Тікелей эфир

Қатерлі ісікті психологиялық жолмен емдеуге бола ма? Дәрігер кеңесі

Мамандар бұл әдіс қатерлі ісікке қарсы емдеудің ресми хаттамаларына қайшы келмейтінін айтады.

Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды интегративті медицина көмегімен емдеу әдісі қолданыла бастады. Мұндай медицина клиникалары онкологиямен күресудің жаңа әдістерін қолданады. Жарты жылда клиникада ем алған 300-ге жуық адам қатерлі аурудан айыққан. Бұл туралы "Интегративті медицина – онкологияны емдеуге болады" тақырыбында өткен баспасөз мәжілісінде интегративті медицина клиникалары желісінің негізін қалаған дәрігер Дмитрий Раевский хабарлады.

Интегративті медицина клиникаларында онкопсихология әдістері мен қатерлі ісікпен күресу үшін табиғи иммуностимуляторлар қолданылады. Оның арқасында мамандар лейкемия, сүт безі қатерлі ісігі, ми ісіктері секілді ауыр диагноздар қойылған науқастарды емдеуде сәтті нәтижелерге жеткен. Дәрігердің айтуынша, бұл тәсіл қатерлі ісікке қарсы емдеудің ресми хаттамаларына қайшы келмейді.

"Көптеген ауруларды санамен жұмыс істеу арқылы емдеуге болады. Адам ауруының себептері туралы барлық жауап оның түпсанасында жатыр. Қаншама жыл жүргізген тәжірибе санамен жұмыс істеу арқылы онкологияны емдеуге болатынына дәлел. Химиялық терапия көмектесе алмаған адамдар бізге келіп сауығып жатыр. Адамдар онкологияны "жазылмайтын қорқынышты ауру" деп ойламаса екен деймін. Өйткені, иммунитетті ауруға қарсы тұруға үйретуге болады. Түпсанамен жұмыс істеуді мен ойлап тапқан жоқпын, бұл әлемде бар практика. Адамның түпсанасымен жұмыс істеп, иммуностимуляторлар таңдап, адамды емдеп шығамыз.  Өкінішке қарай, қатерлі ісікпен ауыратындар көбейіп жатыр", – деді Дмитрий Раевский.

Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Ол өзі қолданатын дәрі-дәрмектер табиғи, ешқандай жанама әсерлері жоқ және ағзаны нығайтып, иммунитетті күшейтуге, адамның тез жазылуына көмектесетінін айтты. 

"Әр адамда күн сайын қатерлі ісік жасушалары пайда болады. Адамның иммунитеті олардың көзін жойып отырады. Бір күні иммунитетте ақау болып, жасушалармен күресе алмай қалады. Ісік тез бөлініп, тіндерге еніп, денеге тарайды. Ісік адамның организмімен қоректенеді. Иммунитет оларды байқай алмайды. Бір ай өткен соң иммунитет оянып, оларды байқап, көзін жоюға тырысады. Ал қатерлі ісік мутацияланып, иммунитет оларды қайтадан көрмей қалады. Қатерлі ісік нейро уыттар шығарып, ауруды сезінуге мәжбүр етеді. Ал біз иммунитеттің қатерлі ісікті байқауы үшін бәрін жасаймыз. Ол үшін алдымен адамның психологиясымен жұмыс істейміз. Иммуностимуляторлар иммунитеттің жұмыс істеп, қатерлі ісікпен күресуіне көмектеседі. Бұл тәжірибе көптеген елде қолданылады. Нәтижесі өте жақсы", – деді интегративті медицина клиникалар желісінің негізін қалаушы. 

Төрт жасар Мырза Сатқанға орташа клиникалық декомпенсация сатысында ми бағанының қысылуымен артқы бас сүйек шұңқырының ісігі деген диагноз қойылған. Интегративті медицина клиникасында екі ай емделіп, аяққа тұрған.

"Былтыр шілде айында баламның басында ісік пайда болды. Астанаға барып операция жасағанда ісіктің 90 пайызын алып тастады. Бірақ 10 пайызы қалып қойды. Балам алты сағаттық операцияны әзер көтерді. Балам химиятерапияны көтере алмайтын болған соң одан бас тарттым. Астанада дәрігерден консультация алдым. Баламды ауруханадан шығардық. Операциядан кейін екі ай отыра алмады, ауызын жаба алмады. Осы клиникада бес күн ем алдық. Бір айда аяққа тұрып, екі айда жазылып кеттік", – деді баланың әкесі. 

Мырза Сатқан және әкесі / Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Ернұр Қоңырбаевтың анасына сүт безі қатерлі ісігі 4-сатысы диагнозы қойылған. Қазақстанда да, Түркияда да емделген. Өкпе метастазы қабырғасына жабысып қалған. Интегративті медицина клиникасына келіп, үшінші сеанстан кейін аяққа тұрған.

Толқын Қазиева 2016 жылдан бері қатерлі ісікпен ауырады. Оған көмейдің қатерлі ісігінің 2-сатысы диагнозы қойылған. Химия және сәулелі терапия алғанымен 2022 жылы ауруы қайта асқынған. Терапияны көтере алмай, тіпті, дәрігерлер өңешті жұтқыншақпен алып тастау керек екенін айтқан.

"Өңешті сақтап қалу үшін ізденіп, соңында осы клиникаға келдік. Он ай қиналдым. Осында екі айда емделіп шықтым. Жұтқыншағымды аман алып қалды. Қазір жағдайым өте жақсы. Қара судың өзін жұтына алмайтын едім. Енді тамақ іше аламын. Кеудемде тас тұрғандай ауа жетпейтін, оның бәрі кетті", – деді Толқын Қазиева. 


Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікті емдеу қиын, алдын алу оңай. Скринингтен кімдер және қандай жиілікпен өтуі тиіс?


Дәрігер Дмитрий Раевский әдісі бауыр циррозы, экзема, псориаз, қалқанша безінің аурулары, склероз секілді аутоиммунды аурулары бар адамдарға да көмектеседі. Енді ол Қазақстанда клиникалар желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.

"Бұл – Американың эксперименталды жүйесі. Басқа елге бармай, Қазақстанда да арзан бағамен емделуге болады. Көп адам қабылдау үшін емханамызды кеңейткіміз келеді. Қазір айына жиырма адам ғана қабылдай аламыз. Біз онкологиямен ғана емес, аутоиммунды және психологиялық ауруларды емдейміз", – деді Дмитрий Раевский. 

Серіктестер жаңалықтары