Тікелей эфир

Ажар Ғиният: 2-3 айдың ішінде 10 млн адамды егуге болады. Сонда Қазақстанда ұжымдық иммунитет қалыптасады

Вице-министр вакцинаның бірінші компонентінен кейін ауырғандардың екінші компонентті жазылған соң ала алатынын айтты.

Вакцина салдырғаннан кейін 4 765 қазақстандық коронавирус жұқтырды. Ішінде 2 384 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Осы орайда денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. 

"Қазіргі кезде вирустың мутацияға ұшырауына байланысты елдегі адамдардың 80%-ы екпе алса, бізде ұжымдық иммунитет пайда болады. Осының әсерінен елде коронавирустың таралуы толастауы мүмкін. Яғни екпені 11 миллионнан астам адам алған кезде жағдай тұрақталады. Ал бұл тек медицина қызметкерлеріне емес, бүкіл халқымыздың белсенділігіне байланысты. Егер халық белсенділік танытса, 2-3 айдың ішінде 10 миллион адамды егуге болады. Бәрі халықтың еркі мен белсенділігіне байланысты", – деді министрлік өкілі. 

Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда екпенің бірінші компонентін алып, екіншісін салдырмай қойған азаматтардың жоқ екеніне тоқталды. 

"Азаматтарға қоңырау шалып, мазасын алып, үнемі шақырады. Кейін олар келіп екінші компонентті алып кетеді. Егер ауырып қалып жатса, екінші компонентті алу мерзімі ұзартылады. Вакцина салған соң ауырғандардың 2 384-і екінші компонентке жете алмады. Бірақ олар жазылған соң екінші компонентін ала алады", – деді Ажар Ғиният. 

Бұдан өзге министрлік өкілдері коронавирустық инфекцияның балалар арасында таралуына алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтты. 

"Қазір 558 бала стационарлық ем алып жатыр. Сондай-ақ, 13 жаңа туған нәрестеде коронавирус анықталды. Жыл басынан бері коронавирустың балалар арасында таралу қарқыны 4-5 есе өскені байқалады. 4 баланың жағдайы ауыр, олардың әрқайсысын жіті бақылап отырмыз. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанда және Нұр-Сұлтанда екі бала көз жұмды", – деді вице-министр.

Осы орайда желтоқсанда елге жеткізілетін Pfizer вакцинасының бірінші кезекте балаларға салынатынын еске салды. Министр Алексей Цой аталған АҚШ вакцинасын күтпей, қазір вакцина салдыруға кеңес берді. 

Серіктестер жаңалықтары