Тікелей эфир

Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ләззат Асанова жерленген қорымды су шайып жатыр

Кей зираттың ақымы үңірейіп, бейіт басында сүйектер шашылған.

Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Ақжазық ауылындағы қорымды су шайып жатыр. Зираттардың көбі бүлініп, топырағы опырылып ортасына түскен. Тіпті кейбірінің ақымы үңірейіп, бейіт басында сүйектер шашылып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ауыл тұрғындары зираттарды сақтап қалу үшін оларды ағашпен қалқалаған. Тіпті, өздері ақша жинап, бөгет те тұрғызған. Бірақ, ол тасқын селге шыдас бермепті. Енді тұрғындар жергілікті биліктен көмек күтеді.

"Бейітке 30 метр жақын жерде канал бар, соған жазда су келеді. Су шетінен шайып, каналды құлатып бітті. Тауға жауын қатты жауғанда сел басады да, су арнаға сыймай, бейіттің ішін аралап кетіп жатыр", – дейді Ақжазық ауылының тұрғыны Ердос Бердаев.


Оқи отырыңыз: 


Ақжазық ауылының әкімі тұрғындар көтерген мәселені толықтай растап отыр. Алайда, өз бетінше қорымды сақтау қолдан келмейтінін мойындады.

"500 миллион ба, 1 миллиард па – көп қаражат керек. Үлкен бөгет жасамаса, келешекте бейітті алып кетеді. Бұл жерде ата-балалар жатыр", – дейді Көктал ауылдық округінің әкімі Бақыт Нұрелов.

Бұл зиратта 1986 жылы желтоқсан оқиғасында құрбан болған Ләззат Асанова да жерленген. Әзірге оның бейіті аман. Дегенмен, шұғыл түрде ауыл әкімі айтқан үлкен бөгетті жасамаса, Ақжазық ауылында зираттар түгел жойылу қаупі бар.

Бұл мәселені Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевқа да жеткіздік. Өңір басшысы жағдайды назарға алуға уәде етті, деп хабарлады арна тілшілері.

Серіктестер жаңалықтары