Тікелей эфир

Шымкенттік "Ордабасы" Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды

Бұл – "Ордабасының" 11 жылдан кейін қайталанған жеңісі.

"Астана-Аренада" өткен Қазақстан Кубогының финалында "Ордабасы" футбол командасы "Ақжайық" клубынан 5:4 есебімен басым түсіп, жеңімпаз атанды. 

Шымкенттіктер футбол кездесуін әл-Фараби алаңында тікелей эфирде көрді. Матчты қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен басқарма басшылары жанкүйерлермен бірге тамашалады.

Ақтық ойын аса тартысты өтті. 7-минутта оралдықтар сапынан Бадоян Завен алғашқы голды салса, 11-минутта Тома Табатадзе есепті еселеді.

Бұдан кейін шымкенттік команда шабуылды үдетті. Ол нәтиже беріп, команда капитаны Самат Шәмші 26-минутта есеп айырмасын қысқартса, үзілістен кейін, екінші таймның басында "Ордабасы" сапынан Всеволод Садовский есепті теңестірді.

Екі жақта шабуылмен, ашық өткен ойында "Ақжайық" тағы да екі гол соғып, алға шықты: алдымен Табатадзе матчтағы екінші добын соқса, одан кейін Илья Коваленко көзге түсті. "Ордабасы" сапынан Максима Федин гол соғып, есеп айырмасын тағы бір допқа қысқартты. Ал ойын аяқталуға санаулы секунд қалғанда "ордабасылық" Луис Энрике Гедеш алыстан әдемі соққы жасап, есепті теңестірді – 4:4.

Қосымша таймның алғашқысында екі тарап гол соға алмай, екінші 15 минуттық таймда "Ақжайық" айып алаңындағы тартысты сәттердің бірін сараптаған бас төреші оралдық команда қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Жауапты сәтте Эльхан Астанов айып соққысын сәтті орындап, командаластарына да, шымкенттік жанкүйерлерге де қуаныш сыйлады.

Сонымен, араға 11 жыл салып "Ордабасы" клубы футболдан Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанып отыр.

Дереккөз: "Шымкент келбеті". Фото авторы: Серік Қосаев

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары