Тікелей эфир

Көмір жалмаған өмір

Әлемде апат жиі кездесетін әрі құрбаны көп өндіріс қайсы дерсіз?..

Күннің қара қуаты

Ақын Мұхтар Шахановтың тамаша балладасы былай басталатын:

Бұдан миллион ғасыр бұрын
Жер ғарышқа тең шашып жасыл нұрын,
Шабан, мимырт тіршіліктің құшағында күліпті...

Бізге бүгінгі керегі осы үш жолы. Әрі қарай жырланатын ғашықтық хикаясын басқа мақаламыздың бірінде жазармыз. Өйткені, бұл жолғы сөз махаббат емес, апат жайында.

2021 жылғы 7 қарашада Қарағанды облысындағы Абай қаласында апат болғанын бүкіл халық естіді. Бұрқ ете қалған газға 8 шахтер тұншығып, шахта төбесі опырылды. Алтауы опат болып, екеуі ауыр халде ауруханаға түсті.

Алда-жалда әлі кеңес өкіметінде өмір сүріп жатсақ, онда халқымыз бұл туралы құлақтанбай қалуы мүмкін еді. Себебі, қызыл дәуірде 7 қараша – ең үлкен мереке, большевиктік биліктің басталған күні, ондай апат туралы айтқызбасы хақ.

Апат көмір шахтасында орын алды дедік. Ал көмірдің өзі не дегенге жауап іздегенімізде Шаханов балладасының бас жағы өз-өзінен ойға оралған.

Бұдан 3 миллион ғасыр бұрын карбон дәуірі болған және 60 миллион жылға созылған. Онда күн көзі қазіргіден жылы, ал ауада оттегі 35 пайызға жеткен. Еске сала кетсек, қазір Жерді қоршаған ауа қабатында оттегі 21 пайызды құрайды.

Карбон дәуірінде құрылықтың көп бөлігінде биіктігі 40 метрден асатын алып ағаштар өскен. Сүрегінің сыртында қабық жоқ, бүртікті болған. Жаужапырақ сияқты жай шөбіңіздің өзі 20 метрге дейін жеткен. Қалқандай қалың жасыл желек төбедегі күн сәулесін, астындағы шылқыған суды, ауадағы көміртегін қосып органикалық затқа айналдырған.

Осы органикалық зат шөгіп, үстін біртіндеп құм мен лай басып, палеозой мен мезозой дәуірінде қара көмір, одан кейінгі кайнозой дәуірінде, яғни 40-50 миллион жыл бұрын қоңыр көмір пайда болды. Қара көмірдің кесегінен ежелгі өсімдіктердің таңбасын әлі көруге болады.

Мезозой дәуіріндегі орман мен жануарлар. Фото Mustish.moy.su сайтынан алынды

Қара көмір өсімдіктің ең қалың уақытында шөгіп қалғандықтан құрамында көміртегі көп. Бойдағы ылғалы 20 пайыздан аспайды. Қоңыр көмірдің ылғалы 45-60 пайыз арасында. Қарасы қызуды қоңырына қарағанда артық бөледі, содан бағасы қымбат.

Қара көмір және екіге жіктеледі. Кәдімгі және антрацит. Бізді мектепте оқытқанда "ең бағалы көмір антрацит, оның сырты жылтырап тұрады" дейтін. Рас, оның құрамында су мүлде аз, ал органикасы өте мол.

Не керек, карбон дәуірінде сыңсыған ағаш пен шөп күннің қызуымен өскендіктен, тас көмірде оның қуаты сақталған. Сондықтан оны ғалымдар жер астында қалған қара орман дейді.

Германияның Геология ғылымдары мен табиғи ресурстар федералды институтының бағалауынша, жер қойнауындағы көмір қоры 968 миллиард тонна көрінеді. Бұл алуға қолайлы, экономикалық жағынан тиімдісі ғана. Әзірге жыл сайын орта есеппен 8 миллиард тоннасы жер үстіне шығарылып, жағылады. Азия, Солтүстік Америка және Австралия қойнауы қара көмірге бай.

Жаңағы антрациттің ең мол қоры АҚШ-та жатыр. 223 миллиард тонна көрінеді. Қытайда 121, Үндістанда 82 миллиард тонна көмір қоры бар. Карбон дәуірінде қай аймақта алып орман өскенін осыдан білуге болады. 

Бір қызығы, Африкада қоңыр көмір тым аз. Құрылықтың оңтүстігіне қарай әр пұшпағынан тас көмір өндіріледі. Демек, мұнда қалың жыныс палеозой мен мезозой дәуірінде өсіп, кайнозойдан онда табиғи мұра қалмағанын аңғарасыз.

Көмірім мол екен деп, АҚШ оны жанталаса жер бетіне шығарып жатқан жоқ. Бұл жағынан Қытай бірінші орында. 2013 жылы-ақ 3,7 миллиард тонна көмір қазып, әлемдік мөлшердің жартысына жетіп алған. АҚШ-тың әлемдегі үлесі – 12, ал Үндістандыкі – 8 пайыз.  

Болашақта мұнай қоры таусылатыны даусыз. Ал көмір әлі жүздеген жылдарға жетеді. Бірақ, тағы жүздеген жылдар көмір жағамыз десе, адамзаттың өзі көмусіз қалуы мүмкін. Мүмкін емес, анығы солай. 


Оқи отырыңыз: Адамзатты аңдитын құс


Француз қызының аты

Көмір туралы хикаяның бірінші бөлімін Шахановтың өлеңімен бастап едік. Ендеше екінші бөлімде басқа ақынға жүгінелік. Қадыр Мырза Әли:

Кеш ұғып көмір деген жаңалықты,
Кешігіп қазақ қолға шам алыпты.
Апырай, осылай ол аңғармады-ау
Өзінің бойындағы даналықты!

Қазақ жер астының көмірін пайдалана бастағанына екі ғасыр болған жоқ. Оған дейін ұсталар ағашты шала жағып,үстіне су сеуіп көмір еткен. Тілші кезімізде Орталық Қазақстан аймағындағы Кент тауынан көне металлургия орындарын көргенбіз. Бабаларымыз кен қазған. Бірақ көмір қазбаған. Металды балқытатын көмір алу үшін жоғарыдағы тәсілді қолданған.

Қазақ даласында көмірді алғаш Аппақ деген бала тапқаны тарихта таңбаланған. Бұл 1833 жыл еді. Қарағанды басы аталатын сайдан теріп келген деседі. Тарихтағы келесі таңбаланған мерзім 1848 жылдың бірінші сәуірі екен. Қарағанды басын жайлайтын ағайынды Қошқарбай мен Сәттібай деген байлар 100 шаршы верст, қазіргі өлшеммен 113,8 шаршы шақырым алқапты ІІ гильдия көпесі Никон Ушаковқа сатқан. Ол Спасскі мыс зауытын салып, кеніш ашып, кенді Қарағандыдан ашық әдіспен қазып алынған көмірмен балқытады. 

Мұнда алғаш шахта тәсілімен көмір қазуды орыс та, қазақ та, тіпті ағылшын да емес, француз игерген. Клод Карно деген. Оны қызықтырған мыс кені. Еуропа электрленіп жатты да, сым жасайтын мысқа сұраныс еселеп өсті.

Бірақ, Ресейде шетелдіктерге Таскемерден әрі қарай тау-кен ісімен айналысуға шектеу қойылған. Таскемер – Орал тауы ғой. Пысық Карно Спасскі мыс зауытын, Спасскі және Өспен мыс кеніштері мен Соран мен Қарағанды көмір кеніштерін мәскеулік дворян фон Штейн арқылы үш жылға жалға алуға рәсімдеп, кешікпей толық өз атына аударады.  

Карно мыс кеніштеріне еуропалық технология әкеледі. Ал кенді балқытатын көмірді жер астынан қазу үшін шахта салғызған. Оның тереңдігі 37 сажын болған. Патшалық Ресей өлшемін қазіргіге шақсақ – 75 метр деген сөз. Қазылған көмірді жер астынан шығаруға бумен жұмыс істейтін машиналар әкелді. Көмір бар жерде буды бұрқырату қиын емес, осындай бес машина бірден орнатылыпты.

Көмірдің мол қабатына Клод Карно қызының атын қойғызған. Марианна. Біз жастар газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі болып жүргенде көмір өндірісіне қатысты "Жоғары Марианна" мен "Төменгі Марианна" деген тіркестерді талай естідік. Бұл аймақта енді француз Клод Карноны ешкім айтпайды, тіпті ондай адам болғанын біле бермеуі мүмкін, бірақ оның қызының аты ХХІ ғасырға жетті. 

Қарағандының қарқынды дамыған уақыты – екінші жаһандық соғыс жылдары. Өйткені, паровоз бен пароходтың көмейіне кеткенін айтпағанда, танк, зеңбірек, ұшақ, оқ-дәріге қажет бүкіл металл көмірмен балқытылды.

Соғыс жылдары шахтерлер Қарағандының ғана емес, бүкіл ортақ Отанның мақтанышы болды. Әбдірахманов, Сыздықов, Алтынбеков сияқты көмір қазушылар, Күзембаев, Әлкенов, Серіков, Құдайбергенов сияқты шахта басшыларының аттары кең танылды.

Бұрын шахтаға әйел түспесе, енді олар жер астында көмір қазды. Жәкен Мұқанова, Күләй Құлжанова сияқты апалар жоспарды үш-төрт есе орындаған. Ал жоспар ер-азамат үшін белгіленген. Қазақта "қатын қайраттанса, қазан қайнатады" деген мақалдың дұрыс айтылмағанын сол апалар дәлелдеген. Жай қазаныңыз не, домна мен паровоздың қазанын қайнататын көмір қазады екен қайраттанса.

Жер астындағы қатер ерлар аттанған соғыстағыдан кем емес. Майданда қайдан бомба не снаряд жарыларын білмесең, мұнда қашан сығымдалған метан газына тап боларың белгісіз.

Қарағанды көмірі металлургия зауыттарына тасылғаннан басқа бірнеше ондаған жылу-электр стансасында жағылып, орасан зор қуат берді. Бірақ, ғалымдар көмірден электр қуатын алған экология мен денсаулыққа өте зиян дейді. Жалпы көмір өндірісінің өзі табиғатты талқан етерін Қарағандының ескі қаласын аралаған әркім біледі.

Кезінде Сергей Киров та білген. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары сондай көсем болған. Болашағы зор еді. Қарағандыға келіп-қайтқан соң екі айға жетпей қастандықтан қаза тапқан. Сол Киров алғаш "парк жасап, ағаш егіңдер" деген. "Үйлерді саман емес, қызыл кірпіштен салыңдар" деген. "Жолды түзеңдер" деген. Бәрі дұрыс. Тек "біздің жұмысшылар әлі әлемдегі ең қолайлы да әдемі қалада тұрады, сонда капиталистердің аузы аңқайып қалады" дегені дұрысқа шықпады. Өзі тірі болса, орындатар ма еді, кім білген? Әйтеуір Қарағандыда алғашқы тәуір үйлер Кировтың нұсқауымен салынған.

Киров келгеннен кейін Қарағандыда салынған үйлер. Фото автордың архивінен алынды

Оқи отырыңыз: Алыстан жеткен ақиқаттар


Табиғаттың танытқан қарсылығы

Үшінші тарауға өлеңді Тоқаш Бердияровтан алдық. Соғысқа қатысқан ақын және оның нақ шындығын жырлаған:

Қалалар. Разъезд…
Вагоннан жүз түсіп, жүз міндік.
Саратовта қайнатқан котелок картоптың
Сталинградта пісетінін біз білдік...

Бұл – "Ескі паровоз" поэмасынан үзінді. Соғыстың бастапқы кезеңінде бүкіл вагонды Тоқаш ақын жырлап отырған паровоз сүйреді. Ондағы пештің көмейіне көмірді күректеп салатын. Пеш суды бу етеді, бу айналыс береді. Иә, көмірдің металл балқытудан басқа жаппай қолданылған саласы алғаш 1774 жылы жасалған бу машиналары еді. Құрылықта ат пен арба орнына паровоз, суда желкен мен ескек қажетсіз пароход әлемді дамудың жаңа сатысына шығарды.

Табиғат өзінен есепсіз ала бергенге қарсы. Сол қарсылықтың бірі – көмір өндірісіндегі метан газы. Ол да миллиондаған жыл жер астында жатып, әбден сығымдалған. Қолдағы қайланың не көмір шабатын машинаның тұмсығы тиіп кетсе бітті, кәдімгі үрленген шарды түртіп қалған иненің ұшы сияқты астан-кестең жарылыс болмақ. Келесі қатер шахта ішіндегі көмір тозаңынан. Абайсызда ұшқын шықса, ол лап етеді.

Жер астындағы жарылыстың зардабы жер үстіндегіден әлдеқайда қатерлі. Өйткені, улы газ бірден тұншықтырады. Екіншіден, опырылған топырақ үстіден көміп не кері қайтар жолды басып қалады.

Германиядағы Генрих Бёлль атындағы қор мен Ұлыбританиядағы "Жер достары" ұйымы бірлесіп шығарған, саяси ғылымдар докторы Штефани Гролль бас редактор болған "Көмір атласы" атты кітабында ең ірі апаттар көрсетілген. Әр елден бір мысалдан теріп алдық.

Көмір атласы кітабының электронды нұсқасынан скриншот

1906 жылы Францияда "Курьер" шахтасында көмір тозаңына от тигеннен 1 099 адам қаза тапқан.

1907 жылы АҚШ-та Мононга шахтасында көмір тозаңы бұрқ етіп, ресми дерек бойынша 362, бейресми дерек бойынша 500 шахтер өлген. Құрама Штаттардың көмір өндірісіндегі ең ірі апат.

Германияда 1946 жылы Бергкамен шахтасында метан жарылып, 405 адам 930 метр тереңде мәңгілікке қалды. Оның алдында Бокум-Хевель шахтасында 348 адам құрбан болған. Құрбандар саны 200 адамнан асқан тізімде Германия 1970 жылдарға дейін жиі тіркелген.  

Ұлыбританияда 1913 жылы Сенгенид жер асты оқиғасы 440 өмірді қиып кетті.

1960 жылы Оңтүстік Африка Республикасындағы Сасолбург шахтасындағы апатта 435 шахтер қаза тапты.

Жапонияда 1965 жылы Ямано шахтасында метан жарылысының құрбаны 236 адам еді.

Түркия. 1992 жыл. Зоңғылдақтағы шахта. Метан жарылысы. Қиылған өмір 263.

Зимбабведегі Уанки шахтасында 1960 жылы метан 426 шахтерді құрбан қылды.

1975 жылы Үндістандағы Дханбад шахтасында алдымен газ жарылып, соңынан су басып қалған. 372 шахтер құтқарылмады. Олардан басқа ресми тізімге түспеген 130 жалдамалы болған дейді.

Енді іргелес Қытайға келейік. Бір апатта 200 адамнан көп құрбан берген мемлекеттер тізімінде Қытай бірнеше рет кездеседі.  Гуансиде – 200, Фусинде – 210, Датонда – 682 шахтер қаза тапты деп көрсетілгені ештеңе емес, 1942 жылы Бенси шахтасында көмір тозаңынан жарылыс болып, 1 549 адам шыға алмай қалған. Бұл – көмір өндірісінде құрбаны ең көп апат.

Қытайда шахта астындағы оқиға жиі болады. Бір себебі – қауіпсіздік техникасы сақталмайды. Екінші жағынан әлемде көмірді ең көп керексінетін мемлекет. Жылына 4 миллиард тоннаны жақса, оның оннан бірін сырттан сатып алады. Биыл Қазақстаннан да алып жатыр.

"Көмір атласында" тізбеленген шахта апаттарын бажайлап отырсақ, табиғат осылай қарсылық танытады екен. Түсінгенге.

Қазақстанда 200 адамнан асқан құрбан болмағандықтан "Көмір атласындағы" тізімге түспеген. Бірақ, тәуелсіз ел атанғалы шерлі шежіреміз бар. Метан газының жарылысы тіркелген 1994 жылы "Ақтас" шахтасында – 11, сол жылы "Қазақстан" шахтасында – 14, 1995 жылғы Ленин атындағы шахтада –13 адам құрбан болды.

ХХІ ғасырдың басы апат құрбандарын еселеп кетті. 2006 жылы Ленин атындағы шахтада метан газы жарылып, 41 шахтер қаза тапты. 2008 жылы "Абай" шахтасындағы метан 30 адамды жалмады. Одан бәсеңсіп, "Саран" шахтасында – 4, "Қазақстан" шахтасында – 3 адамның өмірін қиған оқиғалар тіркелді.

Қазір әлем көмір өндіруді азайту үстінде. Өйткені, Жер шарына ең үлкен апат осы көмір шығарып, оны жаққаннан келіп жатыр. 200 не, бүкіл адамзатты құрбан ететін шекке жақындап қалдық. Көмірдің кесірінен. Сонда көмірлі аймақты Ушаковқа сата салған баяғы Қошқарбай мен Сәттібай аталарымыз дұрыс істеген сияқты ма?..

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары