Тікелей эфир

Назарбаев мектебінде оқуға арналған "Өркен" грантына іріктеу басталды

Үміткерлер грант байқауына қатысу үшін Назарбаев мектептерінде екі кешенді тест тапсырады.

Қазақстанның барлық өңірінде 2023-2024 оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында оқу үшін "Өркен" білім беру грантын тағайындауға конкурстық іріктеу басталды. Құжаттар 2022 жылғы 1 желтоқсаннан 2023 жылғы 10 қаңтарға дейін қабылданған болатын. 

Информбюро порталы "Өркен" білім беру грантын алуға қажет құжаттарды, тестілеу тәртібі мен грант тағайындау ережелерін түсіндіреді. 

Құжаттар

"Өркен" білім беру грантына қатысу үшін қажет құжаттар:

  • өтініш;
  • сауалнама толтыру;
  • үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі, үміткердің ЖСН-і; 
  • заңды өкілінің ЖСН-і көрсетілген жеке куәлігінің көшірмесі;
  • 3х4 фотосурет;
  • үміткердің соңғы оқу жылындағы үлгерімі мен тәртібі туралы табелінің көшірмесі (оқуын жалғастыратын болса, оқу жылының I жарты жылдығындағы үлгерімі мен тәртібі туралы табелінің көшірмесі).

Талап етілген құжаттар оқитын мектеп басшысының қолымен расталып, тиісті білім беру ұйымының мөрімен бекітілуі керек. Құжаттарды 6-сыныптың 1-ші жартыжылдығы аяқталғанға дейін тапсырса 5-сыныптың табелі қабылданады. 6-сыныптың 1-ші жарты жылдығы аяқталған соң тапсырса 6-сыныптың 1-ші жартыжылдық табелі қабылданады.

Барлық құжат мұқабасы түссіз 10 файлдық пластикалық папкаға салынады. Құжаттар келесі жағдайда қабылданбайды:

  • өтінішті конкурстық іріктеуге қатысуға белгіленген мерзімінен кешіктіріп тапсырса;
  • құжаттар толық болмаса.

Құжаттарын тапсырған үміткерлер конкурсқа қатысу үшін Назарбаев мектептерінде екі күн қатарынан тест тапсырады. Тіркеуге кешіккен үміткерлер тестілеуге жіберілмейді және тестілеудің бірінші күні болмаған үміткер тестілеудің екінші күніне қатыса алмайды.

Үміткер өзімен бірге келесі заттарды алуы керек:

  • рұқсат қағазы;
  • қара сиясы бар шарикті қалам (гельді емес);
  • заттаңбасы жоқ бөтелкедегі су.

Тестілеу кезінде келесі заттарды қолдануға тыйым салынады:

  • ұялы телефон, фото/бейне құрылғылар;
  • кітаптар мен сөздіктер, сызбалар;
  • циркуль, сызғыштар, маркерлер, қарындаштар мен өшіргіштер;
  • тамақ және сусындар (судан басқа);
  • калькуляторлар;
  • құлаққаптар;
  • блокноттар;
  • кепка, шапкалар;
  • басқа электрондық құрылғылар (смарт-сағат).

Үміткерден тестілеу кезінде тыйым салынған заттар табылса ол аудиториядан шығарылады және оның тестілеу нәтижелері жойылады.


Оқи отырыңыз: Назарбаев зияткерлік мектебіне енді тек 7-сынып оқушылары ғана қабылданады


Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді меңгеру қабілеттілігін анықтау бойынша тест үш бөлімнен тұрады:

  • Математика – 40 тапсырма;
  • Сандық сипаттамалар – 60 тапсырма;
  • Жаратылыстану – 20 тапсырма.

Тілдік тест:

  • Қазақ тілі – 20 тапсырма;
  • Орыс тілі – 20 тапсырма;
  • Ағылшын тілі – 20 тапсырма.

Екі кешенді тест тапсырмаларын орындауға әрқайсына 120 минуттан беріледі.

Кешенді тестілеудің нәтижелері теңестірілген балл түрінде шығарылады. Мүмкін болатын максималды теңестірілген балдың жалпы саны – 1500 балл. Оның ішінде:

  • Математика – 400 балл;
  • Сандық сипаттамалар – 300 балл;
  • Жаратылыстану – 200 балл;
  • Қазақ тілі – 200 балл;
  • Орыс тілі – 200 балл;
  • Ағылшын тілі – 200 балл.

Байқаудың нәтижелері кешенді тестілеу аяқталған күннен 40 күннен аспай res.nis.edu.kz сайтында жарияланады және кешенді тестілеу өткізілген ғимаратқа орналастырылады. Үміткер сайтқа кіріп, "Менің нәтижелерім" батырмасын басып, тестіленушінің сәйкестендіру коды (ТСК) мен ЖСН енгізуі қажет. 

Конкурстың қорытындысы негізінде "Өркен" білім беру гранты жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді зерделеу қабілеттерін бағалау және тілдік тестілеуден неғұрлым жоғары жалпы балл жинаған үміткерлерге тағайындалады. Үміткерлердің тізімі грант беру жөніндегі республикалық комиссия хаттамаға қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей NIS сайтында жарияланады.

Назарбаев мектептеріне комиссия хаттамасы, үміткердің заңды өкілінің өтініші және білім беру қызметтерін көрсетуге арналған шарт негізінде Зияткерлік мектеп директорының бұйрығымен қабылданады.

Республикалық комиссияның қарауына жіберілген, бірақ бос орынның болмауы салдарынан Зияткерлік мектепке қабылданбаған үміткерлер оқу жылы кезінде орын босаса резерв тізімге енгізіледі. Оларға қосымша конкурстан өтпей грант тағайындалады. Резервтегі үміткерге грант беру туралы шешім комиссия хаттамаға қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей NIS сайтында жарияланады.

Серіктестер жаңалықтары