Тікелей эфир

Аймағамбетов: Мектеп салуда емес, салынатын мың мектепке 150 мың педагог дайындауда мәселе бар

Министр сала мамандарының мектепте сабақ беру мүмкіндігі бар екенін айтты.

Педагогикалық білімі жоқ мамандар мектептерде сабақ бере алады. Бұл үшін олар арнайы курстарды оқуы керек, деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Хабар-24 телеарнасына берген сұхбатында.

"2025 жылға дейін мың мектеп салу керек деген тапсырма бар. Жалпы қоғам мен сарапшылар көбінесе мектеп салудың күрделілігін ғана айтады. Мәселе мектеп салуда емес, осы мың мектепте жұмыс істейтін 150 мың педагог дайындауда. Яғни проблеманы шешудің басты кілті – мұғалімдер даярлау", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Халықаралық білім олимпиадасы жеңімпазы мен жүлдегерлері қанша сыйақы алады?


Мұнымен қатар, министр кадр тапшылығы мәселесін шешуде дүниежүзілік тәжірибе ескерілгенін айтты. Биылдан бастап белгілі бір сала мамандары арнайы курс оқыған соң мектепте сабақ бере алады.

"Мысалы, математика мамандығын игерген, бірақ педагогика бойынша диплом алмаған мамандар бар. Енді заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес, математиктер педагогиканы оқытатын арнайы курстан кейін мектепте мұғалім бола алады. Осы рәсім бойынша мектепке сапалы мұғалімдерді тартамыз. Педагог болуы керек деген міндет жоқ. Басты шарт – математиканы жақсы білу", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, Қазақстанда мектеп кітапханаларының 2 миллион кітаппен толыққаны туралы хабарлаған едік. Қарағанды техникалық университетінде оқырман саны 17 мыңға дейін артқан. 

Серіктестер жаңалықтары