Тікелей эфир

Ресей мен Украина шиеленісі Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Әзірге Қазақстан бұған қатысты ресми ұстанымын жариялаған жоқ. Ол Қауіпсіздік кеңесінің отырысында белгілі болады.

21 ақпан күні кешке Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск халық республикаларын мойындау туралы жарлыққа қол қойып, әскер жіберу туралы бұйрық берген. Бұған Донбасстағы жағдайдың шиеленісуі себеп болып отыр. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің бұл әрекетін "Украинаның аумақтық тұтастығын бұзу" деп атады.

Әзірге Қазақстан тарапы ресми ұстанымын жарияламады. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оның жақын арада Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында белгілі болатынын айтты.

Осы ретте informburo.kz тілшісі сарапшылармен тілдесіп, бұл жағдайдың Қазақстанға әсері саяси және экономикалық тұрғыда қандай болатынын сұрады.

– Халықарлық келісімдер тұрғысынан алғанда Қазақстан Ресейдің позициясын қолдауы тиіс. Қаңтар оқиғаларында Ресейге арқа сүйедік. Бірақ, саяси әділдік пен мораль тұрғысынан алсақ, Ресей "Будапешт" келісімін бұзып, Украинаның біртұтас территориясының мызғымастығына нұқсан келтіріп отыр. Ал бір кездегі территорияның басқаша болғаны айтыла бастаса, онда әлемде геосаяси кикілжіңдер жалғаса береді. Сондықтан мәселе саяси диалогпен шешілуі керек деп есептеймін. Қазіргі заманда соғыс – мағынасыз нәрсе.


Оқи отырыңыз: Президенттің Ресейге сапары барысында қандай мәселелер шешімін тапты?


Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саясаттанушы:

– Ресей билігінің қабылдаған шешімінің салдары әлем елдері үшін де, Қазақстан үшін де саяси және экономикалық негізде сөзсіз болады. Қысқа экономикалық негізде қарасақ, Батыс тарапынан салынған санкциялар Ресей экономикасын әлсірететіні анық. Сәйкесінше, рубль құлдырап, артынша теңге де әлсірей түседі. Ал ұзақ негізде қарайтын болсақ, Ресей экономикасының стагнациясы күшейеді, 2014 жылмен салыстырғанда қуаттырақ санкциялар өз әсерін береді. Ресеймен бір экономикалық одақта болғандықтан сөзсіз оның кесірі бізге де тиеді.

Ал саяси тұрғыдан алғанда, Ресейді әлемдік қауымдастық оқшаулауды күшейтеді. Қазақстанның шекаралық аймақтарына қазір қандай да бір әсері болмайды деп санаймын. Дегенмен, Ресей билігінің 2014 жылдан бергі шешімдері, соңғы жылдардағы Ресей депутаттарының Қазақстан жеріне қатысты мәлімдемелері қандай да бір сигналдар беретіні анық. Тіпті, БҰҰ деңгейінде мойындалған шекараны мойындамау, жасалған "Минск" және "Будапешт" келісімдерін бір сәтте бұза салу әрекеттерін жасаған Ресей өзге мемлекетке де дәл сондай әрекет ұстануы әбден мүмкін. Оны біз тек Украинада емес, Грузия, Молдовада көрдік. Сондықтан бізге солтүстікке көшті күшейту мен экономиканы көтеру маңызды.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Ресей, АҚШ және Германияға жиі хат жазады


Ербосын НҰРМҰХАН, экономист-сарапшы:

– Ресей мен Украина арасындағы жағдай Батыс елдері мен Ресей арасындағы жағдайға айналғалы тұр. Қазақстан Ресеймен экономикалық саясатын, экономикалық одақтың мәселесін қайта қарауы керек. Қырғи-қабақ соғыс деген бір күндік соғыс емес, көп жылдық жоспарланған соғыс. Кезінде Кеңес өкіметі мен Батыстың арасындағы қырғи-қабақ соғыс 1945 жылы басталып, 1991 жылға дейін созылғанда әлемде 15 мемлекет пайда болды. "Ойнаса, бала жеңеді" дегендей, ойнағанда Ресей жеңеді де, шындығына келгенде Батыс жеңеді.

Қаржылық, әскери, әлеуметтік, әлемдік тәртіптің ортаға қойылуын Батыс белгілеп отыр. Сол үшін міндетті түрде соңында Ресей жеңіледі. Ал "түйені жел ұшырса, ешкіні аспаннан ізде" дегендей, біздің де экономикалық жағдайымыз қиын болуы мүмкін. Экономикалық бағытымызды қайтадан бір ретке келтіру керек. Көне сүрлеумен жүре беруге болмайды. Біздің елге экономикалық тұрғыда жағымсыз әсері көп болады. Өйткені, Ресей – біздің ең үлкен сауда серіктесіміз. Енді Батыс тарапынан Ресейге үлкен санкциялар салынады. Бұл санкциялар біздің экономикалық одаққа жағымсыз әсер етеді. 

Біздің экономикамыз шикізатқа байланғандықтан, шикізат бағасының өрлеуіне байланысты теңге бағамы әзірге тұрақты болып тұр. Батыс елдері Ресейдің табысын азайту үшін мұнайдың бағасын құлдыратса, біздің теңгеміз де құлдырауы әбден мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Украинаның Харьков қаласында Абайға ескерткіш орнатылды


Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:

– Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан кейін Қазақстанның жағдайы қалай болады деген сауал тууы заңды. Дегенмен, Қазақстандағы орыс халқы қазақтың көп қасиетін бойына сіңірген, Ресейдің орыстарындай емес.

1994 жылы Будапештте АҚШ, Ресей, Ұлыбритания басшылары ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан, Украина және Беларусь мемлекеттерінің қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қандай да сыртқы қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндеттеніп, құжатқа қол қойды. Соны пайдаланып, Қазақстан олардың саяси ойынында қазіргі Украина сияқты көзір болып кете ме деген қауіп бар. Негізі халықтың өзінен болатын нәрсе емес. Солтүстікте қоныстанған орыстарда Қазақстаннан бөліну туралы көңіл-күй, жерге талас жоқ. Көп жерлерде Қазақстанның жағдайы Ресейдің өңірлеріндегіден жақсы.

Әрине, біз тәуелсіз мемлекетпіз, бірақ қазіргі уақытта барлық мемлекет бір-біріне белгілі бір деңгейде тәуелді. Себебі, бір-бірімізбен экономикалық байланыстарымыз бар. Экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелділігіміз бар. Украинамен арадағы жағдайға байланысты Ресейге салынатын санкциялардың ұшы бізге де тиеді. Себебі, рубль бағамы теңге бағамына әсер етеді.

Қазір еліміз көпвекторлы халықаралық саясат ұстанып отыр. Нейтралитет сақтаған жөн болар. Әзір қозғалыс жоқ. Байқаймыз. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары