Тікелей эфир

Ақан Сатаев: "Қазақфильмнің" инженерлік желілері 1970 жылдардан бері жаңартылмаған, сымдары шіріп жатыр

Режиссер, сондай-ақ, студияның 5 гектар жерінің белгісіз себептермен қала меншігіне өтіп кеткенін айтты.

"Қазақфильм" жетекшісі, режиссер Ақан Сатаев Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында студиядағы бірқатар проблеманы атады. Оның сөзінше, студияның жұмысын жақсарту үшін ондаған жыл қажет болуы мүмкін.

"Қазақфильм" студиясында үлкен проблемалар бар. Бұл проблемалар жылдан жылға жинала берген. Студия сырттай жылы сезімдерді оятып, өзінің таңғажайып аурасы бар сияқты көрінеді. Бірақ, студия табалдырығын аттап, ғимарат пен жертөлені араласаңыз, материалдық-шаруашылық жағына мүлдем көңіл бөлінбегенін көресіз. Инженерлік желі 1970 жылдардан бері жаңартылмаған, сымдары шіріп жатыр", – деді Ақан Сатаев.

Әрі қарай режиссер студияның әкімшілік-шығармашылық бөлімінде де бірқатар проблема барына тоқталды. Айтуынша, студия жұмысы бүгінгі нарықтан шет қалған.

"Әкімшілік-шығармашылық бөлігіне назар аударатын болсаңыз, көңіліңіз бұрынғысынан бетер түсіп кетеді. Ұрлық, жағымпаздық, кәсібилікке жат әрекеттер және теріс мағынасындағы бюрократия. Шынайы нарықтан мүлдем алыс. Осылардың нәтижесінде мемлекет қаржысы тиісті емес мақсатта жұмсалып отыр. Қазақфильм студиясында кино түсірілді және қазір де түсіріліп жатыр. Бірақ, көп жағдайда прокатқа өтпей, сөреде шаң басып жатады. Халықаралық сатылымға шығуы бұдан бетер қиын. Бұдан өзге үшінші бір авторлардың құқығын бұзу мәселесі бар. Мұнымен біздің заңгерлеріміз жұмыс істеп жатыр", – деп бөлісті студия жетекшісі.


Оқи отырыңыз: "Қазақфильмдегі" өрт: кино өнерін бизнеске айналдырып, қазынаға қол салып жүргендер кім? Сараптама


Сондай-ақ, Ақан Сатаев бұрынғы студия жетекшілерін сынға алып, министрден жер мәселесіне назар аударуды сұрады.

"Студия жұмысын ретке келтіру, оны өзін өзі қамтамасыз ететіндей деңгейге шығару үлкен міндет деп ойлаймын. Мен болайын, басқа адам болсын, мұны кез келген жетекші жасауы тиіс. Бірақ, қазір бар қиындықтармен мұны бір немесе екі жыл ішінде жасау мүмкін емес. Шамамен 10 шақты жыл керек болатын шығар. Жерді қайтаруға қатысты да қиындық туындап отыр. 5 гектар жер түсініксіз себептермен қалаға өтіп кеткен. Осы мәселе бойынша жыл бойы хат жазып жатырмыз. Дәурен Әскербекұлы, осы мәселеге назар аударуыңызды сұраймын. Өкінішке орай, киностудия жетекшісі болған әріптестеріме сын айтып көрген емеспін. Бірақ дәл қазір сынауға мәжбүр болып тұрмын. Бұл аздап субъективті пікірім де болуы мүмкін. Бірақ, меніңше, оларда шығармашылық және коммерциялық әлеует әлсіз болды. Біз сапасыз өндірісті тоқтата алмадық, енді оны соңына дейін жеткізуге мәжбүрміз", – деді Ақан Сатаев.

Мұнымен қатар, режиссер, өкінішке орай, студияның картина сатылымынан емес, тек өндірістен табыс тауып отырғанын айтты.

Еске салсақ, Қазақстанның алғаш рет халықаралық сатып алушыларға 30-дан астам фильм топтамасын ұсынғаны туралы хабарлаған едік. Берлин фестивалі мен кино нарығы аясында әр картина 7 рет көрсетіледі.  

Серіктестер жаңалықтары