Тікелей эфир

Рахман Алшанов: Мектептерге сатып алынған ғылыми әдебиеттің үлесі 6 пайыз ғана, бұл тым аз

2021 жылы қазақстандық мектептерге сатып алынған кітаптардың 80 пайыздан астамын әдеби туындылар құраған.

Мектептердегі кітапханаларда ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптардың үлесі тек 6 пайызды құрайды. Ғылыми кітаптар үлесін көбейту мәселесіне ден қоюымыз керек, деп мәлімдеді ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.

"Былтырмен салыстырғанда бюджеттің салыстырмалы түрде көбірек салынуына қарамастан, аймақтар жоспарлап отырған қосымша көркем әдебиет басылымдарының саны азырақ. Осы тұста жергілікті атқарушы органдардың былтырғы жылғы сатып алынған бағадан көтермеуі мәселесіне ден қою керек сияқты", – деді республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың директоры Елдос Нұрланов.

Сондай-ақ, ол бірқатар аймақта сатып алынған туындылар санының аздығы байқалатынын айтты. Атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында.


Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінің 16 пайызында кітапхана жоқ


"Өткен жылы мемлекеттік тілде сатып алған әдиебиеттің үлесі 7%-ға тең. Орыс тілінде – 23% және ағылшын тілінде – 6%. Бұларды жанрларға байланысты бөлетін болсақ, басым бөлігі – 87%-ы – қазақ және әлем әдебиетіне қатысты туындылар. 13%-ы анықтамалық және қосымша әдістемелік, ғылыми танымдық, ғылыми практикалық басылымдардың үлесіне тиесілі", – деп қосты Елдос Нұрланов.

Осы орайда профессор Рахман Алшанов мектептегі ғылыми кітаптар үлесін көтеру мәселесіне тоқталды.

"Кітапханалар үшін сатып алынған көркем әдебиеттің үлесі 87%. Біз инновация, технология туралы жиі айтамыз, бірақ неге ғылыми кітаптардың үлесі 6%-ды ғана құрайды? Жуырда шетелдік кітапханаларға бардық. Ол жақта ғылыми әдебиеттің үлесі 20%, тіпті 30-40%-ға дейін жетеді. Мұнымен қатар, профессор Мансұров ғылыми кітаптарды қазақ тіліне аударып бере алатын ғалымдардың жеткілікті екенін айтқан болатын. Осы сұраққа көңіл бөлу керек", – деді Рахман Алшанов.

Еске салсақ, жазушы Ақберен Елгезек мектептерде социалистік ескі идеологияны насихаттайтын кітаптардың әлі тұрғаны туралы мәселе көтерген еді. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары