Тікелей эфир

Жұмысы тоқтаған банктердегі 113 млрд теңге зейнетақы қорына аударылады

Салымшылардан бұл операция үшін ешқандай комиссия ұсталмайды.

Жұмысын тоқтататын "Валют-Транзит Банк", "Казинвестбанк", "Эксимбанк Қазақстан", Delta Bank, Qazaq Banki, "Астан банкі", Tengri Bank және Азия Кредит банктерінде депозит ашқан салымшылар ақшасы зейнетақы қорындағы шотқа аударылады. Иесіне қайтарылатын сома – 113 миллиард теңгеден асады.

31 арнаның "Информбюро" бағдарламасының эфирінде сұхбат берген Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қоғаммен байланыс және халықаралық қызмет бөлімінің бас сарапшысы Жаппарберген Айбота таратылатын банктердегі депозиттерді аудару процесінің қалай және қай уақытқа дейін жүзеге асатынын түсіндірді.

"Салымшылардан бұл операция үшін ешқандай комиссия ұсталмайды. 2 мамырдан бастап талап етпеген өтем ақшалары күнтізбелік 30 күн ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылар атына ашылған иелікті зейнетақы жарналарын есептеуге арналған зейнетақы шоттарына иелікті жарналар ретінде аударылады", – деді маман.

Салымшылар өтем төлеу бойынша бір жылға дейін өтініш бере алады. Осы төлем мерзімі ішінде салымшылар өзіне тиесілі өтемді алу үшін депозиттерге кепілдік беру қорының арнайы порталы арқылы онлайн немесе тиісті агент банктер арқылы жазбаша түрде өтініш бере алады.


Оқи отырыңыз: Зейнетақы жүйесінде жұмыс өтілі мүлдем жоқ азаматтар қанша зейнетақы алады?


Жаппарберген Айбота қаржыны зейнетақы қорына аудару үшін салымшының рұқсаты қажет емес екенін айтты.

"Бұл жерде салымшының рұқсатының қажеті жоқ. Салымшылардың талап етпеген өтем ақшаларын зейнетақы қорына аудару екінші деңгейлі банктерде орналасқан депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңында нақты қарастырылған", – деді Жаппарберген Айбота.

Серіктестер жаңалықтары