңейту, қолданысқа енгізу үшін көп қаражат қажет. Егер балапандарымыз білімді болса, елдің ертеңі үшін алаңдамасақ болады. Америка, Еуропа елдерінде идеология мықты, қарапайым TikТok желісінде еш танысы, еш капиталы жоқ азаматтардың өз еңбегінің арқасында үлкен жетістіктерге жеткенін санасына сіңіреді. Яғни, кім жасаса да, мұндай қосымша балаларымыздың болашағы үшін керек. 

– Қосымшаны біз шамамен қашан пайдалана аламыз?

– Негізгі конструкциясын тәмамдап, қосымша ғылыми еңбектен бағдарлама деңгейіне өтті. Барлық жұмысты бағдарламашы серіктесім екеуіміз аяқтай алмаймыз, уақыт та тапшы. Сол себепті үкіметтен көмек сұрап отырмыз. Шамамен алдағы 5 жылда толық жұмысы аяқталады деп үміттенемін. 

– "Ақша ұстай алмаймын" дедіңіз, десе де қайда инвестиция жасағанды дұрыс көресіз?

– Кітапты көп оқымасам да, сатып ала беретін әдетім бар. Биыл Қытайдан 150 зат алсам, соның 60-70-і қытай тіліндегі кітаптар. Қаражатты негізінен қазақ тіліндегі қосымшаларды дамытатын IT компания мен логистиканы цифрландыру жүйесіне жұмсаймын.  


Оқи отырыңыз: Ғалым Мәншүк Жексембекова: Қазақстанда күнделікті тағамға жаңғақ қосу мәдениеті қалыптаспаған


– Өміріңізге ерекше әсер еткен тұлға кім?

– Алғаш істі қолға аларда Наполеон Хилл мен Дейл Карнегидің кітаптарын көп оқып, барлығы өз қолымда екенін түсіндім. Бар болғаны құры арманның жетегінде жүре бермей, нақты қадамдар жасау қажет. Уақыт өте келе діни кітаптарды көбірек оқып, бар жауапкершілікті бір өзіме артып алуым дұрыс емес екенін ұқтым. Қолыңнан келген істі жасайсың, қалғанын бір Аллаға тапсырасың. Жаныңдағы адамдарға шынайы болып, сенім артуды үйрендім. Мысалы, бізде 12 филиал болса, соның сегізінде жұмыс істейтін адамдарды өмірде көрген емеспін. Қоластымда жұмыс істеп жүрген азаматтар жұмысшыларым емес, менің серіктестерім деп білемін. Пайдаңды бөлісе білсең, осылай табысың да арта береді. 

– Бір істі қолға алғысы келіп жүрген құрдастарыңызға беретін үш кеңес қандай?

Біріншіден, бизнесте болыңыз, басқа салада болыңыз, көбірек кітап оқу. Кітап іздеген сұрақтарыңыздың жауабын ғана емес, өзіңізді табуға көмектеседі. Біздің 90% әрекетіміз сырт көзге жақсы көріну үшін, жауапкершілікті айналамыздағыларға артып, себепті сырттан іздеу үшін, 10% әрекетіміз ғана өзіміз үшін. Ал кітапқұмарлық "ұят болмасынды" 80/20 пайыз етіп өзгертеді. Эйнштейн айтқандай, кітапты оқып шыққан соң есте қалғанның барлығы білім. Егер дін жолындағы адам болсаңыз, Құран да "оқы, оқы, оқы" деген сөздерден басталады.

Екіншіден, ертең емес бүгін жұмыс жасау. Барлығын ертеңге қалдырып қорқып жүре берсеңіз, өміріңіздің қалай өте шыққанын байқамай қаласыз.

Үшінші, қуанышты да, сәтсіздіктерді де жеңіл қабылдауды үйрену. Бір ісіңіз алға баспады ма қатты өкініп, терең күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Керісінше сабақ үшін алғыс айтып алға жылжыңыз. 

Серіктестер жаңалықтары