Тікелей эфир

Қызылшадан қалай сақтануға болады? Дәрігер кеңесі

Қызылшамен вакцина алмаған 5 жасқа дейінгі балалар мен 20 жастан асқандар жиі ауырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2022 жылы әлемде 155 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Биыл бұл дерт Қырғызстан, Ресей, Украина секілді жақын елдерде жиі тіркеле бастады. Қазақстанда соңғы жылдары қызылшамен ауыратындар саны азайды, тіпті, кей жылдары ешқандай жұқтыру дерегі тіркелмеді. Алайда таяуда ғана Түркиядан Ақтөбеге ұшып келген алты жасар баладан қызылша вирусы анықталды. Сондықтан эпидемологтар бұл вирустық инфекцияның қауіпті екенін ескертеді. Кардиохирург Мыңжылқы Бердіқожа болса вакцина алуды қызылшадан сақтанудың жалғыз амалы дейді.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Бұл ауру туралы не білу керек


Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның қызылшаны жұқтырып алуы әбден мүмкін. Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Төртінші күні көзі бөртіп ауырып жүрген адам инфекцияны таратушы көз деуге болады. Бесінші күннен бастап вирус адамға жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойы қызылшаға қарсы иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала үш айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені оның бойында анасынан берілген вирустан қорғайтын ауруға қарсы денелер уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина егілмеген адамда кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

Аурудың негізгі белгілері:

  • әлсіздік;
  • дене қызуының көтерілуі;
  • қабақтың ісінуі;
  • бас ауруы;
  • ұйқысыздық;
  • жалпы мазасыздық;
  • тамаққа тәбеті болмау;
  • шырышты секрециясы бар күшті ринит;
  • құрғақ жөтел;.
  • конъюктивит;
  • 3-8 күнде денесіне бөртпе шыға бастау.

Ауру белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігердің жолдамасымен тағы да қажетті анализдерді тапсыруы ықтимал. Дәрігерлер аурумен қарым-қатынаста болған адамдарың бәрін 21 күн бойы тексереді.

"Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Өйткені бұл инфекцияның емі жоқ. Қызылша деп аталуының да өз мәні бар. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Бұл дерт ертеден белгілі. Қызылша – вирусты инфекция. Статистикаға жүгінсек, вирусты он адамның тоғызы жұқтырады. Сондықтан ол жұқпалы жоғары тыныс алу жолының инфекциясы қатарына жатады  Бұл дерттен менингит секілді әртүрлі асқынулар туындайды. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Қазір ол коронавирус тәрізді жылдам жұғып, тез таралады", – деді дәрігер Мыңжылқы Бердіқожа.


Оқи отырыңыз: Нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев: "Мүгедек ететін аурулар ішінде инсульт бірінші орында тұр"


Нейрохирургтің айтуынша, ұзақ уақыт бойы қызылша ауруының емі табылмаған. Бұл дертті, тіпті, шешектің жеңіл түрі деп санаған. Алайда 18-ғасырда ғана оның жеке ауру екені анықталған. Вакцина ойлап табылғанға дейін ауру балалардың 85 пайызына тарап отырған. Жыл сайын қызылша ауруынан 2,5 миллионнан аса адам қайтыс болған. Эпидемия екі-үш жылда бір қайталанып отырған. Мамандардың айтуынша, бұл дерттен өліп кету қаупі бар. Көбінесе вакцина алмаған адамдарда ауру ауыр өтеді.

"Қызылша науқаспен тікелей қатынаста болғанда ауа арқылы оңай жұғады. Қоздырғышы вирустар екенін алғаш рет бір ғасыр бұрын дәлелденді. Вирустың өзін алғаш рет 1954 жылы америкалық ғалымдар бөліп шығарды. Нобель сыйлығының лауреаты танымал вирусолог Джон Эндерс пен дәрігер Томас Пиблздің бұл орайда еңбегі зор. 1963 жылы Джон Эндерс өндіріп алған штаммнан қызылшаға қарсы тұңғыш вакцина жасап шығарылды. Алайда ол кезде бұл дәрмекті жаппай қолданудың мүмкіндігі болмады. Араға бес жыл салып 1968 жылы америлық микробиологы Моррис Хиллеман тағы бір вакцина жасап шығарды және ол вакцина тарихтағы ең сәтті вакцина деп саналады", – деді Мыңжылқы Бердіқожа.

Оның сөзінше, 1960-жылдары КСРО көлемінде қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстары жүргізіліп, иммундау арқасында қызылша вирусын жеңудің сәті туған. Алайда уақыт өте келе бұл вакцинаның тұрақты иммунитет қалыптастыруға қауқарсыз екені анықталды. Оның себебін мәскеулік ғалымдар ғана емес, қазақстандық ғалымдар да терең зерттеді. Қазіргі уақытта қызылшаға қарсы вакцина құрамында қызылша, қызамық және паротитке қарсы аралас вакциналар бар. Осы үш түрлі инфекциядан сақтанудың жалғыз жолы – иммундау, яғни вакцина алу.

"Елімізде ара тұра қызылша вирусын жұқтыру фактілері тіркеліп тұрады. Кеңес Одағы тараған уақытта жүйелі жұмыстар тоқтады. Вакцина салудан бас тартатындар саны артты. Бұл вакцина бірінші рет бала 12-15 айға толғанда және екінші рет алты жасында салынады. ДДСҰ мәліметінше, 2000 жылдан бері вакциналау әлем бойынша қызылшадан қайтыс болу көрсеткішін 80 пайызға төмендетті", – деді Мыңжылқы Бердіқожа.


Оқи отырыңыз: ХХІ ғасырдың эпидемиясы – аллергиядан құлантаза айығуға бола ма?


Вирустың алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар. Сол үшін дер кезінде дәрігерге жүгіну керек. Көбінесе қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады, көз ауруы барларда соқырлыққа дейін асқыну қаупі болуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиіс.

Мыңжылқы Бердіқожа айтқандай, қызылшаны арнайы емдеу тәсілі жоқ. Науқастар төсекте жатып, сұйықтық көп ішуі керек. Дәрігер науқасқа қызу түсіретін, мұрын бітелуіне және тамақ ауруына қарсы дәрілер мен витаминдер тағайындайды. Ауруы асқынған науқастар ауруханаға жатқызылады.

Қызылшамен ауырмаудың ең тиімді әдісі – вакцина алу. Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина тегін. 

Вирустың алдын алу үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасаған дұрыс. Науқас адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармауға кеңес беріледі. Халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүрген жөн.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары