Тікелей эфир

“Өзгерісті өзімізден бастау керек”. БҚО-да этномәдени бірлестік өкілдері референдумға қолдау білдірді

Бүгін Батыс Қазақстан облысындағы 54 этномәдени бірлестік те референдумға келіп дауыс береді.

Осылай деген Инесса Тоболеваның айтуынша, облыстағы этнос өкілдері Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумда өз құқығын пайдаланып, оң бастамаларды қолдаймыз деп отыр. Әрі референдумның маңыздылығын ескерген олр дауыс беруге өздерінің ұлттық киімімен келуді жөн санапты.

"Референдум-Жаңа Қазақстан құрудағы үлкен қадам, жаңа мемлекеттік модель.  Ел тағдырына ешкім бей-жай қарамауы керек. Біз жолдасымыз екеуміз референдумға немерелерімізді де алып келдік. Әрине, олар дауыс бере алмайды. Бірінің жасы 12-де, екіншісі 10-да. Яғни, әлі кәмелет жасына толмаған. Бірақ, олар референдумға келіп барлығын көрсін деп ойладық. Заң күнде өзгеріп жатқан жоқ. Олардың да есінде қалсын дедік. Балалар біздің болашағымыз ғой. Мемлекетте заң қалай қабылданатынын олар да біліп жүруі керек", – деді БҚО "Қоғамдық келісім" КММ басшысы, этномәдени бірлестік жетекшісі Инесса Тоболева.

Ата заңымыздың 33 бабына енгізілетін 56 өзгерісті этномәдени бірлестік өкілдері қолдаймыз дейді. Өйткені, халықтың пікірін алдыңғы қатарға қойып, елмен санасып жұмыс істеп жатқан басшының артынан еру маңызды. Яғни, жаңа өзгеріс пен бастамаларға қолдау білдіру керек. 

"Біз қазір өте керемет кезеңде өмір сүрудеміз. Мемлекет басшысы “Жаңа Қазақстан құрамыз” деп жатыр. Әрине, бізге мемлекетті қайта құрудың қажеті жақ, бізге жаңа бағыт-бағдар керек. Сондай-ақ біз қарапайым тұрғындар өзіміз де уақытқа қарай өзгеруіміз керек. Ол үшін референдумға келіп, дауыс беру маңызды. Өзгерісті өзімізден бастауымыз қажет. Егер біз бұған бей-жай қарап келмейтін болсақ, мемлекеттен қандай өзгеріс талап етеміз? Мүмкіндігімізді пайдаланайық", – дейді Инесса Тоболева.

Жалпы "Республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу тәртібі "Республикалық референдум туралы" 1995 жылғы 2 қарашадағы Конституциялық заңда көрсетілген. Референдумды өткізуге азаматтар ерікті түрде қатысады әрі бұл жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу құқығына негізделеді". 

Бүгінде БҚО-да бір үйдің баласындай өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері де отанымыздың болашағына алаңдаушылық білдіріп, референдумды қолдап отыр. Өйткені, әр қазақстандықтың пікірі маңызды. Сондықтан бүгін таңғы сағат 07:00 мен кешкі 20:00 аралығында сайлау учаскеңізге барып, өз таңдауыңызды жасаңыз.

 

Серіктестер жаңалықтары