Тікелей эфир

Ақтөбе облысында мектеп басшысы 600 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталды

Ол үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында №6 мектеп директоры 600 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, директор әуелі жұмыстан шеттетілген. Ал қызметтік тексеруден соң орнынан босатылған.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен сотқа берілген Жаңабай Мусин жөніндегі қылмыстық құқықбұзушылық туралы істің басты талқылауы 27 ақпанда онлайн өтеді. Сотталушы Жаңабай Мусинге қолданылған "ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық түрінде" бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Басты сот талқылауы прокурордың және қорғаушының қатысуымен ашық сот отырысында қысқартылған тәртіппен қаралады. Сотталушы жеке қорғаушы жалдаған.


Оқи отырыңыз: Сыбайлас жемқорлық бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан облысы бірінші орында тұр


Мектеп директоры Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша айыпты деп танылса, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айрылады. Параның елу еселенгеннен алпыс еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Серіктестер жаңалықтары