Тікелей эфир

4 пайыздық автонесие: Талапқа қандай көліктер сәйкес келеді?

Несие автокөлік құнының тек 10 миллион теңге бөлігіне рәсімделеді.

Қазақстанда жеңілдетілген авто несиелендіруге 2022-2025 жылдарға 150 миллиард теңге бөлінеді. Бағдарлама аясында биыл 30 млрд теңгені игеру жоспарланған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.


Оқи отырыңыз: Автонесие бағдарламасы 6 ақпанда басталады. Қалай онлайн өтініш беруге болады?


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұл жобасына қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктерден 15 мыңнан астам өтінім түскен. Бағдарламаға кез келген қазақстандық азамат қатыса алады. Алайда олардың басқа несиесі бар-жоғы мен қарызды қайтару мүмкіндігін зерттеп, автонесиені беру-бермеу жөніндегі шешімді банк қабылдайды.

"Жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасына біз 150 млрд теңге қарастырдық. Бұл қаржы 2022-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен игеріледі. Алғашқы траншқа 30 млрд теңге бөлуді сұрап отырмыз", – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы Руслан Хисамудинов.


Оқи отырыңыз:


Бағдарлама аясында несиеге алынатын отандық көліктің бағасына шектеу жоқ. Бірақ, несие көлік құнының 10 миллион теңгесіне ғана рәсімделеді. Қалғанын сатып алушы өзі төлейді. Қазақстандық автосалондарда бағасы 10 млн теңге шамасында көліктің 3 маркасы мен 8 моделі бар.

"Бұған дейін автокөліктерге жеңілдетілген несие аз берілгендіктен, оны алғандар аз. Мемлекет тарапынан 4 пайыздық жеңілдетілген несиеге көп қаржы бөлінсе, бізде қолжетімді көліктер бар", – дейді автосалон менеджері Шәмші Сопыбек.

Дегенмен, сарапшылар жаңа бағдарламаның іске қосылуы көлік бағасының артуына әкелуі мүмкін екенін де айтып отыр. Өйткені, құзырлы министрлік әзірге көлік құнын бірқалыпта ұстап қалу бойынша автоөндірушілермен ешқандай келіссөз жүргізбеген. Айта кету керек, былтыр автосалондарда көлік бағасы 5 мәрте көтерілді.

Серіктестер жаңалықтары