Тікелей эфир

Қазақстанда 255 елді мекенді су басу қаупі бар. Оларда 725 мыңнан астам адам тұрады

Министрдің айтуынша, республика бойынша су жайылуы мүмкін 482 автомобиль және 600-ден астам теміржол учаскелері бар. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда 255 елді мекенді су басу қаупі бар. Онда 127 мыңнан астам үйде 725 мыңнан астам адам тұрады. Бұл туралы Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин баяндады.

Министрдің айтуынша, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Абай, Жетісу облыстарында су басу тәуекелдері жоғары.

"2022 жылғы су тасқынын талдау қорытындысы бойынша, су басудың негізгі себептері – өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы,үйлердің су қорғау белдеулерінде салынуы", – деді Юрий Ильин.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалымдар су тасқынын алдын ала болжайтын планшет жасап шығарды


Министр су тасқыны кезеңіндегі тағы бір мәселе – арналардың толып кетуі және жолдардың бұзылуы екенін атады. Бұл көлік қозғалысының үзілуіне және жекелеген елді мекендердің оқшаулануына әкеледі.

"Бүгінгі таңда республика бойынша су жайылуға бейім 482 автомобиль және 600-ден астам теміржол учаскелері бар. Жыл сайын судың жолдан тасып кетуіне байланысты Қарағанды облысындағы Нығман кентімен байланыс қиынға соғатынын айта кету керек. Алайда, облыс әкімдігі бұл мәселені жыл сайын назардан тыс қалдырады. Тұрғындар бұл туралы біле отырып, өнімдер мен дәрілердің қорын дербес және алдын ала дайындайды", – деді министр.

Министр осыған ұқсас жағдай Ақмола облысы Ягодное ауылының ауданында да қайталанғанын еске салды.

"Осыған байланысты, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп автомобиль жолдарын жобалау және жөндеу кезінде жаңа құрылыстар құруды көздеуі немесе қолданыстағы су өткізгіш құрылыстарының өткізу қабілетін арттыруы қажет", – деді Юрий Ильин.

Серіктестер жаңалықтары