Тікелей эфир

31 наурызға дейін кімдер салық декларациясын тапсыруға міндетті?

Декларацияны қағаз түрінде және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады.

2021 жылы мүлікті жалға берген немесе мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен табыс тапқан жеке тұлғалар 2022 жылдың 31 наурызынан кешіктірмей, салық декларациясын ұсынуы керек, деп хабарлады Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.

2022 жылдың 31 наурызында 2021 жылға "Жеке табыс салығы бойынша декларация" 240.00 нысанын тапсыру мерзімі аяқталады.

Декларацияны жеке тұлғалар табыстардың мынадай түрлерін алған кезде тапсырады:

  • салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға мүлікті жалға беруден түсетін кіріс;
  • Қазақстанда мүлікті (меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылықты жүргізу, гараж салу, сондай-ақ объектілер, механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер орналаспаған бағбандық болып табылатын, кемінде бір жыл меншік құқығындағы пәтерлер, үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері, жер учаскелері және (немесе) жер үлестері) өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
  • Қазақстанда өзге мүлікті (жылжымайтын мүлікті, жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін, инвестициялық алтынды, бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін) өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
  • талап ету құқығын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйдегі (ғимараттағы) үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс;
  • Қазақстаннан тыс жерлердегі көздерден алынған мүлікті өткізуден (мүлікті, бағалы қағаздарды, борыштық бағалы қағаздарды, қатысу үлесін өткізуден) түскен кіріс;
  • жарғылық капиталға салым ретінде мүлікті (ақшадан басқа) беру кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
  • шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің өзге де активтерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс.

Оқи отырыңыз: Жалпыға бірдей декларация. Қаржы министрлігіне қандай қаржы мен мүлікті көрсету қажет?


"Бұдан өзге декларацияның 240.00 нысанын өз табыстары бойынша адвокат, нотариус, сот орындаушылары, медиаторлар, еңбекші көшіп келушілер-резиденттер, үй қызметкерлері, бейрезидент-жеке тұлғалар салық кодексінің 19-бөліміне сәйкес шет мемлекеттердің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерімен, консулдық мекемелерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскер табысын алған Қазақстан азаматтары, салық кодексінің нормаларына сәйкес салық агенттері болып табылмайтын қоғамдық ұйымдар мен қорлар, сондай-ақ 2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстаннан тыс жерлерде тіркелген жылжымайтын мүлікке, бағалы қағаздарға меншік құқығы, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі бар жеке тұлғалар тапсыруға міндетті", – делінген хабарламада. 

Жыл қорытындысымен жеке тұлға 2022 жылғы 10 сәуірден кешіктірмей, кірістің 10 пайызы мөлшерінде дербес төлеуі қажет.

Декларацияны жеке тұлғалар тұрғылықты жері бойынша салық органына қағаз түрінде және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе cabinet.salyk.kz web-порталдағы салық төлеушінің кабинеті арқылы электронды түрде тапсыра алады.

Еске салсақ, көлік пен ауыл шаруашылығы техникасына жаңа утиль алым мөлшерлемесінің белгіленгені туралы хабарлаған едік. Утиль алымының мөлшерлемесі 50% төмендейді.

Серіктестер жаңалықтары