Тікелей эфир

"Бұрхан бұлақ" сарқырамасына баратын жол салынады

"Бұрхан бұлақ" – Орталық Азиядағы ең биік сарқырама.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысы әкімдігіне туризмді дамытуға айрықша тапсырма берді.

Президенттің айтуынша туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым жасауда өңірде соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыс атқарылған. Бірақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мұнымен шектелуге болмайтынына назар аударды.

"Жетісудағы ұлттық парктерде құны 3 миллиард теңгеден астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Оған ірі инвесторлар тартылды. Қорықтарға апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Мұнда Орталық Азиядағы ең биік "Бұрхан бұлақ" сарқырамасына сай ішімен баратын жол салынады. Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшып-қону жолағы жөнделді", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Президент "Қапал-Арасан" шипажайын қайта жаңғырту қажеттігін айтты


Президенттің сөзінше, өткен екі жылда Алакөлде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бюджеттен 16 миллиард теңге бөлінді. Көлдің жағасында кәріз желісін салу үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балқаштың туристік әлеуетін арттыру үшін бірнеше жоба қолға алынған.

"Қазақстанда көрікті жерлер өте көп. Осыны ұтымды қолдануымыз керек. Жетісу облысының әкімдігі туризмді дамытуға айрықша мән беруі қажет. Әсіресе, Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. "Алтынемел" және "Жоңғар Алатауы" ұлттық паркі – экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Текелідегі әйгілі Шажа және Қора сайлары керемет көріністерге толы. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары