Тікелей эфир

2022 жылы білім гранты ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға да беріледі

Білім және ғылым министрі студенттердің алдын ала жұмыспен қамтылатынын айтты.

Ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар өзіне керек маманды оқу орындарымен бірге даярлайды және міндетті жұмыс орнын ұсынады, деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Хабар-24 телеарнасына берген сұхбатында.

"Ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар университет немесе колледждерді қамқорлығына алып, бірге кадр даярлау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, колледждер кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды қамқоршылық және индустриалдық кеңестеріне кіргізді. Яғни, кәсіпорындар директор тағайындау процесіне тікелей араласады және білім бағдарламаларын бірге жасайды", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Тоқаевтың техник мамандарды Ресейде даярлау жөнінде айтқаны неге дау тудырды? Сарапшылар пікірі


Сондай-ақ, министр биылдан бастап пилоттық режим енгізілгенін айтты. Жаңа білім реформасына сәйкес, енді грант университет не колледжге емес, нақты талапкердің өзіне беріледі.

"Мұның алдында біз мына 10 грант мына колледжге, келесі жүз грант ана оқу орнына деп бөлетін едік. Алдыңғы жылы біз жасаған реформаға сәйкес, енді бала грант ұтып алған соң, барғысы келетін колледжді өзі таңдайды. Бұл өте әділ жүйе. Енді мемлекеттік тапсырысты, кейбір орындарды кәсіпорынның өзіне береміз. Осы өзгеріске сәйкес, кәсіпорын өзіне керек дәнекершіні өзі таңдайды. Кейін сол дәнекершілермен кәсіпорында міндетті түрде жұмыс істеу туралы келісімшартқа алдын ала қол қояды. Бұдан өзге кәсіпорындар өзіне керек жұмысшыны колледжбен бірге дайындайды. Ал студент өз кезегінде оқу орнын тәмамдаған соң нақты қай жерге барып жұмыс істейтінін біліп отырады. Сапалы кадрларды осылай даярлаймыз", – деп қосты министр.

Еске салсақ, министр Асхат Аймағамбетов педагогикалық білімі жоқ мамандардың да мектепте сабақ бере алатынын мәлімдеген еді. Алайда олар арнайы курстарды оқуы тиіс. 

Серіктестер жаңалықтары