Тікелей эфир

Нұртай Сабильянов: "Атамекенге" мемлекет бюджетінен қаржы бөлудің қажеті жоқ

Бизнесмен бюджеттен алынған қаражаттың нәтижелі жұмсалмағанын айтады.

Кәсіпкер Нұртай Сабильянов "Атамекен" ҰК палатасын қайта құрып, жарна мөлшерін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Атамекен" ҰК палатасын қалдыру керек, бірақ оған мемлекеттік бюджеттен қаражат берудің қажеті жоқ. Егер ассоциациялар "қатыспаймыз, жеке шығамыз" десе, оларға да өз алдына жеке дамуына мүмкіндік бергеніміз жөн. Қазір "Атамекен" палатасында 176 ассоциация бар. Ал Қазақстанда жалпы ассоциация саны өте көп. Яғни бұл жерде барлық бизнес субъектілері қамтылып отырған жоқ. Оның үстіне "Атамекен" ұлттық палатасында құрылымдар көп: департамент, директор және олардың орынбасары дегендей", – деді Нұртай Сабильянов.

Әрі қарай кәсіпкер "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының бастапқыда қалай жұмыс істеуді мақсат еткеніне тоқталды. Айтуынша, палатаның мемлекеттік бюджеттен қаражат алуы – қателік.


Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде құжаттары жоғалған алматылық 500 кәсіпкер үкіметтен көмек сұрады


"Атамекен" құрылғанда әр бизнес субъектісі жарна төлеп, одан кейін ғана ассоциацияға мүше болады деп жоспарланды. Алайда кейін бұлар ақырында бюджетке кірді. "Жұмыспен қамту" сынды т.б. бағдарламаларға мемлекеттен қолдау сұрап, бюджеттен қаражат алып отырды", – дейді кәсіпкер.

Нұртай Сабильянов бюджеттен алынған қаражаттың нәтижелі жұмсалмағанын айтады. Осы орайда ол "Атамекен" палатасын қайта құруды ұсынды.

"Мен араласып жүрген кәсіпкерлердің "Атамекенге" ешқандай да қатысы жоқ. Одан көмек те алмады, бармайды да. Өз заңгерлерімен өз мәселесін шешіп отыр. Бірақ кейде тиісті төлемді төлеп тұрады. Барлығы төлемеді, өйткені төлемегендер үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Атамекеннің бір қатесі – орта бизнеске үлкен жарна қоюы. Сол себепті көп кәсіпкер қарсы. Бұл мәселені қайта қарауымыз керек", – деді Нұртай Сабильянов.

Палатаға мүшелек жарна ретінде 5 млрд теңге түседі.

Еске салсақ, төтенше жағдай кезінде зардап шеккендердің сақтандыру төлемін қалай алатыны туралы жазған едік. Шартта шығындарды өтеу қарастырылса, келісімшарт жасалған сақтандыру компаниясына жүгіну керек.

Серіктестер жаңалықтары