Тікелей эфир

Екпе алған алматылықтардың 3 пайызы ғана QazVac вакцинасын таңдаған

Дегенмен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы отандық екпеге деген сұраныс соңғы кезде артқанын мәлімдеді.

Алматы қаласы тұрғындарының арасында QazVaс екпесіне сенім артқан. Оны осы күнге дейін 25 мың алматылық салдырды, деп мәлімдеді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев. 

"Бәрінен көп алматылықтар Sputnik-V екпесін салдырды, ол қалаға бірінші болып жеткізілген болатын. Дәлірек айтсақ, қала тұрғындарының 80%-ы, яғни 805 мың адам салдырды. Сондай-ақ, QazVaс екпесін алғандардың саны 25 мыңға жетті. Ал қалған CoronaVac, Sinovac, Vero Cell сынды екпелерін шамамен тұрғындардың 35-40 мыңы салдырды. QazVac екпесіне сұраныстың артуы оның халал сертификатын алуымен байланысты ма, жоқ па – білмеймін. Бірақ, оған алдағы уақытта сараптама жасайтын боламыз. Әзірге дін тұрғысынан келгенде анализ жасамадық. Жалпы сұраныс бар екенін және оның соңғы кезде артып келе жатқанын айта аламын", – деді Нариман Табынбаев. 

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, QazVac екпесіне сұраныстың артуына халал сертификатынан бұрын, жалпы халық арасында түсіндіру-ағарту жұмыстарының жүргізілуі әсер етіп отыр. 

"Біздің басты жұмысымыз – тұрғындар арасында ағарту-түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Өздеріңіз көріп отырғандай, қала бойынша жарнама, басқа да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы іс-шаралардың өз тиімділігін көрсетіп жатқаны сөзсіз. Ал QazVac халал сертификатын осы аптаның басында ғана алды. Біздің ойымызша, ол да өз тиімділігін көрсетті. Мұсылмандар да, христиандар да екпе салдырып жатқандықтан, мәселе дінде емес деп ойлаймын", – деді Жандарбек Бекшин. 

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров өз кезегінде ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін тұрғындардың 70%-ының екпе салдыруы жеткіліксіз екенін айтты.

"Неге үнемі вакциналау мәселесін көтереміз? Өйткені, аурухана да, ондағы құрал-жабдықтар да пандемияның жаңа толқынынан айтарлықтай деңгейде қорғай алмайды. Осы вирустың ерекшелігімен байланысты соңғы зерттеулер ұжымдық иммунитетті әдеттегі аурулардағыдай 70%-ға жеткізу жеткіліксіз екенін көрсетті. Осы орайда, ұжымдық иммунитет аурудан қорғау үшін 90% деңгейінде болуы тиіс. Жарты жыл сайын жаңа штамның пайда болатынын ескерсек, тек вакцина көмектеседі", – деді Ержан Бабақұмаров.

Серіктестер жаңалықтары