Тікелей эфир

Мектепте физика, химия, биологияның сағаты неге азайды және оның ҰБТ нәтижесіне кері әсері бар ма?

Жыл сайын жаратылыстану бағытындағы бейіндік пәндер мамандықтары бойынша көбірек грант бөлінеді.

ҰБТ тапсыру арқылы талапкерлер 176 бакалавр мамандығын таңдай алады. Физика, химия, биология, география пәндерін тапсыру арқылы таңдауға болатын 118 мамандық бар. 2021-2022 оқу жылында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпаратына сәйкес, бакалавриатқа түсу үшін 56 мыңнан астам грант бөлінген. Гранттардың ең көп саны:

  • инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 17 028 грант;
  • ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 7 487;
  • жаратылыстану ғылымдары – 4 088;
  • ауыл шаруашылығы ғылымдары – 1 895;
  • денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар – 2 700 грант. 

Яғни, гуманитарлық бағытқа қарағанда жаратылыстану бағытындағы бейіндік пәндерге көбірек грант бөлінетінін байқаймыз. 

Соңғы жылдары мектеп бағдаралмасында өзін-өзі тану, құқық негіздері, жаһандық құзыреттілік (кәсіпкерлік және бизнес негіздері), экология, валеология, отбасы этикасы және басқа да жаңа пәндер енгізілді. Мұндай пәндердің мектепте жүруіне ешкім қарсы емес, бірақ, мектеп бағдарламасына жаңа пәндер қосылуынан физика, химия. биология, география сынды жаратылыстану бағытындағы пән сағаттары азая түсті. Ал талапкерлердің басым бөлігі ҰБТ-да осы пәндерден тест тапсырады. Оны жоғарыда айтып өттік.

Физика немесе биология сабағы аптасына екі рет қана болса оқушы қалай ҰБТ-дан жоғары ұпай жинайды? Мектеп басшылығы бұл мәселені шешу үшін жаратылыстану пәндері бойынша сағаттарды көбейте ала ма? Осы және өзге сұрақтарға Білім және ғылым министрлігі, білім саласында жүрген тәжірибелі мамандар жауап берді. 

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарына 2018 жылдан бастап қолданыстағы үлгілік оқу жоспарлары (ҰОЖ) мен жаңа ҮОЖ таңдау ұсынылған.

"Жоғары мектепте білім беру бейіндік даярлау принципі бойынша және 10-11 сыныптарға арналған жаратылыстану-математика және гуманитарлық цикл бағыты бойынша жүргізіледі. 11-сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау 5 пән бойынша: төртеуі міндетті (оқыту тілі (қазақ/орыс тілі), алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі) және бір таңдау пәні бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) өткізіледі", – деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі Информбюро тілшісінің сауалына берген жауапта. 

Жаңартылған білім беру мазмұнындағы үлгілік оқу жоспарларын мына сілтемеден көруге болады.

Нұр-Сұлтан қаласы №90 гимназия директоры, Qazbilim жобаларының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы пән сағаттарының аз не көп болуы әр мектеп таңдаған оқу жоспарына байланысты екенін айтады.

"Әр мектептің үш түрлі оқу жоспарының бірін таңдау мүмкіндігі бар: №425, №125 бұйрықтардың жаңартылғаны және қысқартылғаны. Ал енді мектеп оқу жоспарын қалай таңдайды? Ол мектептің балаларды бағыттауына байланысты. Мысалы, мектеп 10-11 сыныпта, тіпті 5-6 сыныптан бастап әр сыныптың бағытын болашақ балалардың мамандығына қарай бейімдеуі керек. Бейімдеген жағдайда соған қарай оқу жоспарын таңдай алады. №90 гимназияда жаңартылған оқу жоспарын алып отырмыз. Ешқандай қысқартылған жоқ. Таңдау пәндеріне лайық сағаттар бар, тіпті артығымен деп айтуға болады. Сондықтан бұл жерде жаппай қысқартылды деп айту жалған ақпарат. Бұл жерде мәселе мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері, мектептің педагогикалық кеңесі қандай оқу жоспарын таңдап отыр деген сөз. Балаға жаны шын ашитын, баланың болашағына жұмыс істейтін мектеп оқушының таңдауын ескереді деп ойлаймын", – деді Аятжан Ахметжанұлы.

Ол бірінші сыныптан 11-сынып соңына дейін өтілетін өзін-өзі тану қосымша пәнінің тәрбиелік сабақ ретінде аптасына бір рет болғанына қарсы емес екенін, алайда оның мазмұнын кішкене ұлттық бағытқа бұру керек екенін айта кетті.  

Алматыдағы №47 жалпы білім беретін мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Сұлтан Сүлеев мектепте жаратылыстану бағытындағы пән сағаттары аз емес екенін айтып отыр.

"Мемлекеттік мектептерде 10-11 сыныптан кейін жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағыт деп бөлінеді. Бағытына байланысты әр мектеп қажет пәндерін барынша көбейте алады. Тіпті сол физиканы аптасына төрт сабаққа дейін көтереді. Биологияны да. Үш сабақ дәстүрлі түрде, бір сағат вариативті компоненттен өтіледі. Екінші таңдау пәнін де тура осылай төрт сағатқа дейін көбейтеді. Оған қоса оқушылар тест орталығынан қосымша білім алса да ешкім қарсы емес. Осынша дайындықтан соң ҰБТ-да төмен балл алу мүмкіндігі азаяды деп ойлаймын", – деді педагог.

Жансая Балтабай жақында ғана Астана халықаралық университетінің студенті атанды. Ол 9-сыныптан кейін екі бағытқа бөлінгенде ҰБТ-да таңдау пәні ретінде биология және химияны таңдаған.

"Жаратылыстану бағытында биология сабағы аптасына төрт рет болды. Ал оқушылардың ешқайсы химияны негізгі пән ретінде таңдамағандықтан 11-сыныпта сабақ ретінде емес, тек қосымша ретінде болды. ҰБТ-да жинаған ұпай сабақтың мектепте аз не көп өтілуіне қарамайды. Химия қосымша болған кезде тапсырмалар ғана орындадық. ҰБТ-да қажетіме жарайтын мәліметтер алған жоқпын. Репетитор жалдамай ауылдағы мұғалімдерге барып және өзіміз материалдар жинап, кітаптар оқып дайындалдық. Сабақ үстінде сол пәнді таңдаған оқушыларды жеке дайындаған, қалған оқушыларға кітаптан тапсырмалар берген мұғалімдер де болады. Мысалы, биология сабағында мұғаліммен бірге тест шештік. Физика мұғалімі де солай жасады. Мектепте аптаның әр күнін ҰБТ пәндеріне бөліп, түстен кейін қосымшаға шақырды", – деді ол.

Жаратылыстану-математика бағытында оқып жүріп тарих, шет тілі не әдебиетті таңдайтын немесе гуманитар бағытта оқып жүріп физика, химия, биология, география, математикадан тест тапсыратын оқушылар аз емес. Солардың бірі Ақбота Сауранбай. Ол жаратылыстану бағытында оқыса да қазақ тілі мен әдебиетін таңдаған.

"Тоғызыншы сыныпта анамның қалауымен биология мен химия пәндерін таңдаймын деп шештім. Өзім әдебиетке жақын болдым, кішкентай кезімнен мұғалім боламын деп армандадым да оныншы сыныпқа келгенде ойым өзгерді. Жаратылыстану бағытында әдебиет аптасына екі рет өтсе, гуманитар бағытта үш рет өтетін. Қай бағытта оқығаным маңызды емес, жинаған ұпайым қалай дайындығыма байланысты деп ойлаймын. Жаратылыстану бағытында оқып та әдебиеттен жоғары балл жинауға болатын еді. Мектепте өзін-өзі тану секілді қажет емес пәндер болды. Олардың бізге берері бар болған соң мектеп бағдаралмасына енгізген шығар", – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 1-курс студенті.

Созақ аудандық А.С.Макаренко атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Камилжан Рысметов психолог ретінде 9-сынып оқушыларының кәсіпке бейіндігін анықтап, кеңес береді. 10-11 сынып негізінен болашақта жоғары білім аламын деушілерге, ҰБТ-ға қатысушыларға бейіндік пәндер бойынша оқытылатынын, егер оқушы болашақта жүргізуші, дәнекерлеуші, фермер, тігінші, косметолог, шаштараз секілді кәсіпті таңдаса оған мектепте оқу шарт емес екенін айтады. Сол себепті оқушыларды мектеп қабырғасында жүріп кәсіптік бағдарлау маңызды дейді ол.

"Мектеп рейтингіне ҰБТ нәтижесі әсер етпейді дейді, бірақ басқа мектептермен салыстыру бар. Ата-аналар балаларын зерттеп, ішкі дүниесіне үңілгені дұрыс болар еді. Өз арманымызды балаларымыз арқылы орындауға тырыспай, олардың да жан дүниесіне үңіліп, әрекет етейік. Баланың кім болатынын 11-сыныпта емес, бірінші сыныптан бастап ойластырып, баланың бейіміне қарай бейімделетін, онымен үлкен адамдай санасатын заман туды", – дейді Қазалыдағы Максим Горький атындағы №16 мектеп-лицей мұғалімі Клара Абдуллақызы.

Серіктестер жаңалықтары