Тікелей эфир

Әлихан, Ахмет, Смағұл, Қажымұқан. СҚО мектептеріне ұлт зиялыларының есімі берілді

Алдағы уақытта кітапханаға Сафуан Шәймерденовтың, Сергеевка орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың есімін беру ұсынылған.

Солтүстік Қазақстан облысындағы үш орта мектепке және бір спорт мектебіне қазақ зиялыларының есімдері берілді, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

6 сәуірдегі Үкімет қаулысына сәйкес, енді Петропавлдағы:

  • №25 орта мектеп Әлихан Бөкейханұлының;
  • №9 орта мектеп Ахмет Байтұрсынұлының;
  • №2 орта мектеп Смағұл Сәдуақасовтың;
  • ұлттық спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімімен аталады.

"Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Наурыз айында облыстық ономастикалық комиссиясында өңірдің белгілі тұлғаларының есімдерін беру бойынша ұсыныс қаралған. Ол бір ауыздан қолдау тапты. Қазіргі уақытта құжаттар республикалық ономастикалық комиссияға жолданды. Айтып өтсек, мәдениет және білім нысандарына - Жамбыл ауданындағы кітапханаға Сафуан Шәймерденовтың, Шал ақын ауданындағы Сергеевка орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың, Қызылжар ауданы Новоникольск ауылындағы мектепке Геннадий Зенченконың есімін беру ұсынысы жолданды", – деді СҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірисов.


Оқи отырыңыз: 


 

Серіктестер жаңалықтары