Тікелей эфир

БҚО әкімдігінде зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған кеңес өтті

depositphotos.com
depositphotos.com
Жиында өңірде жұмыс істеп жатқан екі дағдарыс орталығының жұмысы баяндалды.

Дағдарыс орталықтарының бірі Орал, екіншісі Ақсай қаласында орналасқан. Тоғыз ай ішінде орталықтың көмегіне 397 адам жүгініп, олардың 139-ы орталықта уақытша тұрған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Facebook желісінде хабарлады. 

БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрмұхан Жалғасовтың айтуынша, зорлық-зомбылықтың себебінен психикасы бұзылған жәбірленуші тергеу жүргізу үшін полиция департаментіне келуі олардың психикасына екі есе қатты әсер етеді. Оның алдын алу үшін жәбірленушіні дағдарыс орталығына апарамыз. Орталықта оларға 8 түрлі көмек көрсетіледі. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық істердің тергеуін дағдарыс орталығында жүргіземіз. Біз өңірде екі кризистік орталық бар деп ауыз толтырып айтып отырмыз. Бірақ оның біреуі ғана тергеу жүргізуге сай келеді. Екіншісінде тергеу амалдарын жүргізуге мүмкіндік жоқ.

19 қазанда сот және құқық қорғау органдары, азаматтық қоғам және Еуропадағы қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламалар кеңсесі өкілдерінің қатысуымен құқықтық форум өтті. Форумда Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту шаралары туралы айтқан болатын.

"Бұдан былай қайталама құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарлануда. Полиция арыз, шағымсыз-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғай алады. Жазаны сот тағайындайды. Тараптар бірінші сот отырысында ғана татуласа алады, ал қайталанған жағдайда бұл құқық алынып тасталады. Бұл зардап шеккендерге қатысты "дебошир" мен басқа адамдардың психологиялық қысымын тоқтатуға мүмкіндік береді", – деді БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрмұхан Жалғасов.

Полиция өкілінің айтуынша, отбасының берекесін қашырғандарға берілетін ескерту қоғамдық жұмыстарға ауыстырылады. Заңға өзгеріс 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Кеңесте қоғамдық бірлестіктің өкілдері де пікірлері ұсыныстарын айтты. Жиын соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев дағдарыс орталығында тәулік бойы байланыста болатын әрі есте қалатын нөмір қоюды, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыруды тапсырды.

Серіктестер жаңалықтары