Тікелей эфир

Түркістан облысында 14 жастағы қызды зорламақ болған молданың туыстары енді қоқан-лоқы жасап отыр

Осы жағдайдан кейін жасөспірімнің отбасы жалдамалы пәтерін үш рет ауыстыруға мәжбүр болған.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында әйел адам 14 жастағы қызы мен отбасының қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын айтып отыр. Оның сөзінше, қызына зорлық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін істі болған ауыл молдасының туыстары тыным бермей жатыр екен, деп хабарлады 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Бір жыл бұрын қыз баланы зорламақ болған азаматтың әрекеті әшкере болып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Анасының айтуынша, қылмыскердің туыстары сот үкімімен келіспей, "апелляциялық сотта кешірім беріңдер" деп қорқытуға кіріскен. 

"Арызды өзгертпейтін болсақ, бізді өлтіріп кететінін айтты. Олармен көп рет кездестім. Мектептің жанындағы қуыс көшелерде көрдім. Сол кезде қолына пышақ ұстап, мені өлтіретінін айтты", – деді жәбірленуші. 

Осы жағдайдан кейін отбасы үш рет жалдамалы пәтерін ауыстырды.

"Арызымызды полиция қызметкерлері қарамайды. Қылмыстық құрам жоқ екенін айтады. Қорқытқан кезде видеоға түсіріп алыңыз, дейді. Қандай ана қызын пышақпен қорқытып, көлікпен қуып жатқанда баласын қойып, видео түсіреді? Кез келген ана баласын қорғайды", – деді жәбірленушінің анасы. 


Оқи отырыңыз: "Өгей шешем суға тұншықтырды". Елордада тұрмыстық зорлық тақырыбында көрме жұмысы басталды 


Қатты қорыққан қыз бала өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Полицейлер осы жағдайға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен іс қозғаған. Бірақ, полицейлер жасөспірімді қорқыту бойынша нақты айғақ болмай тұрғанын айтады. 

"Бірқатар тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ нақты дәлелін таппадық", – деді Түркістан облысы Сарыағаш ауданы ПБ бастығының орынбасары Қуаныш Байзақов. 

Сондай-ақ, полиция мамандары қазір күдікті ретінде тек бір адамның тергеліп жатқанын хабарлады. Ал жәбірленушінің анасы қызын бір емес, бірнеше адамның қорқытқанын айтады. Әділ тергеуге күмәнмен қараймын деген ана енді ішкі істер министрі мен президенттен көмек сұрады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары