Тікелей эфир

Өзін банкрот деп жариялаған азаматтарға қандай шектеулер қойылады?

Қаржы вице-министрі азаматтардың өзін банкротпын деп жариялау рәсімінің тәртібін түсіндірді.

Бүгінгі таңда 1 миллионнан астам азамат несие қарызын уақытылы өтей алмады. Осы орайда, олардың басым бөлігі өзін банкротпын деп жариялау рәсімін қолдана алады. Бірақ олар бірқатар шеутеуге дайын болуы керек, деп мәлімдеді ҚР бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев. 

Вице-министр заңды тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу барысында халықаралық тәжірибе ескерілгенін айтты. Қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты, рәсімнің бір түрін таңдау ұсынылады. 


Оқи отырыңыз: "Мен – банкротпын": Қандай жағдайда қарызды қайтармауға болады?


Бірінші. Азаматтар өзін банкрот жариялау рәсімін қарызын 12 ай бойы өтей алмаған кезде қолдана алады. Бұл ретте қарыз сомасы 300 мың теңгеден немесе 100 АЕК-тен аспауы керек. Мұнымен қатар, қарызды өтейтін мүлкі болмауы тиіс.

  • 6 айда 5 миллион теңгеге жуық (1600 АЕК) қарызы өтелмеген азаматтар сотқа жүгінбей-ақ өзін банкрот деп жариялай алады.
  • соттан тыс тәртіппен банктер мен микроқаржы ұйымдарда, коллекторлар алдында 5 жылдан астам берешегі бар тұлғалар да қолдана алады.

Екінші. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар немесе жоспар негізінде (5 жылға дейін) қарызды өтеудің басқа мүмкіндіктері бар тұлғалар қолдануға құқылы. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы әзірлейді және сотта бекітіледі.

Үшінші. Қарыз сомасы 5 млн теңгеден (1600 АЕК) асқан жағдайда банкрот рәсімі сот арқылы жарияланады. Сондай-ақ, борышкердің мүлкі сатылуы мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Банкрот деп танылған жеке тұлғаларға несие беріле ме?


Азаматтар "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Сонымен бірге, E-salyk azamat қосымшасы арқылы құжаттарды тапсыруға мүмкіндік берілетін болады. 

"Азаматтар өзін банкрот деп жарияламас бұрын теріс салдары және ары қарай қандай көздер есебінен өмір сүре алатыны туралы ойлануы қажет", – деп қосты Марат Сұлтанғазиев. 

Өйткені, азамат өзін банкрот деп жариялаған соң:

  • 5 жыл бойы қарыз, несие ала алмайды;
  • 3 жыл бойы емделуді, жақын туыстарын емделуге ертіп жүруді немесе жерлеуге баруды қоспағанда елден тыс жерлерге шыға алмайды;
  • өзін банкротпын деп жариялау рәсімін тек 7 жылдан кейін ғана қолдана алады.

Еске салсақ, "Қазақстан халқына" қорынан қандай қажеттіліктерге көмек алуға болатыны хабарланды. Қорда қазіргі таңда 115 миллиард теңгеден астам қаражат жинақталған.

Серіктестер жаңалықтары