Тікелей эфир

"Бизнестің жол картасы – 2025" аясында кредитті субсидиялау қаржысы артады

Биыл өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 200 млрд теңгеге дейінгі қаражат бағытталмақ.

Украинадағы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасына қатысты ықтимал теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға қарсы шұғыл әрекет ету мақсатында үкімет пен ұлттық банк бірлескен іс-қимыл жоспарын дереу жүзеге асыруға кірісті. Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыруда. Ұлттық банк өз кезегінде қаржылық тұрақтылықты қолдау үшін шаралар қабылдайды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. 

"Бұл іс-қимыл жоспары инфляцияны бақылауға және валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шараларды қамтиды. Атап айтқанда, қаржы нарығының тұрақтылығын және теңгедегі депозиттердің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында үкімет ұлттық банкпен бірлесіп, бюджет есебінен халықтың депозиттері бойынша сыйақы есептеуді көздейтін теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырады. Экономикалық саясаттың әлеуметтік бағыттылығын ескере отырып, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін іске асыруда ең алдымен ауылдық елді мекендерге, моно және шағын қалаларға, елорда мен республикалық маңызы бар қалалар төңірегіне баса назар аударылады. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді айналымға қосымша тарту арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамыту үшін жағдай жасалады", – делінген премьер-министр сайтында. 


Оқи отырыңыз: Доллардың бүгінгі бағамы – 472,24 теңге


Жалпы, ауылдарды, моно және шағын қалаларды, елорда мен республикалық маңызы бар қалалардың шеткері аймақтарын дамытуға биыл "Ауыл – Ел бесігі" жобасы, өңірлерді дамытудың кешенді жоспары және басқа да бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен 200 млрд теңгеге дейінгі қаражат бағытталмақ. Өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың негізгі бөлігі өнімділігі жоғары кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және дамытуға арналады.

Мұнымен қатар, мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға өз жұмыскерлерінің еңбекақысын, оның ішінде еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы көбейту бойынша қарсы міндеттемелер жүктеледі. Осы мақсатта биыл "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасын, атап айтқанда, кредиттерді субсидиялауды және кепілдендіруді қаржыландыру едәуір ұлғайтылады.

Бұдан өзге агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру үшін саланы субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін ұлғайтуға және қайта тереңдете өңдеуге бағытталған жобалар басымдықпен қолдауға ие болады.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың теңгедегі депозиттері бойынша бюджет есебінен өтемақы төленеді


Бизнеске түсетін артық әкімшілік жүктемені жою көзделген. Жыл соңына дейін басым салаларда мемлекеттік органдардың 420-дан астам реттеу актісі қайта қаралады. Кәсіпкерлерге қойылатын талаптарға тексеру жүргізу басқа салалар бойынша да жалғасады. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында үкімет ұлттық банкпен және "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырады. 

Еске салсақ, қазақстандықтардың теңгедегі депозиттері бойынша бюджет есебінен өтемақы төленетіні туралы хабарлаған едік. Өтемақы 10 пайыз мөлшерде белгіленді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары