Тікелей эфир

"Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Отбасы банк несие мөлшерлемесі төмендетілген, алғашқы жарнасы қолжетімді жеке және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын ұсынады.

Отбасы банк – ипотекалық несиелендіру нарығының көшбасшысы деп толық айтуға болады. Қаржы құрылымына былтыр елімізде берілген ипотеканың 66% тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткішті санға алмастырсақ, 82 мыңнан астам заемға тең. Оның әрбір төртіншісі – мемлекеттік бағдарлама аясында берілген берешек. Информбюро биыл баспаналы болуға мүмкіндік беретін Отбасы банкінің жеті бағдарламасына шолу жасап, артықшылықтарын таныстырады.

№1. "Жас отбасы" бағдарламасы

Бұл бағдарламаға заңды некеге тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар қатыса алады. Ол үшін ерлі-зайыптылардың біреуі не екеуі де Отбасы банкінде депозит ашып, кемі бір жыл қаражат жинауы шарт. Сондай-ақ, несие рәсімдеу уақытына дейін аталған депозитке сатып алатын тұрғын үйдің 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткішін 5 ұпайға жеткізу қажет. Айта кетейік, жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу қойылмайды.

  • Мөлшерлеме: жылдық 6% (ЖТСМ 6,3%-дан бастап);
  • Несие сомасы: 100 миллион теңгеге дейін;
  • Несие мерзімі: 6-дан 9 жылға дейін;
  • Кепілзат: сатып алынғалы жатқан жылжымайтын мүлік.

"Жас отбасы" бағдарламасының артықшылығы – несиені жаңа не қолданыстағы үй не пәтерді сатып алып қана қоймай, жер үй салуға не үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуге де пайдалануға болады. Сондай-ақ, 2 жыл өткен соң жылдық мөлшерлеме 5%-ға дейін төмендейтіні (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) тағы бар.

Толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

№2. "Арнау" депозиті

Бұл бағдарлама балалардың болашақта баспаналы болуына арналған. Ата-аналар 18 жасқа дейінгі балаларының атына "Арнау" депозитін ашып, 10 жыл ішінде баспана құнының 50 пайызын жинаса, қалған соманы жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен рәсімдей алады. Бұл ретте бағалау көрсеткіші 48 ұпайға жетуі қажет.

  • Жылдық сыйақы мөлшерлемесі: 2%;
  • Жинақ мерзімі: 10-нан 15 жылға дейін;
  • Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі: 6%-ға дейін (мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда);
  • Жинақ мерзімі біткеннен кейінгі жылдық мөлшерлеме: 2% (ЖТСМ 2,1%);
  • Жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы: 20%;
  • Депозит ашу үшін комиссия: 0%.

"Арнау" депозитін баланың атына тек баланың заңды өкілдері, яғни ата-анасы не қамқоршысы ғана аша алатынын ескертеміз. Ал депозитке қаражатты олардан бөлек, баланың әжесі, атасы, аға-әпкелері, тіпті, ұйымдар да сала алады.

Толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

2021 жылы Отбасы банкінде 600 мыңнан астам жаңа депозит ашылған. Депозиттік портфельдің жалпы сомасы 1,5 млн теңгеге тең. Банкте барлығы 2,1 млн депозит бар.

№3. "Ұмай" әйелдер ипотекасы

Бұл әйелдерге арналған ипотека. Оның көмегімен жаңа не қолданыста болған тұрғын үйді сатып алуға, сондай-ақ жөндеу жұмыстарына несие рәсімдеуге болады. Бұл ретте ескеретін нәрсе – несие жөндеу үшін алынса, оны алушы үйдің иесі болуы керек.
  • Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі: 12% (ЖТСМ 12,2%-тен басталады);
  • Жинақ мерзімі біткеннен кейінгі жылдық мөлшерлеме: 3,5-5% (ЖТСМ 3,6-5,2%);
  • Бастапқы жарна: 15-50%.

Отбасы банкіндегі депозитке бастапқы жарна салу міндетті емес. Бірақ, несие алу үшін төлем қабілетін растауы қажет. Отбасының айлық табысы (күйеуі мен әйелінің) немесе несие алушының бір айдағы кірісі 320 мың теңгеден аспауы тиіс екенін де еске саламыз.

"Ұмай" ипотекасы үй алу үшін 25 жылға дейінгі, ал үй жөндеу үшін 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

№4. "Нұрлы жер" бағдарламасы

Бұл – мемлекеттік бағдарлама. Ол Отбасы банкінің салымшыларына ең тиімді шарттармен жаңа тұрғын үй алуға мүмкіндік береді.

  • Несие мөлшерлемесі: 5%-ға дейін;
  • Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі: 5,2%-дан бастап;
  • Бастапқы жарна: 20%.

Бағдарламаның артықшылығы – салынып жатқан нысаннан пәтерді өз бетіңше таңдауға болады. Сондай-ақ, "Нұрлы жерге" қатысушыларға арналған салықтық жеңілдіктері бар.

Ескерту: Негізгі конкурс әкімдік кезегінде тұрғандар арасында өткізіледі. Бос пәтерлер қалған жағдайда Отбасы банкінің салымшылары арасында қосымша конкурс ұйымдастырылады. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясындағы барлық нысандар туралы ақпарат Baspana market порталында жарияланады.

Толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

Отбасы банкінің Baspana market деп аталатын маркетплейсі іске қосылған. Бұл – Қазақстан азаматтарының бір жерден тұрғын үй таңдап, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш беріп, құрылыс иесінен банк бағдарламалары аясында оңтайлы пәтер таңдауына мүмкін беретін жалғыз портал. Платформаға күнделікті 5 мыңнан астам адам кіреді.

№5. "Бақытты отбасы" бағдарламасы

Табысы төмен отбасыларға арналған бұл тұрғын үй бағдарламасына әкімдік кезегінде тұрған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.

  • Несиенің жылдық мөлшерлемесі: 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап);
  • Бастапқы жарна: 10%;
  • Несие мерзімі: 19 жылға дейін;
  • Несие сомасы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау): 15 млн теңгеге дейін;
  • Несие сомасы (өзге өңірлер): 10 млн теңгеге дейін.

"Бақытты отбасыға" бағдарламасына қатысуға ниетті отбасы табыс көзін растауы міндетті. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің атында басқа үй болмауы шарт. Сондай-ақ отбасы мүшесінің соңғы 6 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Ескерту: тұрғын үйді сіз әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады.

Толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

№6. "Шаңырақ" (5-10-20) жобасы

Бұл жоба "Нұрлы жер" бағдарламасының жаңа бағыты болып табылады және әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға жеңіл шарттармен баспаналы болу мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл ретте  отбасының әрбір мүшесінің айлық табысы 3,7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек.

  • Несиенің жылдық мөлшерлемесі: 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап);
  • Бастапқы жарна: 10%;
  • Несие мерзімі: 20 жылға дейін;
  • Несие сомасы (Нұр-Сұлтан, Алматы): 18 млн теңгеге дейін;
  • Несие сомасы (Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалалары, Қарағанды облысы): 15 млн теңгеге дейін;
  • Несие сомасы (өзге өңірлер): 12 млн теңгеге дейін.

Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алуға болады. "Шаңырақ" жобасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да пәтер сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігі бар құрылыс компанияларынан үлестік қатысу арқылы (пайдалануға берілмеген үйлерден) тұрғын үй сатып алуға болады.

Толық ақпаратпен осы жерден танысуға болады.

Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 2022 жылы банк өз клиенттеріне қазіргіден де сапалы қызмет көрсету мақсатында сервистерді дамытуды жалғастырады. Сондай-ақ, биыл Отбасы банк ұлттық даму институтына айналып, оның базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы ашылады. Ол баспанаға мұқтаж жандарды есепке алуды бір орталықтан жүзеге асырады.

№7. "Әскери баспана" бағдарламасы

Бұл – тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметкерлерге жеңілдігі бар несие беру бағдарламасы. Олар үш несие түрінің бірін ала алады:

  1. Алдын-ала заем:
  • Бастапқы жарна: 15-тен 50%-ға дейін;
  • Сыйақы мөлшерлемесі: 8%;
  • Несиелендіру мерзімі: 25 жылға дейін.
  1. Аралық заем:
  • Бастапқы жарна: 50%;
  • Сыйақы мөлшерлемесі: 6% (ЖТСМ 6,2%-дан бастап);
  • Несиелендіру мерзімі: 25 жылға дейін;
  1. Тұрғын үй заемы:
  • Отбасы банкіндегі шотқа баспана құнының 50%-ын жинақтау.
  • Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 3,5-5%-ға дейін (ЖТСМ 3,6%-дан бастап).
Серіктестер жаңалықтары