Тікелей эфир

Қос қызметкері жемқорлық бабымен істі болған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары неге жұмыстан кетпеді?

Оған мәдениет басқармасы басшысының қылмысы үшін тек сөгіс берілген.

Қызылорда облысында екі бірдей басқарма басшысы жемқорлық бабымен істі болса да, бұл салаларды тікелей қадағалайтын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың идеология жөніндегі орынбасары Серік Ахмет орнын босатқан жоқ, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мәдениет басқармасы басшысының пара алғаны сотпен дәлелденіп, айыппұл төлеуге міндеттелген. Ал спорт басқармасының басшысына жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тергеу жүргізіліп жатыр.

"Қазіргі кезде жұмыс барысында осындай жағдайлармен күресіп жатырмыз. Былтырға қарағанда жемқорлық азайған. Менің заң бойынша шешім қабылдауға бір ай уақытым бар. Бұл адамның тағдыры, сондықтан жеті рет ойланып барып шешім қабылдауым керек", – деген болатын бұл іске қатысты Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 1,5 ай бұрын журналистердің қойған сауалына берген жауабында.


Оқи отырыңыз: Қызылорда облысындағы ІІІ интернационал ауылы тұрғындарының егін егуіне не кедергі?


Сол уақытта аймақ басшысы орынбасарының отставкаға арыз бергенін тілге тиек еткен. Өйткені дәл осы орынбасар басқаратын қос бірдей басқарма басшыларына жемқорлық бабымен іс қозғалды. Тіпті Серік Ахмет басшылыққа келгеннен кейін мәдениет басқармасы басшысының ірі көлемде кәсіпкерден пара алғаны сотта дәлелденіп, оған 20 миллион теңге айыппұл салынды. Одан бөлек былтыр күзде спорт басқармасы басшысының да сыбайлас жемқорлыққа күдікті болғаны хабарланған.

"Серік Ахметтің өзінің орынында отырғанына қарағанда ол әлі отставканы қабылдамаған болып отыр. Себебі беймәлім. Халықтың наразылығын біле отырып, ол азаматтың неге қалып отырғаны әлі түсініксіз", – дейді Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мониторинг топ жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.


Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында жол апатынан 8 адам көз жұмды


Бірақ, облыс әкімінің баспасөз қызметі Серік Ахметтің орнын босатпайтынын хабарлады. Оған мәдениет басқармасы басшысының қылмысы үшін тек сөгіс берілген.

"Отставкадан уәжді түрде бас тартты. Себебі, мәдениет басқармасы басшысының тағайындалуына Серік Ахметтің қатысы болмаған. Басқарма басшысы 2017 жылы тағайындалған, ал орынбасар 2020 жылы тағайындалды. Сондай-ақ басқарма басшысының жемқорлығына орынбасар Серік Ахметтің итермелеуі сипаты болмаған", – деді Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы Абай Тағыберген.

Серіктестер жаңалықтары