Тікелей эфир

535 теңге пітір садақасын онлайн берудің жолдары қандай?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Пітір садақасын 21 сәуірде оқылатын айт намазына дейін берген жөн.

Рамазан айында әрбір мұсылман Ораза айт басталғанша пітір садақасын береді. 2023 жылы пітір садақа мөлшері бір адам үшін 535 теңге деп бекітілді. Пітір садақаны онлайн беруге болады. Осы орайда Информбюро порталы қандай қосымшалар арқылы төлеуге болатынын түсіндіреді.

Бұрын пітір садақаны тек мешітке апарып беру қажет болса, қазір онлайн төлеуге болады. Оның бірнеше жолы бар: 

  1. Банк қосымшалары арқылы. Өзіңіз қолданатын банктің қосымшасына кіріп, "Төлемдер" бөлімінде іздеу деген жерге "садақа" деп жазғанда "Пітір садақа" шығады. Не болмаса сол бөлімдегі төлем түрлерінен "Қайырымдылық" дегенді таңдағанда "Мешіттер" не "Пітір садақа" деп шығады. Кей банк қосымшасында бірден барлық мешіттің аты тізілген. Мешітті таңдаған соң, садақа түрін де таңдау керек. Өйткені мұнда ерікті садақа, зекет, пітір және підия секілді бірнеше садақаны, онымен қоса ауызашар сомасын төлеуге болады. 
  2. Astana-plat қосымшасы арқылы.
  3. Қазпошта қосымшасы Post.kz арқылы. Қосымшаға кіріп, "Төлемдер" бөліміне кіріп, Іздеу деген жерге "садақа" деп жазғанда "Пітір садақа" деп шығады.
  4. Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы. Қосымшаға кіріп, "Менің төлемдерім" – "Қайырымдылық" – "Пітір садақа" командасын орындау керек.  

"Тұратын жеріңіздегі мешітке садақаңызды жіберген соң, сол мешіттің қызметкерлері пітір садақыны тиісті мешіттің тізімінде тұрған кедей-кепшіктерге үлестіреді. Қосымшаларға әр мешітті тіркеп қойғанбыз. Пітір садақа сол жерде тұратын көмекке мұқтаж адамдарға берілуге тиіс", – деді ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы. 

Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы жарғы негізінде қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімімен заттай немесе қаржылай беріледі.

Дегенмен пітір садақаны ораза басталғаннан айт намазына дейін берген жөн. Одан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады. 


Оқи отырыңыз:


Қосымшаларда "Қайырымдылық" дегенді таңдағанда "Зекет" қайырымдылық қоры да шығады. Қор садақа жинағанымен, пітір садақасын бәрібір де мешітке аудару керек.

"Зекет" қайырымдылық қоры зекет жинап, қаражатты жетім-жесірлер, үйсіз-күйсіз қалғандар, пақырлар, білім жолындағы азаматтар, кедей-кепшіктер секілді санаттағы адамдарға үлестіреді. Зекетке зекетті, сондай-ақ ерікті садақа мен ауызашар ақшасын да жіберуге болады", – деді ҚМДБ өкілі. 

Еске сала кетсек, Рамазан айында ораза ұстауға әл-қуаты жетпейтін адамдар мұқтаждарға підия берсе болады. Оның биылғы мөлшері – 3 мың теңге.

Серіктестер жаңалықтары