Тікелей эфир

100 теңге үшін төбелес. Ақтөбеде көпбалалы ана мен кондуктор бір-бірінің үстінен полицияға арызданған

Дау жолақысын картамен емес, қолма-қол төлеуден туған.

Ақтөбеде жүз теңге үшін үлкен шу шықты. Зейнеткер ана өзін автобус кондукторы соққыға жықты деп полицияға арыз берген. Қазір бұл оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғалған, деп хабарлады Astana TV.

Ақтөбе тұрғыны, 55 жастағы Райхан Мамилина №29 бағыттағы автобусқа мініп, жолақы ретінде кондукторға зейнеткерлік кітапшасын көрсетіп, елу теңге берген. Алайда қала тәртібі бойынша картамен төлеген жағдайда зейнеткер үшін жолақы мөлшері 40 теңге, ал қолма-қол төлем үшін 150 теңге белгіленген.

Осы тәртіпті ұстанған кондуктор Райхан Құдабаева жолақының толық құнын төлеуді талап етіп, жолаушыны автобустан түсірмей қойған. Оқиғаға қатысты жолаушы мен кондуктордың сөзі екі түрлі.

Жолаушы Райхан Мамилина: "Түскеннен кейін ақшамды төледім. Бізге "пенсионный" 40 теңге. Ол әйел мені алға қарай сүйреді. Жұлқылап, түйгіштеп автобустың алдына қарай сүйреді. "Ішке алып кетемін. 150 теңге төлейсің" деп ұрысып, киімнің бәрін жыртып тастады. Жемпір көйлек – бәрін. Қолым көк болып көгіріп кетті", – десе, кондуктор оқиғаны келесіше өрбітеді:

"Зейнеткерлік көк кітапшасын көрсетіп елу теңге берді. Мен олай болмайтынын айтып, 150 теңге төлеуін талап еттім. Ол төлеуден бас тартып қашып бара жатқан соң, мен қолынан ұстап тоқтаттым. Сабаған жоқпын, итеріп автобусқа кіргіздім. Ол қарсыласып, мені итеріп, қолымнан соқты".


Оқи отырыңыз: 15 минут ессіздік. "Жол гипнозының" симптомдары қандай және оның қалай алдын алуға болады?


Райхан Мамилина автобустан түскен бойда полицияға арызданған. Дәрігерге қаралып, үстіндегі көгерген жерлерін көрсетіпті. Жәбір көрген тұрғын кондуктордың жазалануын талап етіп отыр. Бірақ басы дауға қалған кондуктор Райхан Құдабаева да өз құқын қорғамақ. Ол да полицияға қарсы арызданған.

"Кондуктор да өзінің құқығын қорғау мақсатында арыз жазып, екі тарап бір-біріне қарсы шағымданып отыр. Соған байланысты әзірге ескертумен кондукторды да, жүргізшіні де жұмысқа қостық. Құзырлы органдардың тергеу амалдары нәтижесіне сәйкес біз әрі қарай қосымша шара қолданамыз", – деді "Автопарк" ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары