Тікелей эфир

Акушер-гинеколог, психолог және тіс дәрігеріне қалай кезексіз қаралуға болады?

Ірі қалаларда ғана емес, өзге өңірлерде де кезекпен байланысты қиындық бар.

Денсаулық сақтау министрлігі тіс дәрігері, акушер-гинеколог және психологқа азаматтар тікелей бара алатын бұйрықтың жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлады 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Министрлік мамандарының айтуынша, ірі қалаларда ғана емес, өзге өңірлерде де кезекпен байланысты қиындық бар.

"Кезегімізді 5 сағат бойы күткен кездер болды. Сол кезде тоғыздан аса кезек алып, түскі ас уақытына дейін күттік. Бірінші рентгенге түсіп, дәрігерге сағат 12-ден аса кірдік", – деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әзімхан Қалымбетов.

Жауаптылар шұғыл көмек қажет кезде жарақат алған адамды дәрігерге жолдамасыз жіберу мәселесін пысықтап жатыр. Яғни, дерматовенерологиялық науқастарда онкологиялық, гематологиялық диагнозға күдік болғанда дәрігерлер жолдамасыз қабылдайды. Мұнымен қатар, азаматтар бір жағдай шеңберінде бейінді маманға қайта қабылдауға, жылжымалы медициналық кешендерге бірден бара алады.


Оқи отырыңыз: МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар қандай медициналық көмекке жүгіне алады?


"Мысалы, есепте тұрған адам үш айдан кейін терапевтің немесе кардиологтың қабылдауына баруы керек болса, жолдама алып жүрмейді. Бірден өзіне қажет дәрігерге жазыла алады. Жаңа жүйе созылмалы аурумен есепте тұрған азаматтарға да қатысты", – деді ДСМ амбулаториялық-емханалық және жедел жәрдем басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов.

Министрлік мамандары қазір арнайы бұйрыққа тағы да өзге түзетулерді енгізу үшін электронды үкімет порталына қоғамның талқылауына қойған. Егер іске асып, денсаулық сақтау министрі бұйрық шығаратын болса, азаматтардың медициналық қызмет алу мүмкіндігі одан сайын арта түспек.

Серіктестер жаңалықтары