Тікелей эфир

Қазақстан биыл Kia Sportage, Lada Granta және Chevrolet көліктерін өзі толық құрастыратын болады

2024 жылдан бастап Қостанайда КамАЗдың қозғалтқышының құйма бөлшектері өндіріле бастайды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев елімізде отандық өндірістің болмауына байланысты кабельдік-өткізгіш өнімдерге және рекреациялық техникалар: квадроциклдерге, қарда және батпақта жүруге арналған көліктерге кәдеге жарату алымы мөлшерлемесін нөлге теңестіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол бірқатар көлік түрін Қазақстанның өзі толығымен құрастыратынын атап өтті. 

"Автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасының мөлшерлемелері бойынша жағдай біршама өзгеше. Елімізде ірі торапты және ұсақ торапты әдістермен техника өндірумен айналысатын отандық кәсіпорындар бар болғандықтан кәдеге жарату алымы қазіргі уақытта ішкі нарықты қорғау құралы ретінде енгізілген. Халықаралық тәжірибеде әлем елдері өз нарығын қорғаудың түрлі әдісін: импортқа толық тыйым салудан бастап, ұлғайтылған кедендік баж немесе экологиялық алым түріндегі шектеу шараларына дейін қолданады. 2016 жылы кәдеге жарату алымын енгізу бірқатар жаңа ірі шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік берді, олардың ішінде Hyundai, Chevrolet, KIA және JAC автомобильдерін, КАМАЗ компоненттерін, "Кировец" тракторларын және CLAAS әлемдік брендінің ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша іске асырылып жатқан жобаларды жеке атап өткен жөн", – деді вице-министр. 


Оқи отырыңыз: Индустрия вице-министрі: автонесиеге 10 млн теңгеге дейінгі көліктер ғана берілетіні туралы ақпарат жалған


Әрі қарай Марат Қарабаев 2024 жылдан бастап Қостанайда КамАЗдың қозғалтқышының құйма бөлшектері, көпірдің құйма арқалықтары және Набережные Челныдағы бас конвейерге жеткізілетін жетекші көпірлердің басты берілістері өндірілетінін мәлімдеді. Осылайша, КамАЗ шығарған әрбір автомобильде Қазақстанда өндірілген компоненттердің 11%-ы болады. 

"Кировец" тракторы бойынша бүгінгі таңда пластикалық бөлшектер мен аспалы жабдықтардың экспортқа бағытталған өндірісі игерілді. Компоненттерді одан әрі жергіліктендіру жоспарлануда. Бүгінгі таңда CLAAS техникасы үлкен торапта жиналады. Алайда компания Қазақстанға компоненттерді жергіліктендіруді дамыту жөніндегі бесжылдық жоспарды іске асыру үшін барлық технологиялық құжаттаманы берді және қысқа мерзімде Қазақстанда шығарылған бөлшектерді сертификаттауға дайын. Кәдеге жарату алымы автоөнеркәсіпті тікелей қолдау үшін енгізілген деген жаңсақ пікір бар. Жинақталған қаражаттан отандық зауыттарға белгілі бір субсидиялар төленеді деп айтылады. Бұл шындыққа жанаспайды. Өндірушілерге шын мәнінде, кәдеге жарату бажы ретінде бұрын өздері төлеген қаражаты беріледі. ДСҰ талабы бойынша өндіруші импорттаушылар сияқты кәдеге жарату алымын төлеуге міндетті. Бірақ, бізде төленген ақшасы кері қайтарып беріледі. Бұл елімізде өндірілген автомобиль бағасының тұтынушы үшін өспеуі үшін жасалды", – деп түсіндірді Марат Қарабаев.


Оқи отырыңыз:


Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда шығарылатын жаңа автомобильдер, комбайндар мен тракторлар кәдеге жарату алымынсыз сатылады.

"Көптеген басылым "Қазақстанда автокөлік өндірісі жоқ, тек дөңгелегін қояды" деп жазып жатыр. Соңғы екі күнде азаматтарды алып барып бүкіл автокөлік өндірісін көрсеттік. Ішінде БАҚ өкілдері де бар шығар. Ондай емес. Жалпы көлік құрастыру саласын үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – ірі тораптарды құрастыру, екіншісі – ұсақ тораптарты құрастыру, үшінші кезең – қосалқы бөлшектерді өз елінде шығару. Бұл әлемдік алгоритм, барлығы осы жолдан өткен. Біз осы күнге дейін ірі торапты құрастырып үйрендік, енді ұсағын үйренеміз. Өткен 10 жыл ішінде біз толығымен құрастыруды үйрендік. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Hyundai Accent өндіріледі. Жыл соңына дейін Kia Sportage, LADA Granta және Chevrolet модельдері елімізде ұсақ торапты құрастырудан өтеді", – деп қосты вице-министр.

Серіктестер жаңалықтары