Тікелей эфир

Үкіметте ауыс-түйіс аяқталды. Жаңарған министрлер кабинетін таныстырамыз

Қайта жасақталған Үкіметте бұрынғы 2 министрге орын табылмады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жаңа үкімет мүшелері тағайындалды. Жаңарған министрлер кабинетінде кім қызметінде қалды және кімдер су жаңа министр болып тағайындалды? 

Премьер-министр Әлихан Смайылов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен парламент мәжілісінің пленарлық отырысында Әлихан Смайылов үкімет басшысы болып қайта тағайындалған еді.

Әлихан Смайылов / Фото: informburo.kz

Әлихан Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 2022 жылғы 11 қаңтардан бері үкімет басшысы лауазымын атқарып келеді. Оған дейін Сыртқы істер вице-министрі, Қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" ҰБХ президенті, Статистика агенттігінің төрағасы, президент көмекшісі, Қаржы министрі, премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр

Роман Скляр премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне қайта тағайындалды. Ол бұл қызметке 2022 жылғы 11 қаңтарда келген болатын.

Роман Скляр / Фото: informburo.kz

1971 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын слесарь-монтажшы қызметінен бастаған. Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары, Көлік және коммуникация вице-министрі, "Қазақстан Темір Жолы" АҚ вице-президенті, парламент мәжілісінің депутаты, Ұлттық экономика вице-министрі, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болды. 2019 жылғы 18 қыркүйекте премьер-министр орынбасары болып тағайындалды. 

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев

Ерұлан Жамаубаев президент жарылғымен төртінші рет қаржы министрі болып тағайындалды. 

Ерұлан Жамаубаев / Фото: informburo.kz

1974 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Еңбек жолын оқытушы болып бастаған. Әр жылдары Ұлттық банкінде үйлестіру департаментінің директоры, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарушы директоры, президент көмекшісі, Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды. 2020 жылғы 18 мамырда президентінің жарлығымен Қаржы министрі болып тағайындалды.

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қызметінде қалды.

Серік Жұманғарин / Фото: informburo.kz

1969 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Әр жылдары Ақтөбе облысында басқарма бастығы, департамент директоры, Индустрия және сауда министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары, Өңірлік даму вице-министрі, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы, Ұлттық экономика вице-министрі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. 2022 жылғы 2 қыркүйекте президент жарлығымен премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі болып тағайындалды.

Премьер-министр орынбасары Алтай Көлгінов

2022 жылғы 9 желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған Алтай Көлгінов өз қызметінде қалды.

Алтай Көлгінов / Фото: informburo.kz

1978 жылы Түркістанда дүниеге келген. Әр жылдары Әділет министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және Бас прокуратура органдарында қызмет атқарған. Кейіннен Орал қаласының, Батыс Қазақстан облысының, Астана қаласының әкімі болды.

Премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппараты басшысы Ғалымжан Қойшыбаев 

Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппараты басшысы лауазымына қайта тағайындалды. Ол осы қызметке 2023 жылғы 4 қаңтарда тағайындалған болатын.

Ғалымжан Қойшыбаев / Фото: informburo.kz

1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әр жылдары ҰҚШҰ жанындағы өкілетті өкілі, президент әкімшілігінің бас инспекторы, Қазақстанның Литва, Латвия, Эстония және Финляндия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Сыртқы істер министрінің орынбасары, премьер-министр кеңсесінің басшысы қызметін атқарды.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов

Президент жарлығымен Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі лауазымына қайта тағайындалды. Ол 1966 жылы Алматы облысында дүниеге келген. ІІМ-де әртүрлі қызметтер атқарған. 2014-2021 жылдары Ұлттық ұланының бас қолбасшысы болды. 2022 жылғы 19 қаңтарда қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Руслан  Жақсылықов / Фото: informburo.kz

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов

Министрлікте орнын сақтап қалғандардың бірі – ішкі істер министрі Марат Ахметжанов. Ол бұл лауазымға 2022 жылғы 25 ақпанда тағайындалған еді.

Марат Ахметжанов / Фото: informburo.kz

Марат Ахметжанов 1964 жылы дүниеге келген. Ол ІІМ тергеу басқармасыынң бастығы, бірнеше облыста прокурор, Бас прокуратурада комитет төрағасы, Бас прокурор орынбасары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова 

Зүлфия Сүлейменова президент жарлығымен экология және табиғи ресурстар министрі болып қайта тағайындалды. Бұл қызметке ол жақында 2023 жылғы 4 қаңтарда ғана келген болатын.

Зүлфия Сүлейменова / Фото: informburo.kz

Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.Жасыл экономика коалициясында сарапшы, ҚСЗИ сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінде ғылыми қызметкер, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасында ұлттық консультант, парламенті мәжілісінің депутаты, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріқызметін атқарды. PhD доктор. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі

2022 жылғы 2 қыркүйекте президент жарлығымен ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған Дархан Қыдырәлі лауазымын сақтап қалды.

Дархан Қыдырәлі / Фото: informburo.kz

Ол 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі. Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-да, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да қызмет етті. Халықаралық Түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарды. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин

2020 жылғы 2 қыркүйектен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бағдат Мусин президент жарлығымен қызметінде қалды. 

Бағдат Мусин / Фото: informburo.kz

Ол 1983 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Әр жылдары "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ, "Қазпошта" АҚ, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетін басқарды. Одан кейін Bi Group құрылыс холдингі басқарма төрағасының орынбасары және корпоративтік-венчурлік қордың басшысы, президент кеңесшісі болды. 2020 жылы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары, сол жылы 2 қыркүйекте президент жарлығымен цифрлық даму министрі болып тағайындалды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров

Әлібек Қуантыров президент жарлығымен ұлттық экономика министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Әлібек Қуантыров / Фото: informburo.kz

1983 жылы 14 қарашада Гурьев қаласында туған. Экономика, Қаржы, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде, президент әкімшілігінде әртүрлі қызметтер атқарған. 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық экономика вице-министрі, 2022 жылғы 11 қаңтарда Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният

2022 жылғы 11 қаңтардан бастап денсаулық сақтау министрі қызметін ақарып келе жатқан Ажар Ғиният бұл лауазымға қайта тағайындалды.

Ажар Ғиният / Фото: informburo.kz

Ол 1969 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Еңбек жолын учаскелік педиатр болып бастаған. Әр жылдары инфекционист-дәрігер, бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары және денсаулық сақтау департаментінің директоры, Денсаулық сақтау министрлігінде басқарма басшысы, департамент директоры, президент іс басқармасының медициналық орталығы басшысының орынбасары, денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарды.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 

2020 жылғы 11 қыркүйектен бері төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарып келе жатқан Юрий Ильин қызметінде қалды.

Юрий Ильин / Фото: informburo.kz

Ол 1968 жылы РКФСР Куйбышев қаласында дүниеге келген. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар басқармасында әртүрлі қызмет атқарған. Алматы қаласы әкімінің орынбасары, президент әкімшілігінде мемлекеттік мемлекеттік инспектор болған. 2016 жылғы сәуірде Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 

2023 жылғы 4 қаңтарда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз қызметінде қалды.

Ғани Бейсембаев / Фото: informburo.kz

Ол 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Орта мектеп директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы, "Халықаралық қосымша кәсіби білім беру орталығы" ЖШС директоры, Алматы технологиялық университеті Техникалық-экономикалық колледжінің директоры, "Edtech-kz" халықаралық білім беру орталығының бас директоры, "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, білім және ғылым вице-министрі болып жұмыс істеген. 

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов

2023 жылғы 4 қаңтарда президент жарлығымен мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Асхат Оралов лауазымын сақтап қалды.

Асхат Оралов / Фото: informburo.kz

Ол 1990 жылы 10 ақпанда Павлодар облысында туған. Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, "Аманат" партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарды.  PhD доктор.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев

2023 жылғы 4 қаңтарда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалған Марат Қарабаев президент жарлығымен қызметін жалғастырады.

Марат Қарабаев / Фото: informburo.kz

1987 жылғы 4 шілдеде дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы, Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрлігінде әртүрлі қызметтер атқарған. ОҚО басқармасы басшысы, ИИДМ Қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту департаментінің директоры индустриялық даму комитетінің төрағасы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова

Тамара Дүйсенова төртінш рет еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Министр қызметінде алты жылдық өтілі бар.

Тамара Дүйсенова / Фото: informburo.kz

1965 жылы ҚазКСР Шымкент облысы, Сарыағаш ауданы, Ленин ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалім болып бастаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі қызметін атқарды. 2017 жылы қайтадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Одан кейін "Нұр Отан" партиясының хатшысы, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ президенті, президенттің штаттан тыс кеңесшісі, президент көмекшісі болды. 2022 жылғы 11 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне қайта келді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 

Президент жарлығымен Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі қызметіне қайта тағайындалды.

Саясат Нұрбек / Фото: informburo.kz

1981 жылы Семей қаласында туған. Президент жанындағы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры,  BTS Education компаниясының басшысы, Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы жобасының жетекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, парламент мәжілісінің депутаты болды. 2022 жылғы 11 маусымда Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды.

Әділет министрі Азамат Есқараев

2023 жылғы 4 қаңтарда әділет министрі болып тағайындалған Азамат Есқараев өз қызметінде қалды.

Азамат Есқараев / Фото: informburo.kz

1979 жылы Алматы қаласында туған. Әр жылдары Әділет министрлігінде әртүрлі қызмет атқарған. Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы, "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ заң қызметі департаментінің бас менеджері, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі инспекциясының ұйымдастыру-бақылау департаментінің бастығы, премьер-министр кеңсесі заң бөлімінің меңгерушісі болған.

Ауыл шаруашылығы министрінің Ербол Қарашөкеев

Ербол Қарашөкеев президент жарлығымен ауыл шаруашылығы министрі болып қайта тағайындалды.

Ербол Қарашөкеев / Фото: informburo.kz

1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әр жылдары "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ басқарма төрағасы, "Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы" РМК директоры, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы, "ҚазАгро" холдингі" АҚ басқарма төрағасы, Қаржы вице-министрі болды. 2021 жылы Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалды.

Жаңа министрлер: 

Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу

2019 жылғы 18 қыркүйектен бастап сыртқы істер министрі қызметін атқарған Мұхтар Тілеуберді қызметінен босатылды. Мұрат Нұртілеу президент әкімшілігі басшысы лауазымынан босатылып, премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

Мұрат Нұртілеу / Фото: akorda.kz

Мұрат Нұтілеу 1976 жылы Алматы қаласында туған. Сыртқы істер министрлігінде әртүрлі қызметтер, Парламент сенаты аппаратының басшысы, Қазақстанның Финляндия Республикасындағы және Эстониядағы Төтенше және өкілетті елшісі, президент көмекшісі, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Соңғы қызметі – президент әкімшілігінің басшысы.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алмасадам Сәтқалиев энергетика министрі лауазымына тағайындалды.

Алмасадам Сәтқалиев / Фото: informburo.kz

Ол 1970 жылы Алматы қаласында туған. Әр жылдары "ҚазТрансОйл", KEGOC, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" компанияларда басшылық қызметтерді атқарған. Соңғы қызметі – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарма төрағасы. 

Алмасадам Сәтқалиев – экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі.

Серіктестер жаңалықтары