Тікелей эфир

"Жоғары жалақы мен түсініксіз жұмыс". Адам саудасының құрбаны кімдер?

Сарапшылар кәмелетке толмаған балалар мен қайыршылыққа ұшыраған мүгедектер де адам саудасының құрбаны болуы мүмкін екенін айтады.

Адам саудасының құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Жоғары жалақы мен түсініксіз жұмыс жағдайлары ұсынылған кезде ойлану керек, деді брифингте "Қорғау-Астана" қорының төрағасы Анна Рыль айтты.

"Көп жағдайда қандай да бір осал топтағылар адам саудасының құрбанына айналып жатады. Олар мигранттар, балалар үйінің түлектері, нашақорлар, құжаты жоқ адамдар болуы мүмкін. Осы санатқа шетелге жұмыс іздеп кетіп жатқан жастарды да қосқым келеді", – дейді Анна Рыль.

Сарапшы мұндай қылмыстардың өсу тенденциясы бар екенін растады. Оны карантиннен кейін бүкіл әлем бойынша еңбек ресурстарының көші-қоны басталғанымен байланыстырды.

Қор төрағасының айтуынша, адам саудасымен күресудің негізгі жолы – алдын алу, адамдарды оқыту және білім беру.


Оқи отырыңыз: Адам саудасына күдікті Қазақстан азаматшасы Бахрейннен экстрадицияланды


"Сана сезім" әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы" қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова кәмелетке толмаған балалар мен қайыршылыққа ұшыраған мүгедектер де адам саудасының құрбаны болуы мүмкін екенін айтты.

"Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қайыр тілеу үшін пайдаланылуда. Мүгедектерге келетін болсақ, олар тұрғылықты жері жоқ немесе өз құқығын қорғауға мүмкіндігі жоқ адамдар, өйткені олар жұмыс таба алмай, қарапайым адам ретінде жалақы ала алмайды. Сондықтан көмек көрсету кезінде осы мәселеге баса назар аудару қажет", –дейді Шахноза Хасанова.

Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, адам саудасы жасырын латентті қылмысқа жатады және табысы бойынша әлемде үшінші орында тұр.

"Халықаралық еңбек ұйымының болжамы бойынша, тек мәжбүрлі еңбектен түсетін жылдық табыс 150 миллиард доллардан асады. Адам саудагерлері өз қылмысын жан-жақты жасырады. Сонымен қатар оларды жоғары білікті заңгерлер қорғайтындықтан, ашу қиын", – дейді Тастемір Әбішев.

Серіктестер жаңалықтары