Тікелей эфир

Миқұрт (менингит) кеселі. Бұған дейін де болып тұратын дерт төңірегінде неге шу шықты?

Фото mbk.media сайтынан алынды
Фото mbk.media сайтынан алынды
Елімізде жыл басынан бері 60 адам менингококк инфекциясын жұқтырған. Дәрігерлер 13 адамның жанын тетеден келген ажалдан алып қала алмады.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 2013 жылы 117 адам ауырып, 18 адам (15,3%) көз жұмған. 2014 жылы ауырған 119 адамның 15-і (15,9%) өмірден өткен.

Ал 2015 жылы осы инфекцияны 424 адам жұқтырып, 21 адам (4,5%) қайтыс болған. 2016 жылы 120 адам ауырып, 120 адам (5,8%) 7-і өмірден өткен. 2017 жылы ауырған 162 адамның 11-і (6,7%) қайтыс болған.

Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі


Денсаулық сақтау министрлігінің ашық деректері негізінде жасалды

Денсаулық сақтау министрлігінің ашық деректері негізінде жасалды / Informburo.kz


Жылда сонша адам осы аурудан көз жұматын болса...

Неге биыл ғана шулап жатырмыз?

2018 жылы 19 мамырға дейін екі ересек адам мен бір кішкентай бала қайтыс болған.

21 мамырда Алматыда тағы бір адам ауруханаға таңертең түсіп, кешкісін көз жұмады.

28 мамыр күні Талдықорған өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасында үш жасар сәбидің өлімі тіркелді.

Оқи отырыңыз: Ангинадан айығу үшін не істеу керек? Дәрігер кеңесі

28 мамырда Алматы облысы Қарасай ауданында 22 жасар азамат осы ауру шеңгелінен құтыла алмады. Ол Алтын орда базарында жұмыс істеген.

1 маусымда Алматыда 5 жасар бала кешкі сағат 19 шамасында ауруханаға түсіп, екінші маусымда түнгі екіде қайтыс болған.

Сол күні таңертең Алматы облысында 19 жасар қыз таңертеңгі 7:25 ауруханаға түсіп, екі сағаттан кейін дәрігерлер оның ана дүниеге аттанғанын тіркеді. Ол бес жасар баламен таныс болған.

Үшінші маусымда Алматының 27 жасар тұрғыны осы дерттен кетеді. Ол екінші маусымда дәрігерге көрінгенімен, ауруханаға жатпай өз бетінше емделмек болған.

Төртінші маусым күні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының 27 жасар тұрғыны аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде бақилық болды.

Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

Жалпы жыл басынан бері Республика бойынша менингококк инфекциясының 60 жағдайы тіркелген. Оның 21-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында. 13-і адам өлімімен аяқталған: Алматы қаласында – 6, Алматы облысында – 4, Оңтүстік Қазақстан облысында – 2 және Қызылорда облысында – 1.

Қытай мен Ресей немесе бизнес...

Аяқ астынан шу шығарған кесел жайлы деректерден көпшілік астар іздей бастады. Әлеуметтік желідегі біреулері індетті әдейі таратты деп Ресей мен Қытайдан көрсе, екіншілері халықтың назарын басқа жаққа бұруды көздеген биліктің саяси технологиясы деп болжады.

Тіпті, вирус тарату арқылы бизнес жасауды көздеген астыртын топ бар деушілер де шықты. Олар дақпырт тарату, құрбандық жасау арқылы жан санына 22-25 мың теңгеден ақша өндіріп, адам өмірін табыс көзіне айналдырғысы келеді деп болжайды.

Оқи отырыңыз: Көз ауруын байқамай, асқындырудың соңы – су қараңғы соқырлық

Атырауда ауырған адам жоқ, өсек көп

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде жыл басынан бері бір де бір менингит ауруы тіркелмеген. Дегенмен, халық үрейлі. Оған себеп, соңғы күндері әлеуметтік желілерде менингит дертінің таралуы жайлы түрлі дақпырт желдей есті. Адам шошытарлық ақпараттан жұрттың мазасы кетті, дегбірі қашты.

– Желіде осы дерттен Атырауда 2015 жылы 27 қаңтарда қайтыс болған жігіт туралы жуырда болған деп ақпарат тарады. Олай жасау кімге керек болғанын білмейміз. Бүгінде құзырлы органдар кім және не үшін таратқанын тексеріп жатыр, – дейді Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Менингококк инфекциясы – бактериялар тудыратын, симптомсыз тасымалдаушылық, назофарингиттан (мұрын және жұтқыншақтың сілекейлі қабығының қабынуынан) бастап менингит (ми қабығының қабынуына), менингококк сепсисіне (қанның зақымдануы) дейін әртүрлі клиникалық белгілермен өтетін – жіті инфекциялық ауру.

Оқи отырыңыз: Қан тамыры қысымы ауруынан қалай сақтану керек және оның алдын алу жолдары қандай?

Балалар жиі ауырады

Менингококк инфекциясы жылдың кезеңділігіне байланысты сипатталады – қыста және ерте көктемде өршиді.

Инфекция – ауа-тамшы арқылы, яғни жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде жұғады. Инфекция қоздырғышы сыртқы ортада өте тұрақсыз. Микроб дені сау адамның организміне науқас немесе тасымалдаушы адаммен ұзақ және тығыз қарым-қатынаста болғанда жоғарғы тыныс алу жолдарының сілекейлі қабығы арқылы енеді. Жұқтырудан аурудың басталуына дейінгі инкубациялық кезең бір күннен он күнге дейін.

Иммундық жүйесінің қалыптаспауына байланысты бес жасқа дейінгі балалар онымен жиі ауырады.

Оқи отырыңыз: Күмістелген судың пайдасы мен зияны. Оны қауіпсіз тұтыну мөлшері қандай?


Қаперіңізде сақтаңыз!

Қаперіңізде сақтаңыз! / Сурет Денсаулық сақтау министірлігінің сайтынан алынды


Менингит кенеттен басталады. Күтпеген жерден оны жұқтырған адамның басы қатты ауырады, құсады. 6-15 сағаттан кейін бөртпе пайда болады, дене қызуы 39-40°С жетеді, қалтырайды. Тері бозарады. Жалпы әлсіздік байқалады, арқа және аяқ-қол ауырады. Науқастар шөлдейді, тәбеті төмендейді.

Аурудың тұмау, баспа, тонзиллит сияқты зиянсыз ауруларға ұқсап, жеңіл өтуі мүмкін екенін ескеру қажет және сондықтан өте қауіпті. Қатты тоңу, сырқаттану, қажу белгілері болады. Ағзаның қорғаныш күшінің әлсіреп, менингококк бас миының қабығына енеді және қабынуды тудырады.

"Соңғы төрт күнде вирус жұқтырғандар тіркелген жоқ"

– Менингококк инфекциясын жұқтырудың қаупі артта қалды және сейіліп келеді, – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басшысы Жандарбек Бекшин жетінші маусымда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиингте.

Айтуынша, үдемелі кезеңнен өттік және бүгінгі таңда Алматыда соңғы төрт күнде вирус жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелмегені қуантады.

– Менингитке шалдыққан 14 адам жазылып шықты, бұл дерттің таралуының сейіліп келе жатқандығын көрсетеді, – деді Бекшин. – Алматыда өз еркімен 360 адам екпе салдырды. Сонымен қатар, әр өңір бойынша call-орталықтары жұмыс жасап жатыр.


цукперног

Алдын алуға қатысты алғашқы тәулікте 4,5 мың, ал екі күнде – сегіз мың сұрақ қойылған / Фото Денсаулық сақтау министірлігің сайтынан алынды


Сақтансаң сақтайды...

  • Аса қажет болмаса, адамдар көп жиналатын жерлерге, сауда-ойын-сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға баруды шектеу;
  • Суықтамау және ауа-райына қарай киіну керек.
  • Қолды жуып жүру. Ауру жұқтыруды болдырмау үшін қолды мұқият жуған өте маңызды. Балаларыңызды қолын жиі жууға үйретіңіздер, әсіресе тамақ ішу алдында, қоғамдық орында болғаннан кейін, сондай-ақ жануарларды ұстағаннан кейін;
  • Өз жай-күйіңізді бақылаңыздар. Жақсы демалып, жүйелі түрде спортпен айналысып және дұрыс тамақтануды ұстана отырып, өздеріңіздің иммундық жүйелеріңізді сақтаңыздар;
  • Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар медицина қызметкерлерінің бақылауымен профилактикалық мақсатта антибиотиктерді қабылдау жөніндегі дәрігердің тағайындауын орындауы керек.

Аурудың әдеттегі суық тию сияқты жасырын өтуі мүмкін екендігіне байланысты дәрігерге уақтылы қаралған дұрыс. Менингитке күдік пайда болған жағдайда пациент инфекциялық аурулар ауруханасына шұғыл емдеуге жатқызылады.

Комаровский сабырға шақырды

Украиналық педиатр Евгений Комаровский Instagram желісінде тікелей эфирге шығып, қазақстандықтарға менингит жайлы түсінікті тілде түсіндіріп берді.

– Соңғы бес күнде 300-ге жуық хат келді, менингит туралы, көбі Қазақстаннан. Алматы мен Астанадан қоңырау шалып жатқандар болды. Адамға менингококк жұққанда 100 пайыз сеніммен ештеңе де болмайтынын айта аламын.

Адамның көпшілігі менингокок таяқшаларының тасымалдаушысы болып, жылдап жүре береді. Ол адамның жұтқыншағында болады.

Ең жаманы – дерт жабысса, баланың сол сәттен бастап бір тәулікке жетпей өліп кетуі мүмкін. Дер кезінде ауруханаға жеткізілсе де, ең заманауи ауруханада емделсе де, өлім қаупі 10 пайыздан төмен болмайды.

Яғни ауру жұқтырғандардың 10 пайызы қайткен күнде де өлім құшады, көп жағдайда менингит асқынып, менингококк сепсисіне ұласады да, көрсеткіш тіпті 20 пайызға өседі, – деді дәрігер.

"Вакцинамен мәселені шеше алмайды"

Айтуынша, менингококк инфекциясынан екпе алу – мәселенің шешімі емес. Бұл – уақытша шара. Өз балаңызды А және С менингококтан сақтасаңыз да, В тобындағы менингококтан сақтау мүмкін емес.

Елдің бірде-бір тұрғыны менингококтың барлық түріне қарсы қолданылатын екпені таба алмайды. Ондай жоқ. Екпе мәселесін ушықтырғанша, алдын алудың дұрыс әрі пайдалы әдістерін қолданыңыздар, – деді Комаровский.

"Ауаны тазартып тұрыңыз"

Айтуынша, екпемен қатар, әдістер толып жатыр, бастысы – алдын алу. Баланы супермаркеттерге, театрларға апарудың қажеті жоқ, жабық орындарда жиналыс өткізбеңіздер.

Мектептегі адам көп қатысатын жиналысты ауласында өткізген дұрыс. Міндетті түрде бөлмені желдетіп, ауасын тазартып тұру керек.

Есіңізде болсын: менингококк тыныс алу жолдарының шырышты қабығы құрғаған жағдайда ғана жұтқыншақтан қанға өтеді. Өте жақын байланыс кезінде жұғады, таяқшалары бір метр жерден ары ұшпайды. Ауру жұқтыру үшін құшақтасып, сүйісу керек – сонда ғана жұғады. Ауаны тазартып, желдету – кез келген екпеден пайдалы.

"Менингококк жабық орындарда болады"

– Әсіресе балабақшаның жатын бөлмесін жақсылап желдетіп тұру керек, – деді ол. Оның айтуынша, менингококк жабық жерлерде болады.

Мәселен, көшеде оны жұқтыру мүмкін емес. Сондықтан алдын алу шарасы ретінде балалардың таза ауада көп жүргені жақсы. Посткеңестік кез келген елдің ережесі бойынша жатын бөлмедегі ауа дымқылдығы 40-60 пайыздай болуы керек.

Сол ереже бойынша, балалар күніне төрт сағаттай серуендеуі тиіс. Одан кейін жеке заттарды өзі ғана пайдаланғаны дұрыс. Сағыз, кәмпит, сорғысы бар шырын, бетперде, шарф – бұл жеке заттар, – деді Комаровский.

Аурудың нақты белгілері болса:

Тамағыңыз ауырса, ыстығыңыз көтерілсе, басыңыз ауырса – адамдармен көп сөйлеспей, үйде отырыңыз. Жөтеліп, түшкірініп жатқан адамдардың қасынан аулағырақ кетіңіз. Мұғалімдерге ескерту, жөтеліп, түшкірініп келген балаларды балабақшаға, мектепке кіргізбеңіздер. Екі-үш апта өткенін күту керек, – деп кеңес берді ол.

– Ал екпе адам көп шоғырланатын жерге бара жатқан және көп адаммен байланысқа түспеген балаға қажет болады екен. Мәселен, 15 жасар бала мектепте оқып жүргенде сыныпта 10-15 оқушы болды делік. Ол жазда лагерьге баратын болды, сол жақта өзі сияқты 500-дей бала бар ортаға түседі. Мұндай жағдайда екпе алу орынды.

Кеннет Әлібектің кеңесі:

Дәрігер, ғалым, иммунология және инфекциялық аурулар маманы Кеннет Әлібек жырақта жүрсе де жерлестерінің жағдайына алаңдатушылық білдірді. Ол Facebook желісінде:


Әлібеков Қанатжан (Қанат) Байзақұлы (АҚШ-та Кен Әлібек немесе Кеннет Әлібек (ағылш. Ken Alibek, Kenneth Alibek) деген атпен танымал, 1950 жылы туған)

Әлібеков Қанатжан (Қанат) Байзақұлы (АҚШ-та Кен Әлібек немесе Кеннет Әлібек (ағылш. Ken Alibek, Kenneth Alibek) деген атпен танымал, 1950 жылы туған) / Скриншот Kenneth Alibek facebook парақшасынан жасалды


"Бүгін көпшілікті бактериалды менингит проблемасы мазалайтынын байқадым. Көмектескім келсе де, Алматыдан алыста жүргендіктен жағдайға баға бере алмайтынымды түсінетін шығарсыздар деп ойлаймын.

Сондықтан, мүмкіндігімше, маңызды деген бірнеше нәрсеге тоқтала кетсем.

Алдымен, аурудың ең алғашқы белгілері туралы айта кетейін, басқа да инфекциялы аурулар сияқты бірден біліне қоймайтын, продромды кезеңде пайда болатын белгілері бар. Яғни, алғашқыда салыстырмалы түрде білінбейтін белгілер пайда болады.

Бірақ бактериалды менингиттің міндетті түрде мән беру керек үрейлендіретін белгілері бар.

Қандай белгіге мән беру керек?

Жақында аурудың таралуы аяқталады деп сенемін, дегенмен қандай белгілеріне мән беру керектігін айта кетейін, өйткені біреудің өмірін сақтап қалуға септігі тиіп қалар:

  • Бактериалды менингиттің белгілері бірнеше сағатқа ғана созылады, яғни продромды кезеңі өте қысқа;
  • Дене қызуы көтеріліп, бас ауыра бастайды;
  • Мойында ауырсыну сезіледі,бұл менингіттің бірден бір белгісі (науқас басын кеудесіне төмен түсіре алмайды, өйткені желке тұсы қаты ауырады):
  • Жүрек айну мен құсу;
  • Ес бұлыңғырланып, бағдарынан айырылып, әдепке жат мінез құлық көрсету;
  • Бас айналу;
  • Жарыққа сезімталдылық арту;
  • Тәбеттің жоғалуы;
  • Ауыр жағдайларда тартылып қалу мен коматозды күйге түсуі мүмкін.

Инфекцияның қан айналымында екенін білдіретін бірнеше белгілер:

  • Терінің түсі өзгереді (қалыпты емес),
  • Іштегі спазма,
  • Қол мен табанның температурасы өте төмендеп кетеді,
  • Теріде бөртпелердің (әдетте ашық қызыл не күлгін түсті) пайда болуы,
  • Бұлшық еттер мен буындар ауырады, дем алу жиілеп, қалтырайды.

Осы белгілердің кейбіреуін байқасаңыз:

– Тез арада медициналық көмекке жүгіну керек. Алматыда болса, жедел жәрдем шақырып, белгілерін анық, байыппен айтып беру керек.

Егер жедел жәрдем тез жете алмайтын жағдай болса, науқасты жақын жердегі клиникаға жеткізу жағын қарастыру керек. Бұл жағдаймен бетпе бет келу ықтималдылығы өте төмен, бірақ бастарыңызға түссе пайдалы болар деп сенемін, – деді дәрігер.

– Ауруды емдеу туралы айта алмаймын, өйткені емдеу шаралары клиникада әр жағдайда жеке емдеу стратегиясын түсінетін білікті мамандардың қатысуымен ғана тағайындалады.

"Әңгіме адам өмірі туралы"

– Енді науқаспен жақын қарым-қатынаста болған адамдарда аурудың алдын алу туралы айта кетейін. Бұл емдеу тәсілі бактерияны тасымалдаушы адамдарға ғана қатысты (әдетте инфекция мұрын қуысына кіріп, сол жерде көбейе бастайды).

Рифампин – қордағы антибиотик деген пікірмен келісемін. Бірақ әңгіме адам өмірі туралы болғандықтан, бұл антибиотикпен қысқа курсты ем, яғни нақты бір адамға менингиттің осы формасымен ауырып қалмау үшін көмектесетін ұсыныс, – дейді дәрігер.

Айтуынша, менингиттің таралуы тез. Бастысы, эпидемиологиялық зерттеу жүргізіп, жақын қарым-қатынаста болған адамдарды анықтап, соларды емдеуді дереу бастау керек.

Сонымен қатар, мұндай зерттеу эпидемиялық тізбекті үзуге көмектеседі. Себебі эпидемияның барлық жағдайында ауруды жұқтырған адамдар кластері болады, әдетте олар тығыз топ ішінде кездеседі, – дейді Кеннет Әлібек.

Қайда, кіммен қарым қатынаста болды?

Айтуынша, эпидемиолог дәрігерлер пациенттің белгілі бір уақыт аралығында қайда болғанын, кіммен қарым-қатынасқа түскенін анықтап, сараптай келе "алғашқы таратушыларға" дейін шыға алады.

Әдетте ондай адамда аурудың белгісі байқалмайды, инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін. Әрине, бұл жерде ол адамның еш кінәсі жоқ.

"Алғашқы жұқтырған адамды табу керек"

– Осыдан шамамен 15 жыл бұрын Сингапур мен Тайваньда атипиялық пневмонияны (өкпе қабынуы) сараптамалық бағалауға қатысқан кезім жайлы айтып берейін.

Ол жерде тізбекті тауып, ауруды алғашқы жұқтырғандарға шықтық. Олардың кейбіреулері аурумен жеңіл түрде ауырса, осы тізбекте болғандардың бір бөлігі айыға алмай, қайтыс болған.

Ешқандай белгісіз тасымалдаушылар болады

– Бұл – менің ғана болжамым, оны эпидемиологиялық қызметке ұсыныс ретінде айтар едім. Инфекцияның таралу жолымен жүріп осындай кластерді табу керек, –дейді дәрігер.

– Бұл маңызды, оған бір ғана қарапайым мысал бар, осы типтегі менингит (тіпті жаппай орын алмаса да) созылмалы циклде өтуі мүмкін, себебі бұл инфекцияны ешқандай белгісіз-ақ тасымалдаушылар болады. Инфекция таралу басылған сияқты көрінгенмен, ол адамдар тағы бірнеше адамға жұқтыруы мүмкін, – дейді Кеннет Әлібек. – Өкінішке қарай, жаңадан ауру жұқтырғандар жоқ деген есеппен инфекцияның таралу қарқыны бәсеңдеді деуге келмейді.

Ауырған адамның айналасындағы адамдарды емдеу керек

– Тек ғана, араласқан адамды емес, жақындарының ішінде белгісіз тасымалдаушы болмауын анықтау үшін.

Осы менингококты менингит жағдайында жақындарын жүйелі түрде емдеуде кеңейтілген антибактериалды алдын алу деген түсінік бар.

Атауы айтып тұрғандай, бұл жағдайда емдеу шаралары науқастығ тек жақындарын ғана, ал ауқымды түрде таныстарына дейін қамтиды.

Бірақ, бұндай кеңейтілген алдын алу тәсілі менингококк инфекциясында міндетті амал ретінде қарастырылмайды. Ол тек үлкен ұжымда бірнеше ауырғандар кездескен жағдайда және инфекция болуы мүмкін жер нақты анықталғанда қарастырылады.

Мысалы, мектеп, мектепке дейінгі ұйымдар, көп пәтерлі үй, университеттік кампус, спорттық командалар.

"Таразының бір жағында адам өмірі тұр"

– Аурудың пайда болу ықтималдығы аз болған жағдайдың өзінде тиісті деңгейдегі медицина басшысы эпидемиологтармен келісе отырып, шешім қабылдауы мүмкін.

Бұл жерде де аурумен жақын қатынаста болған адамдарды аурудың алдын алу принципі бойынша емдейді. Яғни, егер шешім қабылданса, тез арада іске асуы керек (ары кетсе 24 сағат ішінде), өйткені ол жаңадан вирус жұқтырған адамдар санын азайтуға көмектеседі.

Бұл біреуге ұнамай қалуы да мүмкін, алайда таразылап көру керек. Бір жағына резервтегі антибиотиктер туралы әңгімені, екінші жағында адамдардың денсаулығы мен өмірі және эпидемиялық шарықтауды қойып көріңіз.

Ал қандай антибиотиктерді қолдану керектігін Қазақстандағы дәрігерлер шешеді. Қазақстандағы антибиотикпен емдеу тактикасы АҚШ-тағыдан өзгеше болуы әбден мүмкін", – деп жазды Кеннет Әлібек.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары