Тікелей эфир

Қазақстан тұрғын үй компаниясы ислам ипотекасын іске қосуға қатысады

Ипотеканың бұл түрі шариғат тәртіптеріне сәйкес жылжымайтын мүлікті сатып алуға мүмкіндік береді.

"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ исламдық қаржыландыру жобаларын іске асыру бойынша "Аль Сакр Финанс" АҚ-мен ынтымақтастық туралы бас келісімге қол қойды. Осылайша, Қазақстан тұрғын үй компаниясы бірыңғай оператор ретінде Қазақстанда исламдық қаржыландыру шеңберінде тұрғын үй бағдарламасын қолдау мен дамыту бойынша қаржылық компанияның бірінші стратегиялық әріптесі болып отыр. "Ислам ипотекасын" іске қосу шариғат тәртіптеріне сәйкес жылжымайтын мүлікті сатып алуға мүмкіндік береді.

"Бұл келісім ұзақ мерзімді болып табылады. Елде исламдық қаржыландыруды қолдау үшін Қазақстан тұрғын үй компаниясы "Аль Сакр Финанс" АҚ, құрылыс компаниялары және "Ислам ипотекасы" жобасы шеңберінде жылжымайтын мүлікті сатып алушылар арасындағы мәмілелерде кепілгер болады", – делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі


Ислам ипотекасының негізгі артықшылықтары:

  • шариғат нормаларына сәйкес ұзақ мерзімде жылжымайтын мүлікті сатып алу;
  • жылжымайтын мүлікті пайдалануға беруден бұрын сатып алу;
  • келісілген үстеме баға өспейді;
  • мерзімінен бұрын толық және ішінара өтеу мүмкіндігі;
  • нысанды пайдалануға бергенге дейін алдын ала шарт бұзылған жағдайда айыппұл, комиссия ұстамай қайтаруға кепілдік;
  • пайдалануға берілгеннен кейін шарт бұзылған жағдайда "сатып алу бөлігі" ұстаусыз қайтарылады;
  • исламдық қаржыландыру стандарттарына сәйкес айыппұлдар қайырымдылыққа беріледі;
  • комиссия алынбайды, қосымша кепіл талабы жоқ, қажет құжаттар тізімі шағын.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда исламдық қаржыландыру лизинг, шағын және орта бизнесті, сауданы дамыту салаларында қолданылып келеді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары