Тікелей эфир

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешені салынады

Сондай-ақ, облыстағы Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жол күрделі жөндеуден өткізіледі.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың бір топ Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабынан белгілі болды. 

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар аясында Алаш қайраткерінің шығармашылық мұралары халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихатталмақ. Атап айтқанда:

  • Қостанай облысы Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, жәдігерлермен толықтырып, музей-үй етіп ашу;
  • Байтұрсын әулетінің қорымын қоршауын жаңарту;
  • Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу;
  • Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу;
  • Қостанай облысындағы "Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын", Алматы қаласындағы "Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін" абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.

Оқи отырыңыз: 


Ал Мәжіліс депутаттарының Жангелдин ауданына, сонымен бірге Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсынысына үкімет басшысының орынбасары бұл мәселе қоғамның пікірін ескеру мақсатында талқылау жұмысы, кездесулер ұйымдастырылғаннан кейін нәтижесіне қарай қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылатынын хабарлады.

Айта кетейік, 2021 жылғы 22 желтоқсанда Мәжілістің бірқатар депутаттары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне ұлттық мәртебе беруді ұсынып, Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Олар сонымен бірге 2022 жылды Мемлекеттік тіл жылы етіп жариялау қажеттігін айтқан еді. Бұл ұсынысқа төмендегіше жауап берілген:

"Мемлекет басшысының ағымдағы жылды Балалар жылы деп жариялауына байланысты барлық білім беру ұйымдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы тақырыптық шаралармен іске асырылатын болады".

Серіктестер жаңалықтары